Accessibility links

Жаңаөзендік мұнайшылар қайта ереуілдеп басылды


Ереуілге шыққан "Мұнайфилдсервис" жұмысшылары. Жаңаөзен, 24 шілде 2012 жыл. YouTube видео-порталынан алынған сурет.
Ереуілге шыққан "Мұнайфилдсервис" жұмысшылары. Жаңаөзен, 24 шілде 2012 жыл. YouTube видео-порталынан алынған сурет.

«Мұнайфилдсервис» компаниясының басшылығы тапсырыс азайып кетсе де, мұнайшыларды уақытша демалысқа жіберуді тоқтатып, «тектен-тек ақша төлеп» отырғанын айтады.

Шілденің 24-інде Жаңаөзендегі «Мұнайфилдсервис» компаниясының жүздеген жұмысшысы өздерінің уақытша жұмыстан шығарылуына байланысты наразылық танытып, мекеме басшылығының алдында ереуіл жасаған болатын. Ақырында оқиға орнына компания басшылығымен бірге жергілікті әкімшілік өкілдері де келіп, «жыл соңына дейін жұмыссыз қалмайсыңдар» деп уәде бергесін жұмысшылар тараған еді.

Қазір жұмысшылар «Өзенмұнайгаздан» түскен жекелеген тапсырыстарды орындап, жұмысқа шығып жатыр.

Бірақ компания басшылығы жұмысшыларды мұндай тапсырыстармен тұрақты түрде қамтамасыз ете алатынына күмән келтіріп отыр.

«570 ЖҰМЫСШЫ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛУЫ ЫҚТИМАЛ»

Шілденің 26-сы күні Азаттық тілшісіне берген сұхбатында «Мұнайфилдсервис» ЖШС-нің бас директоры Демеу Дүйсенғалиев ресейлік қосалқы мердігер ООО «Катко нефть» компаниясының мекемемен жұмыс жасаудан бас тартқанын, сондықтан жұмысшыларға түсетін тапсырыстар тоқтап қалғанын айтты.

– Ресейлік компания бізді сотқа береміз деп қылғындырып жатыр. Мекеменің қарызы көп. Уақытында ақша төлемейміз. Олар саяси жағынан да қарап, мүлде Қазақстаннан кетеміз деп жатыр. Қазір басқа қосалқы мердігерді іздеп жатырмыз. Бұған дейін басқа мердігер тапқанша жұмысшыларды амалсыздан жалақысының жартысын төлеп уақытша демалысқа шығару туралы бұйрық шығарған едік. Айғай-шу болып, қаланың, облыстың әкімшіліктері бар, бәрі бұл бұйрықты кері қайтарғызды. Жұмысшыларды дайындық жасайды, әйтеді-бүйтеді деп жұмысқа шығарып жатырмыз. Байқайтын шығарсыз, бұл тектен-тек ақша төлеу. Енді оған бара-бара күшіміз жетсе, - деді Демеу Дүйсенғалиев.
Ереуілдеп тұрған "Мұнайфилдсервис" жұмысшылары. Жаңаөзен, 24 шілде 2012 жыл. YouTube видео-порталынан алынған сурет.
Ереуілдеп тұрған "Мұнайфилдсервис" жұмысшылары. Жаңаөзен, 24 шілде 2012 жыл. YouTube видео-порталынан алынған сурет.

Оның айтуынша, Қазақстанда мұнай ұңғымаларына күрделі жөндеу жасайтын және мұнай-газ скважиналарындағы қабаттарда гидравликалық жарылыс жасайтын «Катко нефть» тәріздес компания жоқтың қасы.

– Мұнда осы жақын айналада жүрген бір-екі компания бар. Солармен сөйлесіп жатырмыз. Қалай болатыны әлі белгісіз. Қазір «Капремонт» деген компания жұмыс береміз деп жатыр. Тендерге қатысамыз, - деді Демеу Дүйсенғалиев.

«Мекеме неліктен қарыз болып қалды?» деген сұрағымызға ол бұл мәселеден көп хабары жоқтығын, бұл қызметке бір ай бұрын тағайындалғанын айтты.

Дүйсенғалиевтің сөзінше, «Мұнайфилдсервис» компаниясында 570 адам жұмыс жасайды.

«Мұнайфилдсервистің» жұмысшысы Ахмет Сүйірханның айтуынша, «басшылық Өзенмұнайгаздың басшыларымен келісіп, тапсырыстар алған».

«Кешеден бері жұмыс қалыпты жүріп жатыр» деді ол.

Компанияның өзге жұмысшыларымен сөйлесудің сәті түспеді.

«Мұнайфилдсервис» компаниясы жерасты мұнай ұңғымаларына күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысады.

САЯСИ ТАЛАП

Бұған дейін жаңаөзендік тағы бір компанияның наразылық акциясын өткізгені туралы хабар тараған болатын. Кейбір жергілікті ақпарат құралдары шілденің 25-і күні «Бұрғылау» ЖШС жұмысшыларының екі сағат уақытқа жұмыстарын тоқтатып, Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталған азаматтарды босатсын деген талап қойғаны туралы ақпарат шықты.

«Облыстық сотта Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталған мұнайшылардың апелляциялық шағымы қаралар уақытта шамамен екі мың адам қамауда отырған өздерінің әріптестерінің босатылуын талап етпек болып кәсіпорын территориясына жиналды» деп жазылған интернеттегі хабарламада.

Шілденің 26-сы күні есімін айтпаған «Бұрғылау» компаниясының жұмысшысы жұмыстың екі сағатқа тоқтағанын растады. Бірақ оның себебін айта алмайтынын, өзіне бұл туралы айтуға тыйым салынғанын, телефоны тыңдалатынын айтты.

Ал «Бұрғылау» ЖШС-нің өндіріс бөлімінің бастығы Ерлан Макеев бұл ақпаратты мүлде жоққа шығарды.

Маусымның 4-і күні Ақтауда Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталған 37 азаматқа қатысты сот үкімі шығып, 13 азамат үш және жеті жыл аралығында сотталған еді.

Бұл іске қатысты аппеляциялық шағым тамыздың 2-сі күні қаралады деп хабарланған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG