Accessibility links

Өгей әке-шеше жөн бе, қамқоршы дұрыс па?


Шымкенттегі балалар үйінде тәрбиеленуші бөбектер. 26 қараша 2010 жыл. Көрнекі сурет
Шымкенттегі балалар үйінде тәрбиеленуші бөбектер. 26 қараша 2010 жыл. Көрнекі сурет

Алматыдағы жетімдердің көбі - қамқоршылардың қолында. Прокуратура кейбір "қамқоршының" сутенер, я есірткі сатушы болып шыққанын айтады. Қамқоршылар құқықтық мәселелер көп деп шағынады.

Айгүл А. есімді алматылық әйел марқұм болған сіңілісінің бастауышта оқитын балаларына қамқорлық қылу құқығын созу үшін бұрынғы күйеу баласына жыл сайын ақша төлейді.

"Балаларын керек қылмаса да, заңды түрде бас тартпай жүр" дейді Айгүл.

Оның сөзінше, өзі барып кеңес сұраған мемлекеттік мекемелер мен ҮЕҰ-дар моральдық қолдау көрсетеді, бірақ қайран да қыла алмайды. Айгүл жетім қалған жиендерін өзінен басқа ешкім де дұрыс бағып-қақпайды деп санайды. Оның күйеу баласы әйелі өлгесін балаларын қайын әпкесіне қалдырып, басқаға үйленген. Ол әйелден балалы болып, бірақ кейін ажырасып кеткен.

Айгүл жиендерін асырап алғысы келгенімен заң бойынша олардың әкелерінің көзі тірісінде ештеңе істей алмайды.

Алматыда желтоқсанның 24-і күні өткен қамқоршы және патронат отбасылардың мәселелері туралы дөңгелек үстелге қатысушылар да Айгүлдің мәселесін жандары аши талқылады.

Бір психолог Айгүлді бұрынғы күйеу баласына тұрмысқа шығып, балаларды жетімсіретпеуге шақырды. Айгүл бұл кеңеске селт еткен де жоқ.

КЕДЕРГІЛЕР

Алматыдағы мың жарым жетім баланың 900-ін Айгүл сияқты қамқоршы статусындағы адамдар бағып отыр. Мұндай бала асырап алудың балама формасын тиімді деп санайтындар көп.
Марина Сугакова, "Ковчег" ұйымының директоры. Алматы, 24 желтоқсан 2013 жыл
Марина Сугакова, "Ковчег" ұйымының директоры. Алматы, 24 желтоқсан 2013 жыл

«Ковчег» ұйымының директоры Марина Сугакова жетімдер балалар үйінде емес, отбасыларда тұруы керек деп ойлайды. Оның ұйымы осы бағытта жұмыс істейді. Мүгедек балаларды асырап алуға заң тұрғысынан қиындық болмаса да, билік орындары мұндай балаларды асырауға беруге барынша көп кедергі жасайды деп санайды ол.

Марина Сугакованың сөзінше, көптеген ата-ана «әдемі, ес-ақылы дұрыс» балаларды асырап алғысы келеді. Бірақ біраздан соң олармен тіл табыса алмай бас тартып жатады.

ҚАМҚОРШЫЛАР КІМ?

Алматы қалалық прокуратурасының ресми мәліметіне сәйкес кейбірде бұрын есірткі және адам саудасына қатысты қылмыс жасаған тұлғаларға да қамқоршы статусы беріліп жатады. Осындай жағдайға байланысты 47 өкілетті адам дисциплинарлық жауапкершілікке тартылған.

Кейбірде моральдық тұрғыда кінә арту мүмкін емес саналы адамдардың өзі психологиялық мәселеге кез болып жатады. Алматыдағы 118-мектептің әлеуметтік педагогы Елена Манякинаның сөзінше, бір 77 жастағы кәрі әжесі өзі қамқорлыққа алған 15 жастағы шөбересімен тіл табыса алмай жүр.
Елена Манякина, әлеуметтік педагог. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл
Елена Манякина, әлеуметтік педагог. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл

"Әлгі қызда кәрі әжесінен басқа туыс жоқ. Кәрі кісі мен жас қыз бір-бірін жиі түсінбей қала береді. Бұрынғыдай шөбересін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын қауқары жоқ әжесі ықпалының азайып бара жатқанына алаңдайды" дейді Елена Манякина.

Екеуінің қарым-қатынасын кәсіпқой психолог та жақсарта алмаған.

"Әжесі қатты күйзеліп, қан қысымы көтеріліп, психологпен кездесуден соң жедел жәрдеммен ауруханаға түсті. Бірақ психологпен жүздестіргеніміз үшін рақмет айтты" дейді педагог.

Бейресми ақпарат бойынша, Қазақстанда 5 миллион 100 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала бар. Олардың 37 мыңы - жетім. Мемлекет жыл сайын бір жетімге 1 миллион теңгедей қаржы бөледі. Бұл қаржыға балалар үйінің қызметкерлерінің жалақысы кірмейді. Қазақстандағы балалар үйінде 13 мыңдай тәрбиеленуші бар.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG