Accessibility links

Шетпеліктер аудан әкімін сұрақтың астына алды


Шетпе тұрғындарының наразылығы. 17 желтоқсан 2011 жыл. (Оқырманнан келген сурет)
Шетпе тұрғындарының наразылығы. 17 желтоқсан 2011 жыл. (Оқырманнан келген сурет)

Ақпанның 20-сы күні Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының әкімі Қармыс Боқанов Шетпе ауылының тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар «толқу кезінде ауылға арнайы жасақты әкім шақырды» деп санайды. Әкім керісінше «ереуілшілердің көбін даудан аман алып шықтым» деп есептейді.


Азаттық радиосының тілшісімен телефон арқылы тілдескен жергілікті тұрғындардың сөзінше, Шетпе ауылының мәдениет үйінде өткен кездесуге 500-ге тарта адам қатысқан.

Ақсақалдар алқасы осы жиынға арнайы сұрақтар дайындап барғанын, алайда нақты жауап ала алмағандарын айтады. Сұрақтардың дені 2011 жылғы желтоқсанның 17-сі болған Шетпе станциясындағы оқиға туралы болған.

КҮДІК

Бас прокуратура Шетпедегі оқиғаға байланысты «жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен билік өкілдеріне қарсы күш қолданғандары үшін» жауапқа тартқан үш адамның бірі – Бекберген Жылқышиевтың әкесі Жетібай Жылқышиев ақсақалдар кеңесінің алғашқы сұрағын әкімге қойған екен. Ол аудан әкімінен «жазықсыз азаматтардың сотталып кетпеуіне қандай ықпал жасай алатынын» білгісі келген.

– Менің сұрағыма дәл жауап берген жоқ. Орағытып отырып, «мына жүргізіп жатқан тергеуге ықпал ете алмаймыз» деді. Нақты жауап алмадым, – дейді Жетібай Жылқышиев.

Жетібай ақсақал «ауылға әскерді әкім шақырды» деп санайды.

– Әкім шақырмаса олар келмейді ғой. ОМОН (милицияның арнайы мақсаттағы жасағы – ред.) болса, екі бастан. «Мен шақырдым, сондықтан келді» деп айта алмай отыр, – дейді ақсақал.

Оның сөзінше, баласы желтоқсанның 19-ынан бері Ақтаудағы тергеу изоляторында жатыр. Қорғаушысы «жақын арада сот болуы мүмкін» деп хабарлаған.

ЕЛДІҢ САУАЛЫ

Шетпенің ақсақалдар алқасының мүшесі Сегізбай Әнеш аудан әкімімен болған кездесуге арнайы төрт сұрақ ойлай барғанын айтты.

– Бірінші сұрақ, Маңғыстау облысының басқа аудан қалаларына әскер келген жоқ.
Шетпе тұрғындары наразылық танытып, поезды тоқтатып тастады. 17 желтоқсан 2011 жыл. (Оқырманнан келген сурет)
Шетпе тұрғындары наразылық танытып, поезды тоқтатып тастады. 17 желтоқсан 2011 жыл. (Оқырманнан келген сурет)
Шетпеге әскер кіргізу қандай қажеттіліктен туды? Осыған келісім берген кім? Екіншісі, 17 желтоқсан күні шеруге шыққандарға басқа демократиялық елдердегідей су шашып, көзден жас шығаратын газ қолданылмай, неге оқ атылды? Үшінші, шеруге шыққан жастардың мәселелерін ары қарай шиеленістірмей басуға немесе тоқтатуға болмады ма? Шеруге шыққандардың алдында «күш құрылымдарының тарапынан оқ атылмайтына уәде беремін» деген сөзіңізді неге орындамадыңыз? Төртінші, тергеліп жатқан азаматтардың көбі жұмыссыз, жастардың отбасыларынан берілген арыздарға қатысты қандай моральдік көмек көрсетіліп жатыр? – деп тізіп шықты Сегізбай Әнеш Азаттық тілшісіне.

Сегізбай Әнештің айтуынша, әкім «сұрақтарға жалпылама жауап берді, өзіне тіреліп тұрмаған мәселелер» екенін айтты.

