Accessibility links

Храпуновтардың Трамптың бұрынғы серіктерімен бизнесі жайлы зерттеу


Қазақстанның бұрынғы жоғары лауазымды шенеунігі Виктор Храпуновтың эмиграциядағы суреті. Фото Виктор Храпуновтың сайтынан алынды.
Қазақстанның бұрынғы жоғары лауазымды шенеунігі Виктор Храпуновтың эмиграциядағы суреті. Фото Виктор Храпуновтың сайтынан алынды.

Америкалық McClatchy сайтында Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың Дональд Трамптың бұрынғы екі бизнес әріптесіне қатысы бар екенін көрсететін журналистік зерттеу нәтижесі жарияланды. Толығырақ баспасөз шолуынан біле аласыз.

МҰХИТТЫҢ АР ЖАҒЫНДАҒЫ БИЗНЕС

Америкалық McClutchyDC Bureau сайтында шілденің 21-і күні «Трамптың бұрынғы серіктері қашқында жүрген қазақстандықтарға виза жағынан көмектескен» деген мақала жарияланды.

Журналистік зерттеу авторларының пікірі бойынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы екі бизнес серіктесі мен Алматы қаласының қашып жүрген бұрынғы әкімі Виктор Храпунов және оның отбасының күмәнді байланысы бар.

Бұл жерде Виктор Храпуновтың Дональд Трамптың өзімен байланысы бар деген әңгіме жоқ, Трамптың өзі де 2013 жылы осы журналистік зерттеуде аталған адамдарға қатысы бар екенін теріске шығарған еді.

Бірақ мақалада ондаған миллион «күмәнді инвестициялар» жайлы, АҚШ-та қандай да бір компанияның құрылғаны, оның мемлекетте заңды бизнес статус алуға тырысқаны айтылады. Келісімдердің барлығын Виктор Храпуновтың ұлы Ілияс Храпунов жүзеге асырған.

Әкелі-балалы екеуі де түрлі мемлекеттерде заң орындарының назарына іліккен, екеуі де Қазақстанның сұрауы бойынша Интерпол халықаралық ұйымының іздестіру тізіміне кірген.

«McClatchy зерттеуі әшкерелегендей, Trump Organization ұйымының бұрынғы аға кеңесшісі Феликс Сейтер мен оның сол кездегі бизнестегі әріптесі Дэниэль Ридлофтың (оның да Trump Organization-ге қатысы болған) көмегімен Храпуновтар отбасы қысқа мерзімді компанияға миллиондаған қаржы салған, ол компания елдегі әуежайларға биометрикалық машиналар орнатпақ болған. Храпуновтардың инвестиция салудағы негізгі мақсаты – АҚШ-та отбасының кем дегенде бір мүшесіне ықтияр хат алу болған, Трамп компаниясының бұрынғы серіктестері көмегімен кем дегенде үш рет шетелдік қызметкерлерге виза алуға сұрау салынған» деп жазады McClatchy.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Виктор Храпунов. 2000 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Виктор Храпунов. 2000 жыл.

Мақалада Виктор Храпуновты «Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі және Алматы қаласының бұрынғы мэрі, 10 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан лидерлері оны және әйелін мемлекеттік қаражатты жымқырды деп айыптаған соң Швейцарияға қашып кетті. Қазір азаматтық арызға сай оларды қымбат жылжымайтын мүлік иеленгендері үшін ақша жасырды деп айыптайды, оның ішінде Нью-Йорктің Сохо ауданындағы Трамп бренді салған пәтерлер де бар» деп сипаттайды.

Ары қарай мақалада Храпуновтың отбасы мүшелері мен Трамптың бұрынғы әріптестері арасындағы көптеген бизнес операциялар баяндалған. Одан бөлек, «Храпуновтар McClatchy сауалына жауап беруден бас тартты, өздерін қазақстандық деспот президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қудалауының құрбаны санайтындарын айтты» деп жазады.

КАЗАҚСТАНДЫҚ ХАКЕР

Канадалық CTVNews сайтындағы «АҚШ-пен келісім жасалмаған жағдайда Yahoo хакері деп танылған адам экстрадиция бойынша істі тыңдауға барады» деп аталған мақалада Канадада тұратын қазақстандық Карим Баратовтың Yahoo сайтына хакерлік шабуыл жасады деп айыпталғаны айтылған. АҚШ билігі оған ресейлік арнайы қызметпен ынтымақтас болып, Yahoo желісіндегі 500 миллионнан астам электрондық жәшікті бұзған деген айып тақты.

Канадалық сайттың Қазақстанда туған Карим Баратовтың Онтариода ұсталғаны туралы ақпаратымен бірге жарияланған сурет.
Канадалық сайттың Қазақстанда туған Карим Баратовтың Онтариода ұсталғаны туралы ақпаратымен бірге жарияланған сурет.

Карим Баратовтың қорғаушысы Амедео ДиКарло осы аптада «қыркүйектің 8-іне дейін (экстрадиция туралы істі тыңдау күні) АҚШ билігімен келісімге келе алмаса, Карим Баратовты Канадада қалдыруға күш салатындарын» айтты. Оның айтуынша, істі қарауға жеткізбеу – айыпты мойындау болып саналмайды.

22 жастағы Карим Баратов наурыз айында тұтқындалған, сәуір айында Канада соты елден қашып кетуі мүмкін деген күдікпен оны кепілге босатудан бас тартты.

КРИПТОВАЛЮТАНЫҢ ЖАҢА ОРТАЛЫҒЫ МА?

Қаржы және білім беру жаңалықтарын тарататын америкалық Investopedia сайтында «Криптовалютаның жаңа орталығы Қазақстан ба?» деген мақала жарық көрді, онда Қазақстанның финтех-компанияларды шақырып, өз аумағында криптовалютаны дамыту туралы бастама көтергенін айтады.

«Криптовалюталар бір орталыққа бағынбайды және цифрлық болғандықтан, олардың бір жерге тұрақтауы қиын. Қытай мен Жапония криптовалюта бағаларының қуатты қозғалтқыштары екенін көрсетті. Маврикий де алдағы жылдарда блокчейн-технологиялар жөніндегі орталыққа айналу ниетін байқатты. Енді орталықазиялық мемлекет Қазақстан да осы тізімге кіруді көздейді, ол елдің билігі цифрлық валюталар мен финтех-компаниялар үшін ең қолайлы бизнес орта жасау жоспарын мәлімдеді», - деп жазады Investopedia.

Мақалаға өткен аптада «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің басқарма төрағасы Нұрлан Құсайыновтың сөзі арқау болса керек және онда ТМД аумағында блокчейн-экожүйені дамыту мақсатында ірі заңдық әрі консалтинг компаниялардың қатысуымен жұмыс тобын құру туралы жазылған.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЕЛШІНІҢ СЫЙЫ

Ирландиядық Belfast Telegraph газетінде «Жария болды: қазақстандық өнерден бастап почта жәшігіндегі оққа дейін: Солтүстік Ирландияның бұрынғы премьер-министрлері алған сыйлықтар» деген мақалада елдің премьер-министрлері мен бірінші вице-министрлері алған сыйлықтар тізімі келтірілген.

Twitter-де жарияланған көптеген сыйлықтардың ішінде биыл дүние салған бірінші вице-премьер Мартин МкГиннестің 2016 жылы маусымның 7-сі күні Қазақстан елшісінен «Қазақстан өнері» күнтізбесін, алтын кәдесый тиын мен ЕХРО-2017 қалта кітапшасын, қалам мен открыткалар жиынтығын алғаны көрсетілген. Сыйлық Солтүстік Ирландияның ресми мекемесінде қабылданған баға шегінен аспапты, сондықтан оны қабылдаған.

Басқа сыйлықтар арасында АҚШ елшісі берген виски шөлмегі, Мадам Уанг сыйлаған керамикалық ат пен Колумбия президенті ұсынған кофе және көптеген кітаптар бар. Батыстың көптеген елдерінде лауазымды тұлғалар алған сыйлықтар жариялау және оған салық төлеу міндеттелген.

Mashable жаңалықтар блогында «Ресей аспанын торлаған шегірткелер ақырзаманға ұқсайды» деген мақала жарияланды. Онда шамамен шілденің 19-ы күні Шығыс Қазақстанда түсірілген бейнебаян жарияланған: шегірткелер аспанды бұлтша жауып, қаптап ұшып барады.

Әлеуметтік желілерде бұл бейнебаян тез тараған. Кейін Tengrinews сайты көріністің Шығыс Қазақстандағы Аягөз ауданында түсірілуі мүмкін екенін жазды, қазір ол жақта шегіртке қаптаған. Сайттағы дерек бойынша, авиациялық химиялық өңдеуден соң қалың шегіртке жойылған.

XS
SM
MD
LG