Accessibility links

Шетпе мұнайшылары «жұмыс істемесек те жалақы алып жүрміз» дейді


Шетпе оқиғасы бойынша айыпталушылардың адвокаттары, сот залы. Ақтау, 17 сәуір 2012 жыл.
Шетпе оқиғасы бойынша айыпталушылардың адвокаттары, сот залы. Ақтау, 17 сәуір 2012 жыл.

«Жұмыс істеткізбей-ақ жалақы төлеу – таңғаларлық жағдай. Бұл – біздің талаптарымыздың орынды, дұрыс екендігінің белгісі, соны мойындағаны» дейді Ақтау қаласында өтіп жатқан «Шетпе сотына» қатысушы мұнайшылардың бірі.

2011 жылы желтоқсанның 17-сі болған Шетпе оқиғасына байланысты сот Ақтау қаласындағы оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығында өтіп жатыр. Бұл процеске қатысуға келген жұртшылық сот залына есік алдындағы полиция қызметкерлерінің қатаң тексеруімен өтеді.

Бұл тексерістің тәртібі әуежайдағы тексеріске ұқсайды. Қолына сөмке немесе қандай да бір қалта ұстағандар болса, онысын полиция қызметкеріне түгел ашып, қуыс қалдырмай көрсетуге міндетті. Содан кейін қолына арнайы аппарат ұстаған полиция қызметкері сотқа кіретін адамның тұла-бойын тінтіп шығады. Ондайда қалта түбінде қалып кеткен уақ тиындардың да «тиын екенін дәлелдеуге» тура келеді.
Шетпе соты өтіп жатқан ғимаратқа кіре берісте сотқа қатысушыны тексеріп жатқан полиция қызметкері. Ақтау, 23 сәуір 2012 жыл.
Шетпе соты өтіп жатқан ғимаратқа кіре берісте сотқа қатысушыны тексеріп жатқан полиция қызметкері. Ақтау, 23 сәуір 2012 жыл.

Тексерістен өтіп, қойны-қонышында қауіп төндіретін зат жоғы белгілі болған адам ғана ұялы телефонын полицияға өткізіп, әрі кетуіне болады.

Күніне бірнеше рет қайталанатын бұл процеске сотқа қатысқалы келген жұртшылықтың да бойы үйрене бастады. Күніне өзі де екі рет тексерістен өтетін Азаттық тілшісі «сот залына қауіпті заттар өтіп кетпеуі керек» деген ойды әр тексеріс сайын есіне алып тұрады.

Бірақ шығарда қиынырақ. Залдан бір мезгілде шыққан ондаған адам ұялы телефонын алу үшін кезекке тұруы керек. Міне осылай бірнеше күн бірге кезекке тұрып, бірге жүргендер біртіндеп жүзтаныстарға айналды. Бүгін соның ішінде шетпелік үш жігітпен сұқбаттасып қалған едік.

«ЖҰМЫС ЖОҚ, ЖАЛАҚЫ БАР»

– Қоғамда болып жатқан оқиғаларға жай қарап отыра алмаймын. Оның үстіне Шетпенің 90 пайызы бірін-бірі таниды. Сотталушылардың арасында өз құрдастарым да бар. Олардың айтып отырғандары рас. Сот әділ жүрсе ақталып шығады, – дейді жасы 35-тер шамасындағы Берік Атабаев.

Өзін «ереуілдегі мұнайшымын» деп таныстырған Атабаев «Қаражамбасмұнайгаздың» мұнайшылары 2011 жылдың мамыр айынан бері ереуіл жасап жатқанын айтты. Берік Атабаевтың сөзіне қарағанда, «Бұл ереуіл Жаңаөзен оқиғасынан кейін де аяқталмай, әлі күнге жалғасып жатыр. Қазір 50-60 ереуілші Ақтау қаласындағы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының алдына кезек-кезек жиналады. Бірақ арадағы еңбек дауы әлі шешімін таппаған» .
Берік Атабаев Шетпе сотында. Ақтау, 20 сәуір 2012 жыл.
Берік Атабаев Шетпе сотында. Ақтау, 20 сәуір 2012 жыл.

– Өткендегі оқиғадан кейін «елбасының тапсырмасымен» деп бұрғылау мекемесін ашып еді. Оның да болашағы бұлыңғыр. Тек офисі ғана бар бұл мекеме Ақтауда. Барлығы мыңға жуық жұмысшы тіркелдік. Негізінен Шетпенің адамдары. Жаңаөзенде мұндай басқа мекеме бар. Қаңтар айынан бастап жалақы беріп жатыр. Бірақ жұмыс жоқ. «Өзіміз хабарласамыз» деген соң күтіп жүрміз, – дейді Берік Атабаев.