– «Менің қолымда емес, мен балаларға онсыз да тілектеспін, мен осы жердің адамымын» дегенді айтты. «Ал ауылға әскер кіргізу мәселесі бойынша жоғары жақ маған қараған жоқ» деп жауап берді, – деді жиыннан шыққан Сегізбай Әнеш.

ӘКІМНІҢ ЖАУАБЫ

Маңғыстау ауданының әкімі Қармыс Боқанов Азаттық радиосына телефон арқылы берген түсініктемесінде «халықты мазалап жатқан мәселелер қозғалып, бір жылдық есеп бергенін» айтты.

– 12 мың халқы бар Шетпенің барлығына есік ашық болды. Бес жүздей адам
Қамаудағы Шетпе тұрғындарының тізімі. (Оқырманнан келген сурет)
Қамаудағы Шетпе тұрғындарының тізімі. (Оқырманнан келген сурет)
қатысты. Сұрақтарына тиісті жауап берілді. Жауап берілмей қалған адам болған жоқ, – деді ол.

Аудан әкімі Шетпедегі оқиғаға қатысты сұрақтар қойылғанын да растады.

– Оған байланысты қоғамдық комиссияның сұрауы бойынша тиісті органдар арқылы жолдау хат пен жауап берілген. Ол сұрақтар елдің бәріне таныс, – деді әкім Азаттық тілшісіне.

Былтыры желтоқсанның 17-сі Шетпе станциясында толқу болған кездегі өзінің іс-әрекеті туралы әкім былай деді:

– Мен кезінде ол адамдардың алдына төрт рет бардым. Үш рет ол адамдар айтқандарымды тыңдап тарады. Соңғысында да 150-дей адам маған еріп, әскердің арасынан шығып кетті. 50-дей жігіт не де болса кетпеуге шешім қабылдады. Оларға заң бойынша тиісті шара қабылданды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Тергеліп жатқан іс бойынша қалай болатыны туралы ешкім жауап бере алмайды.

«МҰХАМЕДЖАНОВҚА ДА БАРАМЫЗ»

Шетпе кенті ақсақалдар алқасының мүшесі Сегізбай Әнеш «әкімнің қандай деңгейде жауап беретінін жобалап отырдық» дейді.

– Әкімнің қолында керемет ештеңе тұрмағанын біліп отырмыз. Мұны жартылай өзі де мойындады. Жоғары жаққа қарай әрекеттене береміз, Мұхамеджановқа да барамыз – облыс әкімі ғой қанша дегенімен, – дейді Сегізбай Әнеш.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сында Жаңаөзендегі оқиға кезінде жергілікті полиция қарусыз адамдарға оқ атты. Бұл оқиға кезінде 17 адам қаза тапты.

Ал желтоқсанның 17-сінде Шетпе станциясында жаңаөзендіктерді қолдап, қарусыз
2011 жылы желтоқсанның 17-сі күні Шетпедегі толқу кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Төребек Төлегеновтің суреті.
2011 жылы желтоқсанның 17-сі күні Шетпедегі толқу кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Төребек Төлегеновтің суреті.
адамдарға оқ атылғанына наразылық білдірген тұрғындар мен полиция қақтығысып, ресми ақпарат бойынша бір адам қаза тапты.

Ресми орындар Жаңаөзен мен Шетпедегі қақтығыстардан 100-ге тарта адамның жараланғанын айтады. Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев қаңтардың 25-і күні мемлекеттік телеарна арқылы Жаңаөзен оқиғасы туралы таратқан мәлімдеме таратқан еді. Ол желтоқсанның 17-сі күні Шетпе станциясында болған наразылық оқиғасын да сөз етіп, Шетпеде 11 адамды жаралап, 1 адамды мерт еткен полицияның қару қолданғаны «заңды болғанын» айтқан.

Бас прокурордың айтуынша, Шетпедегі оқиғаға байланысты «жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен билік өкілдеріне қарсы күш қолданғандары үшін» 3 адам – Бахытжан, Сабырбаев және Бекберген Жылқышиев қылмыстық жауапкершілікке, тағы 12 адам «жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу, билік өкілдеріне қарсы күш қолдану және көлік құралдары және қатынас жолдарын бұзғаны үшін жауапкершілікке» тартылған.
XS
SM
MD
LG