Accessibility links

Мұнайшылар ереуіліне арналған сурет көрмесі көшеде өтті


«Мұнайшылар ереуіліне бір жыл» атты фотокөрмені көруге келген жұрт. Алматы, 15 мамыр 2012 жыл.
«Мұнайшылар ереуіліне бір жыл» атты фотокөрмені көруге келген жұрт. Алматы, 15 мамыр 2012 жыл.

Janaozen.net порталы мен фотограф Асылхан Әбдірайымұлы ұйымдастырған «Мұнайшылар ереуіліне - бір жыл» атты фотокөрме мамырдың 15-сі күні Алматы қаласының Қазақфильм ықшам ауданындағы тар көшеде өтті.

«Мұнайшылар ереуіліне - бір жыл» атты бұл көрме таңертең сағат 11-де басталуы тиіс болатын. Алайда көрме орнына жұртшылық барған кезде Janaozen.net порталының бас редакторы Қасым Аманжолұлы коттедж иесінің кенеттен телефонын сөндіріп, ұшты-күйлі жоқ боп кеткенін хабарлады.

- Бұл үй алдын-ала алатын ақшасын алып, келісімге қол қойып отырған. Бірақ бүгін үйдің қожайыны таң ата есігін жауып, итін байлап, сурет көрмесін өткізуге әдейі кедергі жасағандай болып, ұшты-күйлі жоғалып кетті, - деді Қасым Аманжолұлы.
Ұйымдастырушылар суреттер ілінген стендті көшеге қойып жатыр. Алматы, 15 мамыр 2012 жыл.
Ұйымдастырушылар суреттер ілінген стендті көшеге қойып жатыр. Алматы, 15 мамыр 2012 жыл.

Ол сөз арасында көрмені қаладағы арнайы галереялар мен залдарда өткізуге тырысып көргенін, алайда «Жаңаөзен деген атауды ести сала олардың барлығы ат-тонын ала қашқанын» айтты.

Бірақ ұйымдастырушылар көрме өтуі тиіс үйге қарама-қарсы орналасқан шарбақтарға суреттерді іліп, көрмені көшеде өткізді.

«ЕКІ КҮН ҰЙЫҚТАЙ АЛМАДЫМ»

Көшеде өткен көрмеде Жаңаөзен оқиғасына қатысты 100 шақты сурет қойылды. Ұйымдастырушылар бұл суреттерді мазмұны жағынан үш бөлікке бөліпті: ереуіл басталған кез (еңбек дауының басы), Жаңаөзен оқиғасы және оқиғадан кейінгі кезең.

Фотограф Асылхан Әбдірайымұлы мұнда өзі түсірген суреттермен қатар өзге басылымдардың тілшілері жіберген фотолар да ілінгенін айтты.

- Мұнда түрлі басылымдардың фотографтары, тілшілері түсірген суреттер бар. Сонымен бірге оқиға кезінде әуесқойлар түсірген суреттер де ілінген. Біз бұған дейін хабарландыру берген болатынбыз. Өз басым Жаңаөзенде былтыр ереуіл кезінде болғанмын. Екі күн бойы сондағы ереуілшілердің жағдайымен танысып, фото түсірдім. Ал оқиға кезінде мен болған жоқпын. Суреттерді жинақтау, сұрыптау қиын тиді. Мәйітханаларда түсірілген суреттер, жаралылардың суреттері бар - екі күн ұйықтай алмай қойдым, - дейді фотограф Асылхан Әбдірайымұлы.

Көрмеге саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, журналистер, қарапайым тұрғындар қатысты. Шарада полиция өкілдері болған жоқ.​

Көшедегі көрме көріністерін мына жерден көре аласыз:
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG