Accessibility links

Әмірова мен Соколованы митингіде құттықтады


Семейлік азаматтық қоғам белсенділері Наталья Соколова мен Айжангүл Әмірованы қолдап митингіге шықты. Семей, 7 наурыз 2012 жыл
Семейлік азаматтық қоғам белсенділері Наталья Соколова мен Айжангүл Әмірованы қолдап митингіге шықты. Семей, 7 наурыз 2012 жыл

Наурыздың 7-і Семей қаласындағы азаматтық соғыс құрбандарына арналған ескерткіш алдында оппозициялық партиялардың белсенділері түрмеде отырған Айжангүл Әмірова мен Наталья Соколованы қолдау митингісін өткізді.


Семейдегі саяси тұтқындарды қорғау бойынша қоғамдық комитеттің төрағасы Аманжол Зейнебаев наурыздың 7-і Семейде өткен митингіде Наталья Соколова мен Айжангүл Әмірованы қазақ эпостарындағы жаудың жолын бітімге шақырған сөзбен бөгеген батыр аналарға теңеді.

Белсенділер Маңғыстау облысындағы ереуілші мұнайшыларға заңдық кеңес бергені үшін әлеуметтік араздық туғызды деген айыппен алты жылға сотталған мұнайшылар кәсіподағының заңгері Наталья Соколова мен Жаңаөзен оқиғасынан кейін дәл осындай айыппен екі айға қамалған Айжангүл Әмірованы "саяси тұтқындар" деп атады.

Митингідегі сөйлеген қызметі уақытша тоқтатылған Қазақстан коммунистік партиясы Семей қалалық комитетінің бірінші хатшысы Төлеубек Мақажанов 8 наурыз әйелдердің халықаралық мерекесін Наталья Соколова мен Айжангүл Әмірова қапаста қарсы алып отырғаны өкінішті деді.
Семейлік белсенділер саяси қуғынға ұшыраған әйелдердің құрметіне гүл шоғын қойып жатыр. Семей, 7 наурыз 2012 жыл
Семейлік белсенділер саяси қуғынға ұшыраған әйелдердің құрметіне гүл шоғын қойып жатыр. Семей, 7 наурыз 2012 жыл

- Қазақстан - ортақ үйіміз. Әйел - сол үйдегі ошақтың иесі. Егер әйелді басқаның кінәсі үшін бостандығынан айырып, түрмеге отырғызса, онда үйімізде жағдай дұрыс емес деген сөз. Ортақ Қазақстанымызда тыныштық та, балалардың болашағына деген сенім де жоқ деген сөз, - деп атап өтті ол.

Жиынға қатысқандар ескерткіш маңына полицияның бес бірдей мәшинесінің келгенін көрді. Тіркелмеген "Алға" партиясының Семей қалалық бөлімшесінің төрайымы Фатима Қасенова митингідегі 20 адамды 20 полицияның бақылап тұрғанын есептеп шықты.

Митингіде Семей қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің өкілі Игорь Панин де болды.

- Біз бұл митингіге ресми шақырту алмасақ та келдік. Өйткені бәрі заң аясында өтсін, ешкімнің құқығы бұзылмасын, соны қадағалайық деген ойымыз болды, - деді қалалық әкімдік өкілі Азаттық радиосының тілшісіне.

Ал бұл аралықта Паниннің қалта телефоны да үзіліссіз шырылдап, ол телефонның аржағындағы адамға митингінің бір қалыпты, тыныш өтіп жатқанын айтумен болды.

Жиынға келгендер ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, азаттық пен әділдік жолында ұлдары мен күйеулерін жоғалтқан аналардың рухына тағзым етті.
XS
SM
MD
LG