Accessibility links

Орал кәсіпкерлері: "Шағын жеңіске жеттік"


Әкіммен кездесіп отырған кәсіпкерлер. Орал, 10 сәуір 2013 жыл. Фото Уральская неделя газетінің Facebook парақшасынан алынды.
Әкіммен кездесіп отырған кәсіпкерлер. Орал, 10 сәуір 2013 жыл. Фото Уральская неделя газетінің Facebook парақшасынан алынды.

Жергілікті кәсіпкерлер ұзақ талқылаудан кейін жылу тарифтерін азайтуға қатысты әкімнің уәдесін алғандарын айтады. Жыл басынан бері тарифтер 350 пайызға өскен.

Оралдық кәсіпкерлердің айтуынша, сәуірдің 10-ы күні жаңа тағайындалған қала әкімі Алтай Күлгінов жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, жылу тарифтерін азайтуға уәде берген. Кәсіпкерлер мұны «кішігірім жеңіс» деп бағалайды.

УӘДЕ

Оралдық кәсіпкер Исатай Өтепов кәсіпкерлердің белсенділігі монополистердің «тәбетін басатын» факторға айналғанын айтады.

- Бұған дейін бірнеше рет жаппай митинг өткіздік, ескі және жаңа әкіммен кездесу болды. Ал бүгін екі сағат қызу талқылаудың нәтижесінде 350 пайыздың орнына 45 пайыз етіп, азайтуға уәде берді, - деді кездесуден шыққан Исатай Өтепов Азаттық тілшісіне.

Оралда 2013 жылдың қаңтар айынан есептегіш құралы жоқ кәсіпкерлер жылу үшін 350 пайызға көтерілген тариф бойынша ақы төлеуге міндеттелген еді. Жылу таратушы «Жайықтеплоэнерго» мекемесі осылайша кәсіпкерлерді «есептегіш құрал орнатуға үгіттеп, жылуды бағалауды үйретпекші» болған. Дегенмен қаладағы жүздеген кәсіпкер наразылық жиындарын өткізіп, мәлімдеме жасағаннан кейін жағдай өзгеруге бет алғанға ұқсайды.
Әкім өз шешімін айтты, кәсіпкерлерге хабарлады. Енді монополияға қарсы комитет қағаз жүзінде өз шешімін бекітсе, «Жайықтеплоэнерго» көнбей қайда барады.

- Біздің коммуналдық шығынымыз, салығымыздан асып кетті. Сонда біз мемлекетке қарағанда жекеменшік мекемелерге көп ақша төлеп отырмыз, - деген еді кәсіпкер Тілеген Төрешов.

Орал қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ибрагим Жүсіпқалиевтің айтуынша, кәсіпкерлердің өтінішін қараған әкім кездесу барысында жеке кәсіпкерлерге қатысты тарифтерді азайту жөнінде шешім қабылдаған.

- Әкім өз шешімін айтты, кәсіпкерлерге хабарлады. Енді монополияға қарсы комитет қағаз жүзінде өз шешімін бекітсе, «Жайықтеплоэнерго» көнбей қайда барады, - деді баспасөз хатшысы.

ЕСЕПТЕГІШ ҚҰРАЛ ҚОЮ ҚИЫНДЫҒЫ

Кәсіпкерлер, есептегіш құрал бойынша төлеуге еш қарсы емес, тек оны өз қаржысына орната алмайтындарын айтады.

- Бір тұрғын үйге бір жылу есептегіш құралы орнатылады. Ол 450 мың теңге тұрады. Оны орнататын Оралда тек екі-ақ мекеме бар, бұлар қызметі үшін 220 мың теңге алады. Одан бөлек, біздегі көпқабатты тұрғын үйлердің көбі өте ескі. Счетчикті орнату үшін жертөледегі барлық құбырлар мен сымдар ауыстырылып, толығымен жөндеу жүргізілген болуы қажет. Ал бір үйдің жертөлесін толығымен жөндеуден өткізуге орта есеппен 2 миллион теңге кетеді. Бұл қаржының барлығын, тұрғын үйлердің бірінші қабатында шағын дүкені, шаштаразы мен дәріханасы бар шағын кәсіпкерлер қалтасынан шығарып, орнату керек. Олай болмаса 350 пайыздық тарифпен төлеуге міндеттісің, - деді Исатай Өтепов.
Счетчикті орнату үшін жертөледегі барлық құбырлар мен сымдар ауыстырылып, толығымен жөндеу жүргізілген болуы қажет.

Азаттық тілшісі, тарифтердің азаю мүмкіндігіне қатысты «Жайықтеплоэнерго» мекемесіне хабарласқан еді. Алайда «жауап бере алатын басшылық орнында жоқ» деген хатшы, мамандардың біріне жалғады. Өзін Замира деп таныстырған бөлім бастығы, «әлі ешқандай шешім жоқ, сондықтан ешнәрсе айтпаймын» деп қысқа қайырды.

АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК

Бүгінгі шешімді – өздерінің «кішкентай жеңісі» деп бағалаған кәсіпкерлер, есептегіш орнатылғанға дейін «жылуға 45 пайыздық тарифпен төлем жүргізетін болдық» деді. Оның сөзінше, мұндай нәтижеге кәсіпкерлердің азаматтық белсенділігінің арқасында қолдары жеткен.

- Экс-әкіммен кездесуге 120 кәсіпкер жиналдық. Одан кейін жаңа әкіммен екі рет кездесу өткіздік. Қызу талқылаулар өтті. Тарифтерді өсіру кәсіпкерлердің наразылығын тудырды. Әр кәсіпкердің қарамағында 10-20 жұмыскері бар. Егер олардың барлығы жұмыссыз қалып, митингке шықса не болады? Меніңше әкімдіктегілер осыны да ойлаған болар, - сараптама жасаған болар, - дейді кәсіпкер.

Орал қаласының бұрынғы әкімі Болат Шәкіровтің сәуірдің 4-і күні өз еркімен жұмыстан кеткендігі белгілі болған. Кейін ол ауруханаға түсті деп хабарланды. Сәуірдің 8-і күні «Мой город» басылымына сұхбат берген Болат Шәкіров, отставкаға кету туралы шешімді кәсіпкерлермен кездесуінен кейін қабылдағанын айтқан.

"Бұл (жұмыстан кету) аяқ-асты қабылданған шешім. Кәсіпкерлермен кездесу өткеннен кейін қан қысымым көтеріліп, бірден ауруханаға түстім. Ал сәуірдің 4-і күні өз еркіммен жұмыстан кету туралы өтініш жаздым. Әзірге еш жерде жұмыс істемеймін, ауруханада ем қабылдап жатырмын" деген экс-әкім өз сұхбатында.
XS
SM
MD
LG