Accessibility links

Министр кінәсіздігіне сенген орынбасар сотталды


Қазақстан ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Мүсілім Өміраев. Астана, 6 тамыз 2013 жыл.
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Мүсілім Өміраев. Астана, 6 тамыз 2013 жыл.

Астананың қылмыстық істер бойынша соты бұрынғы ауылшаруашылық вице-министрі Мүсілім Өміраевты 10 жылға бас еркіндігінен айыруға үкім шығарды. Бұған дейін министр Асылжан Мамытбеков орынбасарының кінәлі екені сотта дәлелденсе отставкаға кететінін айтқан еді.

16 қазан күні Астананың қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ербол Рақымбеков бұрынғы ауыл шаруашылық вице-министрі Мүсілім Өміраевқа шығарылған үкімді жария етті.

Сот Мүсілім Өміраевті Қазақстан қылмыстық кодексі 311-бабының 5-бабы бойынша («Пара алу») айыпты деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады. Сонымен бірге сот Мүсілім Өміраевты мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында 7 жылға дейін лауазымды қызмет атқару құқығынан айыруға үкім еткен.

Мүсілім Өміраевтың қылмыстық ісі бойынша сот қыркүйектің 2-інде басталған еді. Сот кезінде ол өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтып, өзіне қарсы куәлік беру үшін негізгі куәгерлерге «қылмыстық кодекстің 312-бабы бойынша айып тағылып, қысым жасалғанын» мәлімдеген.

«Барлық тергеу жұмыстары «пара алғанымды» көрсетуге бағытталды. Куәгерлер маған қарсы куәлік бермейінше оларға қысым көрсетілді. Олар сөздерін өзгертіп, маған қарсы куәлік бере бастаған соң тергеушілер оларға тағылған бапты өзгертіп, қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Іс материалдарында бұның барлығы бар» деген сотталушы.

Сот процесіне қатысқан прокуратура өкілі судьядан айыпкер Мүсілім Өміраевты кінәлі деп тауып, оған 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Мүсілім Өміраевті полиция былтыр 21 желтоқсан күні «жеке кәсіпкерден тендерді жеңіп алуға көмектесу үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған» деген күдікпен ұстаған. Ұсталған күні оның үстінен «аса ірі көлемде пара алу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

ҰЖЫМДЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ЭТИКА

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков орынбасары болып істеген Мүсілім Өміраев ұсталғаннан кейін «оның кінәлі екені сотта дәлелденсе, отставкаға кететінін» айтқан еді.

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.

Өміраевқа үкім шыққан күні Мамытбековтің осы мәлімдемесіне орай ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарласқан Азаттық тілшісі министрліктің баспасөз қызметінен "бұл жөнінде әзірге ешқандай ақпарат бере алмаймыз" деген жауап алды.

Саясаткер Әміржан Қосанов Асылжан Мамытбековтің орынбасары ұсталған кезде айтқан пікірін жауапты мәлімдеме деп санайды. Оның сөзінше, министрді мұндай мәлімдеме жасауға екі жайт итермелеуі мүмкін: «Асылжан Мамытбеков орынбасарының былыққа қатысы жоқ екенін анық біледі немесе сот шешімі Мүсілім Өміраевтың пайдасына шешілетініне сенімді болған».

– Әдетте қазақстандық тәжірибе бойынша министрдің орынбасары әсіресе қаржы мәселесі бойынша министрдің келісімінсіз әрекет ете алмайды. Сол себепті Асылжан Мамытбеков уәдесін орындамаса, биліктің имиджіне әсер етеді. Әрине, басқа да бір қадамдар жасап, шартты түрде отставкаға кетіп, премьер-министр оны кері қайтаруы да мүмкін. Ондай бюрократиялық ойындар Қазақстанға таңсық емес, – дейді саясаткер.

Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 10 желтоқсан 2013 жыл.
Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 10 желтоқсан 2013 жыл.

Әміржан Қосановтың айтуынша, ірі ведомстводағы жемқорлық әрекеттерге байланысты ұжымдық жауапкершілік қалыптастыратын дәстүр болмайынша жемқорлықпен күрестен нәтиже күту қиын.

Ал Caspian Bridge ақпараттық сараптамалық орталығының директоры, мемлекеттік институттар жөніндегі саяси сарапшы Дархан Уәлиханов орынбасарының қылмыстық әрекеті үшін бастығының орнынан кету фактілері Қазақстанда сирек болса да кездесетінін айтады.

– 2008 жылы сол кездегі салық инспекциясының төрағасы Нұрлан Рахметов орынбасары сотталғанда өз еркімен кеткен болатын. Ол "салық инспекциясының корпоративтік этикасы бойынша кеттім" деп мәлімдеген еді. Корпоративтік этика мәселелері жемқорлыққа қарсы заңда да, мемлекеттік қызмет туралы заңда да, мемлекеттік қызметкердің ар-намыс кодексінде де айтылған, – дейді Дархан Уәлиханов.

Облыстық не жергілікті жерлердегі кейбір басшылар да осындай оқиғаларға байланысты қызметінен кеткенін білетінін айтқан Дархан Уәлихановтың пікірінше, әртүрлі заңдар мен кодекстерде корпоративтік жауапкершілік туралы сөз болғанмен декларативті күйде қалған. Сарапшының пікірінше, ол заңдарды іске асырудың нақты тетіктері қарастырылмаған - сол себепті ірі шенеуніктердің қызметінен кетуіне де, кетпеуіне де болады.

XS
SM
MD
LG