Журналистер мен студенттер қатысқан әңгіме басында АҚШ-тың Карнеги қорының қызметкері Марта Олкотт осыдан үш-төрт жыл бұрын Қазақстанның сыртқы істер министрлігінен ортақ жоба жасау жайлы ұсыныс түскенін, қазіргі кезде сол жобалар бойынша бірігіп жұмыс істеп жатқанын айтты.
Қазақстан мамандарымен бірлесіп «Орталық Азия бойынша Әл-Фараби – Карнеги ғылыми білім беру жобасы» аясында бірнеше бағытта зерттеулер жасап жатқанын айтқан Олкотт оның арасында «ядролық қару таратпауға» қатысты зерттеу бар екенін де айта кетті.
Сөз арасында «Бұл өте маңызды мәселе және Қазақстан қол жеткізген жетістіктердің бірі» деп қойды.
СЫРҒЫТПА ЖАУАПТАР
Марта Олкотт кездесуде негізінен өзінің жаңадан шығармақшы боп отырған жаңа кітабы жайында айтты. Бұл кітап Өзбекстандағы діни ахуал мен радикализмнің тарихына арналған екен.
Олкотт сөзін аяқтағаннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Қазақстанда өткен жылы болған «террористік әрекеттер» мен оған қатысты «мұсылмандардың үстінен қозғалған істер» жайында ол бұл «істермен жан-жақты таныс емес» екенін ескертті. Әйтсе де соңғы бірнеше жылда «террористік байланыстардың жаһандану» үрдісі басталып кеткенін, бұл процестің Қазақстанға да ықпалы болғанын айтып өтті.
Исламшыл-жиһадшыл ұйымдардың басты назары негізінен Өзбекстанға ауған. Егер оларға біреу тапсырыс берсе, жалдамалы ретінде жұмыс жасауға дайын..
- Менің ойымша, Өзбекстандағы жиһадшыл қозғалыстарға қатысқан қазақтар да бар. Бәлкім, менің қателесуім де мүмкін, бірақ исламшыл-жиһадшыл ұйымдардың басты назары негізінен Өзбекстанға ауған.
Егер оларға біреу тапсырыс берсе, жалдамалы ретінде жұмыс жасауға дайын. Себебі олар өздерін жаһандық ислам қозғалысының өкілдері ретінде санайды. Менің ойымша, бұған полиция санын көбейту арқылы жауап беру керек, - дейді Марта Олкотт.
Олкотт дін туралы жаңа заң қабылданған уақыттан бері тым аз уақыт өткенін, сондықтан оның елдегі діни ахуалға қалай әсер еткенін әзірге, білу мүмкін емес екенін айтты. Әйтсе де, ол бұл заңның тым асығыс түрде қабылданып кеткенін айта кетті.
«Қазақстанда діни топтарды қуғындау мәселесі бар ма?» деген сұраққа ол:
- Бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Бәлкім, екі жылдан кейін зерттеуімді аяқтаған кезде бұл сұраққа жақсырақ жауап бере алатын шығармын, - деді.
«АДАМ ІЗДЕГЕН АҚПАРАТЫН БӘРІБІР ТАБАДЫ»
Сұрақтарға жауап беру барысында ол кез-келген мемлекетке дін мен зайырлылықты сақтаудың дәл ортасын табу қиынға түсетінін екі мәрте қайталады.
- Зайырлы адамдардың дінге әсер етуге тырысуы қиын жағдай. Бір мезгілде сенушілердің де құқығы сақталып, қауіпсіздік мәселесі де шешілген бірде-бір мемлекет жоқ, - деді зерттеуші.
«Экстремистік мазмұндағы» ақпарат таратқаны үшін жабылған сайттар төңірегінде ол «Қытайдағыдай үкімет қойған тосқауылды жаңа технологияның көмегімен жою оңай» екенін айтты. Ол «экстремизммен күрес бағытындағы» Қазақстан үкіметінің қолданып отырған тәсілін тиімді деп санамайды.
- Егер адам өзі іздеген ақпаратын табуға қатты құмартса, онда оны табады. Сондықтан мұның тиімді тәсіл екеніне күмәнім бар, - деді Марта Олкотт.
Зерттеуші Ресейде болған президенттік сайлауға қатысты ақпаратқа онша қанық емес екенін айтып, ол туралы ештеңе айтқан жоқ.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ
Олкоттың Қазақстан туралы бірнеше кітабы бар. Алғашқысы «Қазақтар» (1985 жыл) деп аталады. Зерттеушінің еңбектерімен таныс жұрт қазақ халқының тарихына арналған бұл кітап совет кезінде тәуелсіз ойлы оқырмандар арасында танымал болған деседі.
2002 жылы жарық көрген «Қазақстан: орындалмаған үміттер» кітабында автор Қазақстан билігінің демократияландыру процесінің өте баяу жүріп отырғанын сынайды. Алайда халықаралық басылымдардың жазуынша, 2009 жылы Олкотт кітаптың тақырыбын өңдеп, соңына сұрақ белгісін қойған.
Әйтсе де, наурыздың 6-сы күні Азаттық радиосының тілшісіне берген сұқбатында ол кітаптың атауын өзгертпегенін, оның екінші нұсқасын шығарғанын айтты.
Қазақстандағы саяси реформалар мен демократиялану үрдісіне байланысты әркез сыни көзқарас ұстанатынын жеткізген зерттеуші Астананың жетістіктерін де тізбелеп өтті. Оның ойынша, «Самұрық-Қазына» қорының құрылуы, қазақстандық өндіруші компаниялардың Лондон қор биржасына акция шығаруы, Қазақстан үкіметінің минералдық ресурс өндіру саласы бойынша ашық саясат ұстануы игі өзгерістерден хабар береді.