– «Биыл мен де мектепке, Біріншіге барамын. Мақтанбаймын мен текке, Дайын дәптер, қаламым», – деген тақпақ айтқан Нұрбол Нәбидулла – 2015-2016 оқу жылында Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіне қарасты Иіркөл ауылындағы бастауыш мектепке барған жалғыз бала.
Білім күнінде өткен алғашқы қоңырау шарасы кезінде мектеп меңгерушісі Қарлығаш Абдрахманова «биыл бірінші сыныпқа қабылданған Нұрболға президент Нұрсұлтан Назарбаевтан арнайы сыйлық келгенін» хабарлап, оған сыйлығын ресми түрде тапсырды.
Нұрболдың анасы Шара Теберікова бұл мектепте бұған дейін бес баласы оқығанын айтады. Сондықтан ұлының бір сыныпта жалғыз өзі оқитыны ол кісіге таңсық көрінбеген.
– Нұрбол былтыр дайындық сыныбында оқып, мектептегі бірнеше үйірмелерге қатысқан. Бір өзі оқыса да, оқи береді, – дейді Шара Теберікова.
«ТӨРТ СЫНЫПТА 10 БАЛА ОҚИДЫ»
Тасбөгет кентінен 35 шақырым жердегі Иіркөл ауылында 23 үй тұрады. 2005 жылы су тасқынынан кейін шағын ауылға лайықтап 20 орындық шағын жинақты бастауыш мектеп салынған. Азаттық тілшісі бүгін осы мектепке барғанда он шақты оқушы, үш-төрт ата-ана, үш мұғалім мен мектеп меңгерушісі жаңа оқу жылының ашылу салтанатын өткізіп жатты.
Мектеп меңгерушісі Қарлығаш Абдрахманованың айтуынша бұл бастауыш мектепте биыл 10 оқушы оқиды. Шағын жинақты мектептерге арналған бағдарлама бойынша, бірінші сыныпқа барған жалғыз оқушы Нұрболды бөлек оқытады. Ал екінші, үшінші және төртінші сыныптағы 9 бала бір бөлек оқиды. Бірінші сынып оқушысы Нұрбол ағылшын тілі пәнін ғана олармен бірге оқиды.
– Негізінен мал шаруашылығымен, балықшылықпен шұғылданатын бұл ауылдың тұрғындарының саны 150-ге де жетпейді. Бала саны аз болған соң қалаға тасып оқыту үшін арнайы көлік те бөлінген. Бірақ ата-аналары жол қауіпсіздігін ойлап қарсы болды. Оқушы аз болғанымен білім сапасы өзгелерден кем емес. Биыл көктемде 4-сыныпта оқитын оқушымыз Украинада өткен халықаралық олимпиададан 2-орын алып келді, – дейді мектеп меңгерушісі Қарлығаш Абдрахманова.
3268 ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ МЕКТЕП БАР
Бірінші сыныпқа бір бала ғана барған Иіркөл мектебі сияқты бастауыш оқу орындары Қазақстанның әр түкпірінде кездеседі. Солардың біріне – Қарағанды облысындағы Жезқазған қаласына қарасты Түйемойнақ ауылында мектептің бірінші сыныбына биыл екі бала барған.
– Түйемойнақ ауылында мектепте 8 оқушы бар. Биыл бірінші сыныпқа екі оқушы барды. Бұл мектепте 3 мұғалім жұмыс істейді. Түйемойнақ шағын жинақты бастауыш мектебін көрші ауылдағы нөмірі 133-мектепке бекітіп бергенбіз, – деді Жезқазған қалалық білім бөлімінің басшысы Ержан Құрмашұлы Азаттық тілшісіне.
Маманның дерегінше, Жезқазған қаласына кіретін Кеңгірге қарасты Теректі ауылындағы тоғыз жылдық мектепте 5 оқушы, Малшыбай және Талап ауылындағы бастауыш мектептерде 11 оқушы және 3 оқушы оқиды.
Ержан Құрмашұлының айтуынша, «оқушылар саны жылда осындай аз, өйткені жастардың ауылда тұрақтауы қиын».
Азаттық тілшісімен сөйлескен Кеңгір ауылдық округі бас маманының айтуына қарағанда, шалғай елдімекен тұрғындарын ірі елдімекендерге көшіру туралы үкімет бағдарламасына қарамастан ескі қонысынан көшпей қойған халық балаларын осындай шағын жинақты мектептерге береді.
Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы құрамындағы шағын жинақты мектептерді дамыту орталығының директоры Гүлнұр Құдайбергеннің айтуынша, Қазақстандағы 7222 орта мектептің 3268-сі – шағын жинақты орта мектеп (оның 765-і – бастауыш шағын жинақты мектеп).
– Шағын жинақты мектептерді бірнеше сынып оқушысы бір кабинетте оқытылуы мүмкін. Бастауыш шағын жинақты мектептерде білім сапасы жаман болмауы мүмкін. Бірақ төртінші сыныптан кейін пән мұғалімдері жетіспейді. Сондықтан бастауыш сыныптарды қалдырып, орта және жоғары сынып оқушыларын интернаттарда оқыту мәселесі қарастырылып жатыр, – дейді ол.
Гүлнұр Құдайбергеннің сөзіне қарағанда шағын жинақты мектептердің дені – ауылдық жерлердегі мектептер. Ондай мектептердің көбі Солтүстік Қазақстан (444 мектеп) мен Ақмола (419 мектеп) облыстарында.
Қазақстанның «Білім туралы» заңы бойынша мемлекет тұрғын саны аз елді мекендерде тұратын балалардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алу құқықтарын қамтамасыз ету үшін шағын жинақты мектептер мен интернат ұйымдарының жұмыс істеуіне кепілдік берген.
Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, биылғы оқу жылында 2 миллион 600 мың бала мектепке барған. Олардың 336 мыңы – йіркөлдік Нұрбол Нәбидулла сияқты бірінші сынып оқушылары.