Accessibility links

Назарбаев елді сайлауға шақырды


Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Aлматы, 18 сәуір 2015 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Aлматы, 18 сәуір 2015 жыл.

Астанада президент сайлауына 3 күн қалғанда Қазақстан халқы ассамблеясында сөйлеген президент Нұрсұлтан Назарбаев «қазақстандықтардың 93 пайызынан көбі елдегі жағдайға риза» екенін айтып, халықты «елдегі тұрақтылықтың» қадірін білуге шақырды.

23 сәуірде Астанада Қазақстан халқы ассамблеясының 22-сессиясында сөйлеген президент Нұрсұлтан Назарбаев «бүкіл Қазақстандағы азаматтардың көңіл-күйін бақылаған Ұлыбритания социологиялық қызметтерінің бірінің» зерттеуіне сілтеме жасаған.

— Міне, бұл - баршаларыңыздың және оның ішінде менің де еңбегіме берілген басты баға. Бұл - конституциямыздың «Біз – Қазақстан халқы» деген алғашқы жолында толық қамтылған негізгі принциптің салтанат құруы, - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Наазарбаев.

Президент Қазақстан халқы ассамблеясы елдің ішкі саясатына жүзеге асыру мен «жалпымемлекеттік кешенді міндеттерді» шешуге қатысуы үшін арнайы бағдарлама құрастыруды ұсынды. Оның пікірінше, Қазақстандағы тұрақтылықтың тарихына айналған халық ассамблеясы келешекте «халықтың саясаттан үстем өкілдігінің ерекше механизмі ретінде қоғамдық бақылауда маңызды рөл атқаруы тиіс».

Назарбаев Қазақстанда тағы бір мереке - барлық этностардың бір-біріне және өздерін туған бауырындай қабылдап, мейірім танытқан қазақтарға алғыс білдіру күнін атап өтуді ұсынды.

Астанада Қазақстан президенті елде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің әр аймақтан жиналған бір жарым мың делегатының алдында сөз сөйледі. Назарбаев Қазақстанға әр жылдары жер аударылған тұтас халықтардың өкілдерін «вагондардан түз далаға лақтырып кетіп отырғанын», ал «қазақ отбасылары өздері аш-жалаңаш отырса да, оларды саманнан соғылған үйіне паналатқанын» айтты.

— Ассамблеяға бұрынғысынша ұлтаралық қатынастар саласын саясиландыруға жол бермеу міндеті жүктелген. Біз кімнің тарапынан болсын, кез келген формадағы радикалды ұлтшылдықтың жолын кесеміз. Біздің халықтың бойында түрлі радикалдық үндеулер мен арандатуларға қарсы белгілі бір иммунитет қалыптасып үлгерді. Бірақ халық ассамблеясы қоғам тынысын ұдайы бақылауында ұстап, тиісті мемлекеттік органдармен бірге алдын ала шаралар қолдануы тиіс, - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Биыл ақпанда Қазақстан халқы ассамблеясы президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді ұсынған. Олар сайлау өткізу қажеттігін «жаһандық сынақтардан сәтті өтуі үшін ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жалпыхалықтық сенім білдірудің жаңа мандатын беру қажеттігімен» түсіндірген.

Ассамблеядағы сөзінде президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушыларды 26 сәуірде кезектен тыс президент сайлауына келіп, дауыс беруге шақырды. Президент Назарбаев «Сайлауға қазақстандық сайлаушылар барынша көп қатысса, әлемнің біздің елге деген құрметі артып, еліміздің ауыз бірлігі мен тұрақтылығын дәлелдейміз және алдымызда тұрған аса маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін өздеріңіз сайлаған президенттің беделі күшейеді» деп мәлімдеді.

Бұл сайлауда қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекелестері – кәсіподақтар федерациясы төрағасы Әбілғазы Құсайынов пен билікшіл коммунистік халықтық партиясының жетекшісі Тұрғын Сыздықов.

Бұның алдындағы мерзімінен ерте президент сайлауы 2011 жылы өтіп, "95,55 пайыз дауыс алды" делінген Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаз деп жарияланған. Биыл 75-ке толатын Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылдан бері үздіксіз билікте отыр.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG