Қаңтардың 14-і күні Астанада сенат пен мәжілістің бірлескен отырысында депутаттар Қазақстан Конституциясына ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін республикалық референдум арқылы ұзарту және «елбасы» ұғымы туралы өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасын екі оқылымда қарап, оны бірауыздан қолдап дауыс берді.
«Конституцияның 46-шы бабы 4-ші тармағы «Қазақстанның тұңғыш президентінің» деген сөздерден кейін сызықша арқылы «Елбасы» деген сөзбен толықтырылсын деген ұсынысты, сондай-ақ заң жобасы тұтастай мақұлдансын деген ұсынысты дауысқа қоямын», - деді мәжіліс спикері Орал Мұхамеджанов.
Аталған ұсыныстарды 44 сенатор мен 106 мәжіліс депутаты бір кісідей жақтап дауыс берді.
Сөйтіп, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейін созылатын ұзақ мерзімді билігін заңдастыруды көздеген саяси науқан мәресіне таяды. Негізінен тек бір ғана президентшіл «Нұр Отан» партиясының мүшелерінен тұратын Қазақстан парламентінің депутаттары осындай шешім қабылдай отырып, тұтас елдің ерік-жігерін көрсетіп отырғандарына шүбә келтірмейді.
Президент Назарбаевтың билігін нығайту жолында парламент осымен екінші мәрте мемлекет басшысының ресми қарсылығын басып өтіп қажетті заң қабылдауға әрекет етіп отыр. Бірінші мәрте мұндай жағдай Назарбаевқа «елбасы» («ұлт көшбасшысы») деген мәртебе беру кезінде байқалған еді. Былтырғы маусымның 15-і қос спикер мен премьер-министр қол қойып жіберген «елбасы» мен оның отбасын елден ерекше қамқорлыққа алып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат тұтатын конституциялық заңның қатары толыға түсті. Бұл жолы «тұңғыш президенттің» ешбір сайлаусыз билік басында тағы он жылға қалуы заңдастырылды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін 2020 жылға дейін жалпыхалықтық референдум арқылы ұзарту туралы бастаманы ел ішінен шыққан әлеуметтік қозғалыс ретінде танытуға көп күш жұмылдырылды. Советтік идеологтардың технологиясына ұқсас стратегия бойынша мұндай науқан кезінде азаматтық бастама саясиланған орталық қалаларда емес, аймақтарда «туады». Осылайша жоғарыдан жүргізілетін саяси акцияға халықтық сипат таңылады.
Назарбаевты мәңгілік президент ету идеясын бірінші болып көпшілік алдына шығарған ақтөбелік профессор Закратдин Байдосов пен атыраулық мектеп директоры Хамза Ғабдолла еді. Бұл қатарға елдің екінші бір қиыр шетінен шығыс қазақстандық Ерлан Сыдықов қосылды. 2010 жылғы желтоқсанның 23-інде аяқ астынан Өскеменде қоғамдық бас қосу өткізген референдум өткізу бойынша бастамашыл топ, бар-жоғы 16 күннің ішінде құзырлы мемлекеттік орындарда тіркеліп қана қоймай, бүкіл ел бойынша 5 миллионнан астам қол жинап үлгірді. Қаңтардың 13-інде Орталық сайлау комиссиясы бұл қолдарды растап, президентке жіберіп те үлгірді.
Референдум өткізуге қатысты «ел ішінде» туған азаматтық бастамадан бөлек заң шығарушы негізгі органның тарапынан да зор майдан ашылғанын айта кету керек. «Қоғамдық акцияның» екінші қанаты ретінде Мәжіліс пен Сенат депутаттары да бұл идеяны қолдап шықты.
Бұл шараның анық саяси сипаты бар екенін жаһанға жария етіп қойған қазақстандық шенеунік Қанат Саудабаев еді. Бұрынғы АҚШ елшісі Ричард Хоугландпен болған кездесу кезінде сыртқы істер министрі референдум туралы сауалға жауап бере отырып, бұл идеяның Қазақстан халқының демократия туралы түсінігімен қабысып жатқанын жан-тәнімен дәлелдеуге тырысқан.
Президент Назарбаевқа ұзақ мерзімді билік беру идеясының саяси астарын біржола ашқан қадам «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан-2020» атты коалиция құрып, оған елдегі барлық саяси күштерді шақыруы болды. «Нұр Отан» бұл жобасын «демократиялық күштердің коалициясы» деп атады.
Қазақстандық сарапшылар мен оппозиция өкілдері «демократиялық күштердің коалициясы» неліктен бір адамның билігін антидемократиялық түрде ұзартумен айналысуы тиіс екенін түсіне алмай дал.