Accessibility links

Айжангүл Әмірова тұтқыннан босады


«Халық майданы» оппозициялық қозғалысының белсендісі Айжангүл Әмірова баспасөз мәслихатында "Қаражанбасмұнай" мұнайшыларының ереуілі туралы баяндап отыр. Алматы, 7 маусым 2011 жыл.
«Халық майданы» оппозициялық қозғалысының белсендісі Айжангүл Әмірова баспасөз мәслихатында "Қаражанбасмұнай" мұнайшыларының ереуілі туралы баяндап отыр. Алматы, 7 маусым 2011 жыл.

«Халық майданы» оппозициялық қозғалысының белсендісі Айжангүл Әмірова абақтыдан босатылды. Бұл туралы маусымның 22-сі Азаттыққа оның ағасы Қуаныш Әміров хабарлады.

Алты айға жуық абақтыда отырған оппозиция белсендісінің ағасы Қуаныш Әміров Азаттық тілшісіне:

- Ол Жаңаөзен уақытша қамау абақтысынан алдыңғы күні (маусымның 20-сы - ред.) шықты, - дейді.

Оның сөзіне қарағанда тұтқындалған Айжангүл Әмірова Жаңаөзен қаласының уақытша қамау абақтысында да, Ақтаудағы тергеу абақтысында да отырған.

Қуаныш Әміров Айжангүл Әмірованың қазіргі процессуалдық жағдайы (куәгер ретінде босатылғаны не ешқайда кетпеу туралы қолхат жазғаны - ред.) туралы сұраққа жауап бере алмады.

- Айжангүл бұл туралы бізге ештеңе деген жоқ. Ол тек жарияламау туралы қолхат бергенін айтты, - дейді ағасы.

Азаттық тілшісі Айжангүл Әміровамен хабарласа алмады. Ағасы Қуаныштың айтуынша, ол қазір Ақтау қаласында демалып жатыр.

Айжангүл Әмірова 2012 жылы қаңтардың 6-сы Ақтау қаласында тұтқындалған еді. Оған "әлеуметтік араздық қоздырды" деген айып тағылды. "Халық майданы" оппозициялық қозғалысының белсендісі Әмірова 2011 жылдың жазы мен күзінде ереуіл жасаған Жаңаөзен мұнайшыларына моральдық және ақпараттық қолдау көрсетті.

Жаңаөзен тұрғындары арасында "әлеуметтік араздық қоздырды" деген айыппен Алматыда тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов пен оппозициялық саясаткер Серік Сапарғали тұтқындалды. Олар қазір Ақтаудағы тергеу абақтысында отыр.

Қылмыстық кодекстің дәл осы 164-бабымен Алматы тұрғындары - театр режиссері, оппозициялық саясаткер Болат Атабаев пен «Рух пен тiл» жастар қозғалысының жетекшісі Жанболат Мамай да айыпталды. Олар осы кезге шейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген еді. Алайда бір апта бұрын ҰҚК оларды да тұтқындап, этаппен Маңғыстау облысына алып кетті.

Еңбек жағдайы мен жалақыны өсіруді талап еткен Жаңаөзен мұнайшыларының ұзаққа созылған ереуілі 2011 жылы желтоқсанның 16-сі мен 17-сінде Жаңаөзен мен Шетпеде болған қанды оқиғамен аяқталды. Ақпарат бойынша 17 адам полиция жаудырған оққа ұшып қаза тапқан. 100-ге жуығы жараланған.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG