Accessibility links

Жетімдер баспанасын жекешелендіре алмай жүр


Балалар үйінің түлегі Виктория Ким он айлық қызымен бірге. Қарағанды, 18 қыркүйек 2013 жыл.
Балалар үйінің түлегі Виктория Ким он айлық қызымен бірге. Қарағанды, 18 қыркүйек 2013 жыл.

Қарағандыда мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алған бұрынғы балалар үйінің түлектері баспаналарын жекешелендіре алмайтынын жуырда естіген. Билік олармен мәмілеге келуге тырысып жатыр.

Биыл жазда балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілеріне - 17 отбасына муниципалдық пәтерлердің кілтін Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдешев салтанатты жағдайда табыс еткені туралы жергілікті баспасөз жарыса жазған еді. Баспана алғандар «пәтерлерді бізге жекешелендіру құқығымен берген шенеуніктер енді уәдесінен айнып отыр» дейді.

Қолданыстағы заңда мұраға қалған баспанасы жоқ балалар үйінің түлектері кезекке тұрып, әлеуметтік баспанамен қамтылуы тиіс екені жазылған. Қарағандыда осындай әлеуметтік топқа жататын отбасылар жаңа қонысқа кірген соң «уақытша тұруға берілген баспанада кезегі келіп, басқа тұрақты пәтер алғанша ғана тұратындарын» қыркүйек айында естіген.

КЕЗЕКТЕ ӨТКЕН 10 ЖЫЛ

Балалар үйінің 27 жастағы түлегі Виктория Ким мемлекеттік бағдарлама бойынша Қарағанды қаласының шетіндегі Майқұдық ықшам ауданынан бір бөлмелі пәтер алған. Бұрынғы емхананың ғимаратындағы пәтер жартылай жабдықталған. Баспана да, ондағы жиһаз бен тұрмыстық техника да тұрғындардың жеке меншігі емес.

Викторияның айтуынша, билік баспананы әуелі екі айға беріп, «содан кейін жекешелендіруге болады» дегенімен, арада біраз уақыт өткенде оларға «баспана жалға ғана берілді, оны жекешелендіре алмайсыңдар» деген.

– Уақытша келісім-шарттың бір данасын беріп, «мынамен танысыңдар және коммуналдық қызметтің ақысын төлеу үшін өз аттарыңа есеп-шот ашыңдар»
Жеке меншік баспанамыз болу үшін бізге жекешелендіруге рұқсат беруін сұраймыз. Заң бойынша жетім ретінде бізге баспана берілуі тиіс қой.
деді. Ал коммуналдық қызметтер мен заңгерлер бұлай істеуге болмайтынын түсіндірді. Ештеңені түсінбей қалдық, билікке қоятын сұрақтарымыз көп, - дейді Виктория Ким Азаттық тілшісіне.

Виктория тұрмысқа шыққан, үш жасар ұлы мен он айлық қыздары бар. Ол «шенеуніктердің кесірінен отбасым далада қала ма» деп қорқады.

– Жеке меншік баспанамыз болу үшін бізге жекешелендіруге рұқсат беруін сұраймыз. Заң бойынша жетім ретінде бізге баспана берілуі тиіс қой. Тіпті мынадай шарттары болса да, белгілі бір кепілдігі болуы керек. Бірақ айтатындары құр сөз ғана, - дейді Виктория Ким.

Виктория Кимнің мемлекеттен баспана алу кезегінде тұрғанына 10 жыл болған. Ол кезекте 457-адам болып тұр. 18 жасқа дейін балалар үйінде, кейін өзі оқыған колледждің жатақханасында тұрған. Жазғы каникул кезінде газетте жарнама менеджері, дүкенде еден жуушы, балалар үйінде аспаз болып жұмыс істеген. Колледжді бітірген соң баспана кезегіне тұрып, пәтер жалдап өмір кешкен.

КЕЛІСІМ-ШАРТ ТАЛАПТАРЫ

Әкімдіктің жазда берген пәтерлеріне қоныстанған Виктория сияқты тұрғындар жалдау туралы уақытша келісім-шартқа қол қоюдан қорқады. «Кейін шығарып жібермесіне кім кепіл?» деп қауіптенеді. Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Смағұлов жуырда олармен кездесіп, биліктің не себепті бұл шешімге келгенін түсіндіріпті.

– Бұл пәтерлерді уақытша баспана ретінде пайдалану туралы шешім қабылданды. Үй кезегінде тұра бересіңдер. Кезектерің жетіп, баспаналы болғанда мына пәтерлерді босатасыңдар. Сендермен уақытша жалдау келісім-шарты бекітіледі. Үй мен пәтерлердің нөмірін қойып, уақытша жалдау
Тұрғын үйлер. (Көрнекі сурет)
Тұрғын үйлер. (Көрнекі сурет)
келісім-шартын жасап, бір айдың ішінде құжаттарды реттейміз. Пәтерді жекешелендіруге болмайды, бұл – біздің шешіміміз, біздің құқығымыз, – деген Қарағандының әкімі жиналғандарға.

Балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілеріне кеңес берген заңгерлер баспананы уақытша жалдау туралы келісім-шарттың дұрыс құрастырылмағанын айтқан.

– Шенеуніктер көп заң бұзушылық жіберген. Құжаттарды әзірлеп алмай кілттерді асығыс тапсыра салған. Енді шала-пұла жазылған уақытша жалдау келісім-шартына қол қойдырмақ. Жетімдерге берілген ғимарат қазір құрылыс компаниясының балансында тұр, қаланың коммуналдық меншігіне әлі өтпеген. Қысқасы, жетімдердің ертең далада қалмасына ешқандай кепілдік бермеген, - дейді заңгер және азаматтық белсенді Әбілда Әбдікәрімов Азаттық тілшісіне.

Ол басқаратын «Единство» ұйымы балалар үйлерінің бұрынғы тәрбиеленушілеріне баспананы жекешелендіру жағы қарастырылған келісім-шарттың жобасын дайындауға көмектеседі.

БАСПАНАҒА МҰҚТАЖДАР

Қарағандыда әлеуметтік баспана алу кезегінде тұрған 8 мың адамның 1 500-і – балалар үйлерінің түлектері. 2013 жылдан бері жалпы кезекте тұрғандар үшін 500-дей пәтер салынып жатыр. Оның шамамен 150 пәтері әлеуметтік баспана ретінде беріледі. Бірақ оны төлем қабілеті бар, 29 жасқа толмаған жас отбасылар ғана алады.

«Бұрынғы тәрбиеленушілер баспана кезегінде енді қанша уақыт тұрады?» деген
Бір бөлмелі пәтердің іші. (Көрнекі сурет)
Бір бөлмелі пәтердің іші. (Көрнекі сурет)
сауалға Қарағанды әкімі «мүмкін, үш жыл, мүмкін 10 жыл» деп жауап берді.

– Жетім балаларды жеке кезекке қоямыз, ол жылына бір рет құрылады. Бірақ пәтер кезек бойынша беріледі. Яғни бұл әуелі жетім балалар пәтер алады деген сөз емес. Әлеуметтік пәтер кезегінде тұрғындардың төрт категориясы бар. Баспана олардың бәріне пропорциялы түрде бөлінеді, - дейді Қарағанды әкімі Мейрам Смағұлов.

Билік мемлекеттік бағдарлама бойынша әлеуметтік пәтер алған бұрынғы тәрбиеленушілерді әкімдіктің барлық шартымен келісуге көндіргісі келеді. «Әйтпесе бос баспанаға қандай шартпен болсын кіреміз деген адамдар жетеді» дейді ол.

– Егер коммуналдық қызметтердің ақысын уақытында төлеп, пәтерлерді жалға бермей, тоздырмай ұстасаңдар, ешкім шығара алмайды деп келісім-шартқа жазамыз. Бұл пәтерде кезегің жетіп пәтер алғанша тұрасыңдар. Егер мұнымен келіспесеңдер, үй сұрап жүргендер көп. Осы мәселемен ай сайын алдыма көп адам келеді, арасында сендер сияқтылар да жетеді, - деді Қарағандының әкімі Мейрам Смағұлов тұрғындармен кездескенде.

Тұрғындар әлеуметтік пәтердің аумағына қарай ай сайын 1000, не 1500 теңге жалдау ақысы мен коммуналдық қызмет ақысын жеке төлеуі тиіс. Олар бұндай талаптарға қарсы емес, бірақ келісім-шартта өздеріне кепілдік берілгенін қалайды, пәтер жалдамай, баспаналарын жекешелендіруді сұрайды.
XS
SM
MD
LG