Accessibility links

Көптеген мектепте екі ауысыммен оқудың өзі – арман


"Білім күні" сабағына қатысып отырған оқушылар. Алматы, 1 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
"Білім күні" сабағына қатысып отырған оқушылар. Алматы, 1 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда жүздеген мектептің оқушылары үш ауысыммен оқып жатыр. Ал білім және ғылым министрлігі бұл мәселені шешу үшін «бес жылдық жоспар жасағанын» айтады.

Ақтөбе қаласындағы 18-мектепте үшінші ауысымда оқитын С. (толық аты-жөнін жарияламауды өтінді – ред.) сабаққа түскі сағат 14-те барып, үйіне кешкі сағат 18-де қайтады.

– Мектепте таңғы сағат 8-де – бірінші топ, сағат 11-де – екінші топ сабаққа барады. Біз, жоғары сыныптар, түскі 14-те барамыз. Мектепте оқушы көп, орын аз. Бір сыныпта 30 баладан отырамыз. Мұғалім барлығымыздан сабақ сұрап үлгермейді. Кейде жаңа тақырыпты түсіндіруге уақыт жетпей қалады, – дейді ол.

18-мектептің директоры Тәтті Жітіғалиеваның айтуынша, ондағы оқушылар 2004 жылдан бері үш ауысыммен оқып келе жатыр.

– Қаншама жыл болды – әкімдік келіп тексеріп кетті, хат жазып жатырмыз. Мектебіміз негізі 160 оқушыға арналған. Биылғы оқу жылын 595 оқушымен бастадық, – деді мектеп басшысы Азаттыққа.

«АТА-АНАЛАР ҮШ КАБИНЕТ САЛЫП БЕРДІ»

Мектеп тапшылығы тек Ақтөбеде ғана емес Қазақстанның басқа өңірлерінде де бар. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласындағы 112-мектептің оқушысы Самат (есімі өзгертілді) екі жылдан бері үшінші ауысымда оқып жүр. Ол былтырдан бері сабаққа түскі сағат 15-те барып, кешкі сағат 19-да қайтады екен.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауыл мектептерінің бірі.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауыл мектептерінің бірі.

Самат оқитын 112-мектептің директоры Сұлтанияз Ярметов оқушыларының үш жылдан бері үш ауысымда оқып жатқанын айтты.

– Біздің мектеп – бір қабатты, тек 120 оқушыға арналған. Бірақ мектепте 400-ге жуық оқушы оқып жатыр. Биыл жазда ата-аналармен бірігіп жүріп мектепке қосымша үш кабинет салдық. Соның есебінен біраз мәселені шешкендей болдық, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Сұлтанияз Ярметов мектептің тым тар екеніне, бір сыныпта 30-40 бала отыратынына қынжылады.

– Негізі бір сыныпта көп дегенде 15-20 бала отыру керек. Спорт зал, асхана жоқ. Облыстық білім басқармасына да, мәслихатқа да жаздық. Олар «2017 жылға таман жаңа мектеп салып береміз» деді, – дейді мектеп директоры.

«МЕКТЕПТЕР САЛЫНЫП ЖАТЫР»

Азаттық тілшісі бұл орта мектептердің ғимарат тапшылығы мәселесі қалай шешілерін білмекке жергілікті білім басқармаларына хабарласты.

Ақтөбе қалалық білім басқармасының Самал есімді қызметкері «қазір қалада 320 орындық мектеп салынып жатқанын, 18-мектептің жартысы сол жаңа мектепке 2015 жылы күзде көшетінін» хабарлады.

Ал Шымкент қалалық білім басқармасының Азаттыққа: «Қалада мектептер мәселесі шешіліп жатыр. Биыл үш мектеп пайдалануға берілді. Алдағы уақытта үш ауысымда оқып жатқан мектептерді жаңа ғимараттарға көшіру үшін жаңа мектептер салынады» деп жауап берді.

Мектептегі алғашқы қоңырау. Талғар ауданы, Алматы облысы. 1 қыркүйек 2014 жыл.
Мектептегі алғашқы қоңырау. Талғар ауданы, Алматы облысы. 1 қыркүйек 2014 жыл.

Білім және ғылым министрлі Аслан Сәрінжіпов биыл мұғалімдердің тамыз мәслихатында «Қазақстанда 70 мың оқушыға орын жетпейтінін» айта келе: «Үш ауысымда оқитын 103 мектеп бар. Бұдан бөлек 176 мектеп – апатты жағдайда. Осы мәселелерді шешу үшін биыл бюджеттен 141 миллиард теңге бөлінді» деген еді. Министр үш ауысымда оқу мен апатты мектептер мәселесін шешудің бес жылдық жоспары жасалғанын да айтқан.

Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, биылғы оқу жылында 73 жаңа мектеп пайдалануға берілген, алдағы үш жылда 258 мектеп салынады деп жоспарланған.

Қазақстан білім және ғылым министрлігі «2014-2015 оқу жылында күндізгі жалпы білім беретін мектептердегі оқушы саны – 2 миллион 498 мың 819 адам, олардың ішінде бірінші сыныпқа баратындары – 277 мың 575 бала» деп хабарлаған.

XS
SM
MD
LG