Accessibility links

«Әлеуметтік араздық тудырғандарға» қосымша айып тағылды


Режиссер, қоғамдық белсенді Болат Атабаев Азаттықтағы онлайн-конференцияда. Алматы. 13 маусым, 2012 жыл.
Режиссер, қоғамдық белсенді Болат Атабаев Азаттықтағы онлайн-конференцияда. Алматы. 13 маусым, 2012 жыл.

Сапарғали, Козлов, Атабаев пен Мамайға қосымша айыптар тағылғанын Азаттық радиосына айыпталушылардың туыстары мен адвокаттары хабарлады.

Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекованың айтуынша, маусымның 26-сында Ақтауда ҰҚК тергеушілері адвокаттардың қатысуымен Владимир Козлов және Серік Сапарғалидан жауап алған.

170-БАП

- Владимир Козлов пен Серік Сапарғалиға жаңа айыптар тағылғаны белгілі болды. Оларға 170 және 235-баптар бойынша да жаңа айып тағылып отыр, - дейді Әлия Тұрысбекова.

Тіркелмеген "Алға" оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козлов полиция өкілімен сөйлесіп тұр. Ақтау, 21 желтоқсан 2011 жыл.
Тіркелмеген "Алға" оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козлов полиция өкілімен сөйлесіп тұр. Ақтау, 21 желтоқсан 2011 жыл.


2012 жылы қаңтар айынан бастап, қамауға алынған Владимир Козлов пен Серік Сапарғалиға Жаңаөзен оқиғасына байланысты "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айып тағылған еді. 170-бап – «конституциялық құрылысты күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру», ал 235-бап – «қылмыстық топ құру».

170-бап бойынша Қазақстан қылмыстық кодексінде 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе 3 жылдан 7 жылға дейін, 235-бап бойынша 8-ден 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«ПІКІРІМДІ ӨЗГЕРТКЕН ЖОҚПЫН»

Ақпарат бойынша, бұған қоса Болат Атабаев пен Жанболат Мамайға да 170-бап бойынша жаңа айып тағылған.

Болат Атабаевқа жаңа айып тағылғанын растаған адвокат Гүлнар Жандосова маусымның 26-сында Ақтауда өзі қорғап отырған азаматпен кездескенін, «Болат Атабаевтың денсаулығы жақсы, жағдайы қалыпты» екенін айтты.

- Жағдайы жақсы. Мұнда қарайтын адамдары бәрі дұрыс. Ол кісі «Сұраған адамдарыңызға айтыңыз, мен өзімнің пікірімді өзгерткен жоқпын. Алдында қандай пікірлерді айтып, жазып келсем, сол пікірімде қалдым» деді, - дейді Гүлнар Жандосова.

Белсенділер баспасөз мәслихатынан кейін Атабаев пен Мамайды қудалауды тоқтауды талап етіп тұр. Алматы, 15 маусым 2012 жыл.
Белсенділер баспасөз мәслихатынан кейін Атабаев пен Мамайды қудалауды тоқтауды талап етіп тұр. Алматы, 15 маусым 2012 жыл.


Оның айтуынша, Болат Атабаев пен Жанболат Мамай Ақтаудағы тергеу изоляторына пойызбен жеткізілген екен. Адвокатқа Болат Атабаев маусымның 15-інде, ҰҚК қызметкерлері ұстаған кезде күш көрсеткенін айтқан. Адвокат Гүлнар Жандосова:

- Сол көзінің айналасы, оң және сол қолдары көгеріп қалған... Басында күш көрсетті деп көршілері айтып еді ғой. Біз оны білмедік. Бұл факті расталғаннан кейін, қазір осыған байланысты облыстық және Жаңаөзен прокурорына шағым түсіріп жатырмыз, - дейді.

Ал Жаңаөзен қаласы прокурорының орынбасары Мұхтар Әжібаев және Маңғыстау облысының прокуроры Сабыржан Бекбосынов түстен кейін Азаттық тілшісіне әзірге мұндай шағымның оларға түспегенін айтты.

Адвокаттың айтуынша, Атабаевты пойызбен Ақтау қаласына апара жатқан кезде бір рет денсаулығы нашарлапты.

- Ол этап кезінде бір рет жағдайы нашарлап кеткенін, қант диабеті төмендеп кеткенін айтты. Оған сол жерде бірден медициналық көмек көрсетілген. Бірден қант берген. Содан кейін өз-өзіне келген, - дейді Гүлнар Жандосова.

Ақпараттар бойынша, Жанболат Мамайдың адвокаты Абзал Құспанов та қорғауындағы азаматтың ісіне 170-баптың қосылғанын растаған. ҰҚК баспасөз қызметінен бұл мәселеге қатысты қандай да бір жауап алу мүмкін болмады.

ЖЕТІ АДАМ

Ресми орындар растамаған дерек бойынша, қазіргі күні бұл іс бойынша жеті адам айыпталып отыр: Владимир Козлов, Серік Сапарғали, Мұратбек Кетебаев, Мұхтар Әблязов, Жанболат Мамай, Болат Атабаев және Ақжанат Әминов.

Көбін куәгерге ауыстырды. Оларға белсенділерді ғана ұстап, мұнайшылардың көбін куәгер қылу туралы нұсқау түскенге ұқсайды.


- Бұрын «әлеуметтік араздық тудырды» деген айып бойынша 18-20 айыпталушы болған. Басым бөлігін ҰҚК тергеушісі куәгерлер қатарына ауыстырды. Оларға тек оппозиция белсенділерін ғана ұстап, мұнайшылардың көбін куәгер қылу туралы жоғарыдан жаңа нұсқау түскенге ұқсайды. Сот залында мәселені ушықтыратын мұнайшылардың туыстары болмас үшін, - дейді Әлия Тұрысбекова.

Владимир Козлов пен Серік Сапарғали Алматыдағы ҰҚК абақтысынан Ақтау абақтысына 2012 жылы мамыр айының соңында апарылды.

Болат Атабаев пен Жанболат Мамай Ақтауға маусымның 24-інде жеткізілген.

Жаңаөзендік мұнайшылар белсендісі Ақжанат Әминов Ақтауда 2011 жылы маусымның 30-ы күні қамалды.

Жаңаөзен мен Шетпеде шерушілерді күшпен қуып тарату барысында, ресми есеп бойынша, кем дегенде 17 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жарақат алды. Оппозиция "қаза болғандардың саны бұдан әлдеқайда көп екенін" айтады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG