Accessibility links

"Вашингтон таймс" газетінің оқырманы осы басылымдағы Назарбаевтың мақаласын сынайды


Ыстық көл жағалауында Н. Назарбаевқа орнатылған ескерткіш. Чолпон ата, маусым, 2007 жыл.
Ыстық көл жағалауында Н. Назарбаевқа орнатылған ескерткіш. Чолпон ата, маусым, 2007 жыл.

Жақында Қазақстан президентінің мақаласын жариялаған «Вашингтон таймс» газетінің Салли Такер деген оқырманы басылымның бүгінгі санында Қазақстан бір ғана адам үстемдік құрған биліктен бас тартуы керек деп өз пікірін білдіріпті.


"БУЫНЫ БЕКІМЕГЕН" ДЕМОКРАТИЯЛАР УӘДЕСІ

«Вашингтон таймс» басылымы қыркүйектің 8 жұлдызындағы санында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстандағы демократия жөніндегі мақаласын жариялапты. Онда Қазақстан Республикасының президенті өз еліндегі саяси жүйені халықаралық аренадағы дамушы әрі жаңа демократия ретінде бейнелеуге талаптанған.

Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында Қазақстан Республикасына «бұғанасы қатып,буыны бекіп үлгірмеген дамушы демократия» деп баға береді. Сонымен қатар, қазақ елі Ресей, Америка, Қытай және басқа да бірқатар державалардың бәсекелес мүдделері мен ықпалының «қоршауында» отыр деген ой арқылы ол оқырман назарын елдің ерекше бір ахуалда екендігіне аударады. «Қазақстан тәрізді дамушы демократиялар ... (халықаралық) бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан (көбіне) сырт қалып отырса да, дүниежүзілік аренада бостандық сүйгіш елдердің игілігі үшін алыс болашаққа апаратын маңызды рөль атқарып, жауапкершілік алып отыр», - деп атап көрсетеді ҚР президенті.

Тәуелсіздік кезіндегі Қазақстан Республикасының қол жеткізе алған жетістіктері ретінде ел басшысы Совет Одағынан қалған ядролық қару-жарақтан бас тарту, Семей ядролық полигонын жабу, халықаралық қатынастар саласында ислам әлемі мен Батыс арасында арағайын рөлін атқаруға ұмтылу, тағысын-тағы осы тәрізді дәйектер келтірген.

«Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда жаңа экономикалық әрі саяси үлгідегі құрылыс орнату және біз өзіміздің болашағымыз бен берекеміз Батыстағы сауда мен қауіпсіздік саласындағы қарым – қатынастарға негізделгеніне шүбәсіз сендік»,- деп жазады Назарбаев.

Қазақстандағы жоғарғы биліктің іс - әрекетін сипаттай отырып, ҚР президенті «өзін толықтай демократиялық құндылықтар, заңның үстемдік құруы, ашықтық, төзім мен ашық сауданың салтанат құруына арнаудың тұрақтылыққа мықты, білікті деген орташа таптың пайда болуына алып келгенін» оқырман есіне сала кетеді.

Сонымен қатар, ол келесідей тоқтам жасайды: «Мемлекет құруда прагматизм өте қажет осындай ұстаным одақтастардан идеологиялық "крест жорығынан" гөрі көбірек түсіністік тудырады. Дамушы демократиялық мемлекеттер бұл сынақты түсінеді, сондықтан да олар Америка іс жүзіне асыру үшін 200 жылдан астам уақыт сарп еткен экспериментке ондаған жыл ішінде қол жеткізуге талпыныс білдіріп жатыр. Ұжымдық көшбасшылық – бұл біз ойнай алатын маңызды рөл болып табылады әрі осы арқылы біз басқаларға үлгі - өнеге көрсете аламыз».

"ЖАЛҒЫЗ АДАМНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҚ БИЛІГІНЕН АРЫЛУ"

Қыркүйектің 10-шы жұлдызында жарық көрген санында «Вашингтон таймс» басылымы Салли Такер деген оқырманның Қазақстан президентінің жоғарыда сөз болған мақаласына жауап пікірін жариялапты. Ол Назарбаев пен оның билігін «өзім білемге салынған өктемшіл» деп сынап, Қазақстанды демократияландыруға басты бөгет болып отырған нақ осы Астанадағы қазіргі саяси режим дейді.

«Егер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі айтып отырған "Жас демократиялық мемлекеттер уағдасына" сенсе, онда оның өзі неге ол уағыздап отырған нәрсесін іс жүзіне асырмайды?» деген сауал қояды Такер. Такердің пікірінше, «Назарбаевтың Қазақстаны түбірімен демократиялық емес ел болып табылады. Қазақстан демократиялыққа сынақ болып табылатын емтиханның бірінші сатысынан – ақ мұрттай ұшып кетеді, себебі бұл елде еркін сайлау мүлде өткізіліп көрген емес. 1989 жылдан бері тағында тапжылмай отырған Назарбаев мырзаның арқасында Қазақстан совет кезінде қандай болса, әлі сондай күйде қалып отыр – мемлекетті бірпартиялық жүйе билейді әрі оның басындағы президент сот билігіне де, заң шығаратын органға да (парламентке) бір өзі үстемдік жүргізеді, сондай-ақ, оның билік құру мерзіміне еш шектеу қойылмаған».

Сонымен қатар, Салли Такер АҚШ мемлекеттік департаментінің Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты баяндамасындағы келтірілген деректерді еске салады. Осы ретте ол «өткен аптада ғана Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтистің "арнайы ұйымдастырылған" соттың шешімі бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылғанын» тілге тиек етеді. Такер Евгений Жовтистің соты әділетсіз өтті деп есептейді.

Өз мақаласының соңында «Вашингтон таймс» басылымының оқырманы Салли Такер «Қазақстанды дамушы демократия елі санатына жатқызу үшін, ең алдымен бұл мемлекет өз ішінде 20 жыл бойы билік құрып келе жатқан бір адамның жеке-дара үстемдігінен құтылуы тиіс» деген тұжырым жасайды.
XS
SM
MD
LG