І. «БАСЫМДЫ ИЕМІН!»
Жеті жылға сотталған бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев 16 наурызда мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.
Қазақстан президентіне кешірім сұрап хат жазып, түрмеден мерзімінен бұрын босаған бұрынғы министрдің адвокаты Ардақ Балпықовтың айтуынша, Жақсылық Досқалиев бұл оқиғаны «мемлекет басшысының мейірімділігі ғана емес, үлкен сенімі деп біледі. Ол мұндай сенімді аса қымбат тұтады».
2011 жылдың 5 тамызында «қызмет бабын асыра пайдаланды, аса ірі көлемде пара алды және мемлекет қаржысын жымқырды» деген айыппен абақтыға кетіп бара жатқанда да Жақсылық Досқалиев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып:
– Елдің денсаулық сақтау саласын басқару құрметіне ие еткені үшін мемлекет басшысына басымды иемін, – деген.
Мемлекет басшысына рақмет айту «сертіне» берік Жақсылық Досқалиевтің қазіргі халінен бейхабармын, бірақ президентке деген алғашқы алғысын айтардан бұрын екі балдаққа сүйеніп қалған еді.
P.S. «Серт» демекші, бұл сөзді осы аптада парламент мәжілісінің депутаты, «Нұр Отанның» мүшесі Алдан Смайылдың аузынан естідім.
– «Мен ешқашан мүмкін болмайтын мәселеге уәде берген емеспін, ал уәде берсем – қашан да орындаймын» деген, соған елдің көзін жеткізген осы тұлғаның (Жақсылық Досқалиев алғыс айтқан адамның - Е.Т.) жүзеге асырылған серті – таңғажайып Қазақстан, тұғырлы тәуелсіздік, ұлттың өскен өркені, қазақтың қайта оралған тарихи беделі, мамыражай бейбіт өмір, Алаш ұлының төңірегінен озған, айдарынан жел ескен тұлпар шағы, әлемнің жанарына тіке қаратқан саяси-экономикалық толағай жеңістер, ертеңгі жарқын ғасырларға арналған семсер сенім, – деп жазыпты депутат «Көзіңді қысып қарасаң, күннен де дақ көресің» деген мақаласында.
«Күн». «Тұлға». «Таңғажайып Қазақстан».... «Толағай жеңістер». «Семсер сенім»...
Басымды иемін!
ІІ. ТҮСІНІКСІЗ СЕБЕП
Өткен жылы қазан айының ортасында «Егемен Қазақстан» газетінен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен газеттің басшысы Сауытбек Абдрахмановтың сұқбатын оқып, бізге таңсық көп дерекке жолығып, сіздерден сүйінші сұраған едік. Газет осы аптада тағы да президент пен журналистің сұқбатын жариялады.
Қазақстанның «2011 жылы әлемдік экономикалық дағдарыстың жалғасып жатқанына қарамастан, одан әрі қарай экономикалық өсімге қол жеткізген, ішкі жалпы өнімі 7,5 пайызға өскен, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі 11 мың доллардан асып түскен» (Н.Ә.Назарбаев) табысы мені шынымен шаттандырған екен – бұл сұқбаттың ақшаға қатысты тұстары қатты әсер етті маған.
– Домна пешіне ауыстырылғаннан кейін айлығым да өсе бастады. Жоспар 120-150 процентке орындалып жатты. Ондайда жалақы да тиісінше көбейетін. Кейде тіпті айына төрт жарым мың сом алатын болдым! Ескі рубльдің кезі. Кейінгімен есептегенде 450 сом. Бұл дегенің өте көп ақша. Көптігін содан біле бер, министрдің айлығынан артық, – дейді президент Назарбаев.
– Сексенінші жылдардың аяғында да министрлердің айлығы 380 сом болғаны есімізде, – деп қоштайды журналист Сауытбеков.
Президент «сол ақшаның екі мың сомын ауылға, әкесіне жіберіп тұрғанын», әкесінің «әлгі мол ақшаны алған сайын аң-таң қалып, мұндай ақы төлейтін қандай жұмыс бұл өзі деп Теміртауға келіп жүргенін» баяндай келе, металлург жұмысы үшін комсомолдық карьерадан әуелгі жолы бас тартқанын айтады.
Журналист оның комсомол қызметіне неліктен бармай қойғанын сұрай келе:
– Расында да, негізгі себеп айына 180 сом жалақы алатын жұмысқа шақырғанында емес қой? – дейді.
Президент:
1) әуелі «әңгіменің бәрін айлыққа тіреп қоюға болмайтынын»;
2) бірақ «айлығыңның бірден күрт түсіп, үш есе азайып кетуін ойламай қоймайтыныңды»;
3) алайда «нағыз еркек болу» дегеннің баламасы іспетті металлург мамандығын тастап кетуге тура келеді деген ойдың өзі шошытқанын»;
4) оған қоса «жасыратын несі бар, айлығымды азайтатын жұмысқа қалай бармақпын?!» деп ойланғанын;
5) әрі «сыртыңнан тон пішіп, тілімізді алмай көрсін дегендей етіп, шешімін шығарғалы отырғанын» – сондықтан комсомол жұмысынан бірінші жолы бас тартқанын, екінші рет айтқанда ғана келіскенін әңгімелепті.
P.S. Шынымды айтсам, металлург Назарбаевтың комсомол қызметінен бірінші жолы анық нендей себепке бола бас тартқанын, екінші жолы не үшін келіскенін бәрібір ұққан жоқпын – бірақ Қазақстанның «әлемдік экономикалық дағдарыс жалғасып жатқанына қарамастан, одан әрі қарай экономикалық өсімге қол жеткізеріне» сенемін.
ІІІ. «ДЕМОКРАТИЯ ЖЕЛІГІ»
Айтпақшы, «Егемен Қазақстаннан» «тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған» Қазақстан мен Ресей туралы тағы бір мақала оқыдым.
Автор Мәскеудің әуелгі кезде «демократия желігіне» еріп, «губернаторлар сайлауымен әуестенгенін – мысалы, елдің үлкен бір өңірінде кәдімгі эстраданың ауызекі жанрының әртісі, сатирик авторлардың жазған мәтіндерін сахнадан мәнерлеп оқумен аты шыққан адам губернатор болып сайланғанын» айтыпты.
Жаңағы губернатор демократия желігімен өзіне тиесілі МАИ ілеспе көлігінен бас тартып жүріп, ақыр аяғында өмір жолын автомобиль апатымен аяқтады.
– Экономиканың дағдарысты жағдайында оның шаруашылықты дөңгелентіп кете алмағаны, әрине, түсінікті жай. Жаңағы губернатор демократия желігімен өзіне тиесілі МАИ ілеспе көлігінен бас тартып жүріп, ақыр аяғында өмір жолын автомобиль апатымен аяқтады. Осындайлардан сабақ алған соң Кремль федералдық округтер құрып, жер-жерге ел президентінің өкілдерін тағайындауға көшті. Ал Қазақстанда президенттік билік институты әкімдер корпусын негізінен тағайындау жолымен қалыптастырғаны және бұл өзін-өзі ақтағаны мәлім, – дейді журналист.
P.S. Ресейдің «демократия желігіне» қарсы ойлап тапқан амалын Қазақстанның әу бастан іске асырып жатқанына «бәрекелді» деймін.
Қазақстандық шенеуніктер арасында ресейлік марқұм губернатор сияқты «жеңіл-желпі» мамандық иелері жоқ шығар, ә?