Accessibility links

"Азаттық" сыйлығы бес адамға берілді


«Азаттық» сыйлығы берілді
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:38 0:00
Жүктеп алу

«Азаттық» сыйлығы берілді.

25 ақпан күні Алматыда "Азаттық" сыйлығы тапсырылды. Адам құқықтары мен сөз бостандығын қорғауға үлес қосқан азаматтарға арналған сыйлық бес адамға берілді.

Қазақстандағы оппозициялық ұйымдар тағайындаған "Азаттық" сыйлығын биыл журналистер Лұқпан Ахмедьяров, Ирина Петрушева, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина және белсенділер Жасарал Қуанышәлин мен Айнұр Құрманов алды.

Марапаттау рәсімі Қазақстан халықаралық адам құқықтарын қорғау бюросының кеңсесінде өтті. Ұйымдастыру комитеті өкілдерінің айтуынша, сыйлық Қазақстанда адам құқықтарын, сөз бостандығын, пікір еркіндігін қорғауға, демократия мен азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосқан белсенді азаматтарға беріледі.

"Азаттық" сыйлығын алуға тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедьяров, құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина, азаматтық белсенді Жасарал Қуанышәлин барған. "Республика" басылымы мен интернет жобасының жетекшісі Ирина Петрушева мен "Талмас" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айнұр Құрманов келе алмаған.

"Азаттық" сыйлығы 2003 жылдан бері дәстүрлі түрде жыл сайын тапсырылып келеді. Лауреаттарға арнайы мүсін мен диплом беріледі. Ақшалай жүлде тағайындалмаған.

Өткен жылы "Азаттық" сыйлығы жеті адамға берілген еді.

Былтыр сыйлықты тапсыру қарсаңында қаржы полициясының өкілдері ұйымдастыру комитетіне мүше екі қоғамдық ұйым жетекшілерінің кеңселерінде тінту жүргізген еді. Белсенділердің айтуынша, билік өкілдері «Азаттық» сыйлығының тоғыз мүсінін, жеңімпаздарға берілуі тиіс дипломдарды тәркілеген.

Сол жолы прокуратура «Азаттық» сыйлығын қуғынға ұшыраған бизнесмен Мұхтар Әблязов тағайындаған деген жорамалға сілтеме жасап, сыйлықты ұйымдастыру комитетінің мүшелеріне «заңсыз ақшаны заңдастыру үшін жауапқа тартылатындары» туралы ескерткен еді.
XS
SM
MD
LG