Accessibility links

Шіркеу газеттегі карикатураға шамданды


Орыс православие шіркеуінің Қазақстандағы жұмысын басқарушы епископ Геннадий (Гоголев). Алматы, 23 қаңтар 2012 жыл.
Орыс православие шіркеуінің Қазақстандағы жұмысын басқарушы епископ Геннадий (Гоголев). Алматы, 23 қаңтар 2012 жыл.

Православие шіркеуі өкілі «діни араздықты қоздырушы карикатураны» жариялаған газетке наразылық білдірді. Ал құқық қорғаушы бұл даудың қисынсыз екенін айтады.

Алматыдағы православие шіркеуіне келушілердің бірі Марина Сазонованың ойынша, «газетте жарияланған мақала мен сурет басылымды сотқа беруге негіз болады» .

– Әлемде интернеттегі осы сынды жайттар алаңда жалғасып, қырғын басталып жатқанын көреміз. Біздің елде осындай оқиға болғанын қаламаймыз. Сондықтан біз, православтар, дін аралық араздықты тудырғаны үшін газетті қылмыстық жауапқа тарту керек деп ойлаймыз. Оған толықтай негіз бар, – деді Марина Сазонова.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Қаңтардың 14-і күні «Мегаполис» газетінде журналист Жәмила Кәрімованың «Рождественский сюрприз» атты мақаласы жарияланған. Мақала Астананың Свято-Успенск кафедралды соборында Рождество мерекесінің қалай өткені жайлы жазылған.

Журналист құлшылық етуге келген православ христиандар қызыл кілемшенің бойында кезекке тұрып, әкімдіктен келуі тиіс «маңызды қонақтарды» күткенін былай баяндайды:

«Күткендері екі әйел болып шықты. Олар жиналғандардың маңынан өтіп, әдетте дін
Карикатураға байланысты жиынға қатысушылар. Алматы. 23 қаңтар 2013 жыл.
Карикатураға байланысты жиынға қатысушылар. Алматы. 23 қаңтар 2013 жыл.
қызметкері уағыз айтатын жерге көтерілді. Бұл шіркеуге келушілердің наразылығын тудырды. Ал ханымдар әкімнің Рождествоға қатысты құттықтауын оқып, шіркеуден сыйлық алып, тез кетіп қалды».

«Құдай алдында барлық адам бірдей» екенін айтқан журналист шіркеуде шенеуніктерге артық құрмет көрсетілгенін сынаған.

Мақалаға қосымша ретінде Ибрагим Көбековтің карикатурасы берілген. Онда Иса пайғамбарға ұқсас адам мен шіркеу қызметкері бейнеленген. Карикатурада «Покиньте, гражданин, амвон. Иначе вызову ОМОН!» деген сөз бар. Шіркеу өкілдері дәл осы Иса пайғамбарға ұқсас адамның суретіне байланысты наразы болған.

ШІРКЕУ ӨКІЛІНІҢ ӨКПЕСІ

Қазақстандағы орыс православие шіркеуінің өкілдері мен өзге де діндарлар қаңтардың 23-і күні Алматыда осы мәселеге қатысты баспасөз жиынын өткізді.

Орыс православие шіркеуінің Қазақстандағы жұмысын басқарушы епископ Геннадий (Гоголев) «мақаланы жазған журналистің сауатсыздығын» айтты.

– Шіркеуде шіркеу қызметкерлері, диакондар тұратын арнайы жерлер бар. Ол жерге жай келушілерге көтерілуге рұқсат жоқ. Сол күні шіркеуге келген әкімдік өкілдері шіркеу қызметкері тұратын амвонда емес, солеяда тұрды. Ал ол жерде кез-келген адамдарға тұруға рұқсат. Оған қоса шенеуніктер сөз сөйлеген жоқ, олар тек әкімнің хатын алып келді. Хатты шіркеу қызметкері жұртқа оқып берді. Меніңше, бұл журналистің шіркеу ережелерін білмейтінін көрсетеді. Бірақ аса қатты наразылықты мақаладан бұрын карикатура тудырып отыр, – деді шіркеу өкілі.

Оның сөзінше, «әрбір христианның жүрегіне аса қымбат Иса бейнесін қорланған түрде бейнелеген карикатура арандатушылықты көздейді».

– Бірақ газетті сотқа бермейміз. Тек ол мақала сайттан жақын күндері алынып тастайды деп үміттенеміз, – дейді епископ Геннадий.

ГАЗЕТТІҢ УӘЖІ

«Мегаполис» газеті бас редакторының орынбасары Сергей Туниктің пікірінше, «православтардың сезімін қорлап жатқан – газет емес, өз орнын білмейтін шенеуніктер».
Шенеуніктердің шіркеу, мешіт пен синагогаларға бас сұқпағаны абзал.
Газет өкілі Сергей Туник.

– Амвон – шенеуніктер емес, тек шіркеу қызметкерлері тұратын орын. Шенеуніктердің шіркеу, мешіт пен синагогаларға бас сұқпағаны абзал. Бізде шіркеу мемлекеттен бөлек. Шенеуніктер православтарды құттықтағысы келсе ақпарат құралдары бар. Ал Ибрагим Көбековтің суретіне келсек, ол жерде Иса пайғамбар бейнеленген деп кім айтты? – дейді басылым өкілі.

Суретші Ибрагим Көбеков та өзінің «дін мен сенімге қарсы емес екенін» ескертті.

– Мен дін мен нанымға қатысты кемшіліктерге жол беретін шіркеу қызметкерлеріне деген пікірімді бейнеледім, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Құқық қорғаушы, Хельсинки комитетінің жетекшісі Нинель Фокина бұл мақала мен суреттен «ешқандай араздықты қоздыратын немесе христиандардың намысына тиетін жайт көрмегенін» айтты.

– Мұхаммед пайғамбардың Еуропадағы карикатурасына қатысты Азия мұсылмандары наразылық білдіріп жатқанына қарап, өздері де жоқ жерден дау тудырмақ, – деді ол православие шіркеуінің өкілдері жайлы.
XS
SM
MD
LG