Оның сөзіне қарағанда, «жұмысшыларға бұрынғы жұмыс істеп жүрген кездегі жалақыларын берген». Мәселен, ол 4 разрядты жүргізуші ретінде 120 мың теңге алады. Ең жоғарғысы – 6 разряд.

– Жұмыс істеткізбей-ақ жалақы төлеу – таңғаларлық жағдай. Демек бұл - біздің талаптарымыздың орынды, дұрыс екендігінің белгісі, соны мойындағаны. Бұл мекеме «жұмыс басталғаннан кейін жалақыларыңыз көтеріледі» деп уәде беріп отыр, – дейді Берік Атабаев.

Оның айтуынша, «қазір Шетпе тұрғындарының совет өкіметі кезіндегідей қолға мал ұстай қоярлықтай жағдайы да жоқ. Маңғыстауда су тапшы – кен орындары ашылған сайын азын-аулақ бұлақтардың да көзі бітеліп, суы тартылады».

– Соңғы жылдары жерімізге шөп те шықпайтын болып бара жатыр. Мұнай өндірісі ұлғайған сайын жайлау тарылып келеді, – дейді Берік Атабаев.

Ол зайыбының да жұмыс істейтінін айтты. Бірақ вахтер болып істейтін ол кісінің табысы 20 мың теңге көрінеді.

«ЖАҢАӨЗЕН ШЕТПЕГЕ РАХМЕТ АЙТЫП ЖАТЫР»

Шетпеге оқиғасына байланысты сотқа тұрақты қатысып жүрген тағы бір тұрғын, 1976 жылы туған Қайсар Аққұлов айыпталушылардың ішінде туған інісі отырғанын айтты.
Қайсар Аққұлов Шетпе сотында. Ақтау, 20 сәуір 2012 жыл.
Қайсар Аққұлов Шетпе сотында. Ақтау, 20 сәуір 2012 жыл.

– Бес баласы бар інімді оқиға болғаннан соң, 70 күннен кейін қамады. Оның көтеріліске қатысқанын көрген ешкім жоқ. Үкімет тек өз адамдарын ғана куә етіп отыр ғой, – дейді ол.

Қайсар Аққұлов «осы мұнайдың айналасында бір-бір жұмыс істеп, тарағандардың бірі» екенін айтып, «Шашымыз түсті, үстімізге бірдеңелер шыққан соң мұнайды тастап, «Газ-53» көлігіммен әркімнің шаруасын бітіріп, нәпақа табуға көштім» дейді.

Оның айтуына қарағанда, «Шетпе жұртына жаңаөзендіктер рахметін айтып жатыр. Шетпе мен Жаңаөзеннің арасы 150 шақырым болғанымен ағайын-туыстар екі жақта жеткілікті».

Қайсар Аққұловтың сөзіне қарағанда, Шетпенің еңбекке қабілетті адамдарының жартысы жұмыссыз.

– Жұмысқа кіру үшін беретін пара екі мың доллардан басталады, – дейді ол.

«ӘКЕМНІҢ ЗЕЙНЕТАҚЫСЫНА ҚАРАП ҚАЛДЫҚ»

Азаттық тілшісі Шетпе сотына келіп жүрген адамдардың тағы бірі Жұмағали Қозығараевты сөзге тартқан еді.
Жұмағали Қозғырағарев Шетпе сотында. Ақтау, 20 сәуір 2012 жыл.
Жұмағали Қозғырағарев Шетпе сотында. Ақтау, 20 сәуір 2012 жыл.
«2011 жылы «Қаражамбасмұнайгаз» компаниясынан жұмыстан шығарылған» ол биылғы қаңтар айына дейін әкелерінің зейнетақысына қарап қалғанын айтады.

Жұмағали Қозығараев та жаңадан ашылған компаниядан жұмыс істемей-ақ жалақы алып жүр екен. Мұның қашанға барарын өзі де білмейтінін айтты.

– Бізге жалақыны қалай есептеп жатқаны белгісіз. Қолымызға түбіртек бермейді. Сағатына қанша төлейді, зейнетақы қорына қанша аударып жатыр – ол жағын білмейміз. Жұмыс істемей алып жатқан соң оны сұрап жатқанымыз жоқ әзірге, – дейді ол.
XS
SM
MD
LG