Дүйсенбі күні Брюссельде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдымен Еуропалық кеңестің президенті Херман Ван Ромпуймен кездесті. Саясаткерлер Қазақстан мен Еуропа Одағының өзара байланыстарын, аймақтық мәселелерді және ЕҚЫҰ-ның алдағы саммиті туралы мәселелерді талқылаған.
БРЮССЕЛЬДЕГІ РЕСМИ КЕЛІССӨЗДЕР
Қазақстан президентімен кездесе салып баспасөз мәслихатын өткізген Ван Ромпуй журналистерге:
«Демократия, құқықтық норма және адам құқықтарын сыйлау тәжірибеде жүзеге асырылуы тиіс басты құндылықтар. Мен біздің кездесуімізде, өзара жақын, әрі мықты байланыстар осы құндылықтарды бірлесе сақтап қалуға сеп болатынына тоқталдым», – деді.
Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгін біз өте нәтижелі келіссөздер өткіздік. Еуропалық кеңес пен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастыққа қатысты
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен. Брюссель, 25 қазан 2010 жыл.
барлық мәселелерді талқыладық» деді. Ол сонымен қатар аймақтағы мәселелер мен ғаламдық проблемалар, Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдайлар, Иранның ядролық мәселесі туралы сөйлескендерін айтты.Сол күні Нұрсұлтан Назарбаев Брюссельде НАТО ұйымының бас хатшысы Андерс Фог Расмуссенмен де кездесіп, Қазақстан мен НАТО арасындағы ынтымақтастықтың жағдайы мен болашағы, халықаралық және аймақтағы қауіпсіздік мәселелері жайлы пікір алмасты.
Сейсенбі күні Қазақстан президентінің Брюссельде Еуропалық комиссия президенті Жозе Мануэль Баррозумен және Бельгияның премьер-министрі міндетін атқарушы Ив Летерммен кездесті.
ЕКІЖАҚТЫ САУДА КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық келісімі 1999 жылдан күшіне енген. 2006 жылы Қазақстан мен Еуропа Одағы арасында энергетикалық саладағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік келісім жасалған. 2009 жылы көлік қатынасы саласындағы ынтымақтастық бойынша түсіністік меморандумына қол қойылды.
Еуропа Одағының Қазақстанмен қарым-қатынасының басым бағыттары елде саяси реформаларды ынталандыру, экономикалық, сот жүйесі, әлеуметтік, инфрақұрылым мен энергетикалық саладағы ынтымақтастық мәселелеріне негізделеді.
Қазақстан мен Еуропа Одағының екіжақты сауда және экономикалық байланысы 2002 жылдан жаңа қарқын алды. Еуропа Одағы Қазақстанның бірінші сауда әріптесіне айналып, жалпы сыртқы сауда айналымы 40 пайызды құрады.
Қазақстан Еуропаға мұнай мен газ экспорттап, 2007 жылғы жалпы экспорт көлемі 80 пайыздан асты. Мұнай мен газдың мол қоры бар Қазақстанға Еуропа Одағы маңызды әріптес деп қарайды. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуын Еуропа Одағы қолдап отыр делінген еуропалық комиссияның таратқан хабарламасында.
СӨЗ БЕН ІСТІҢ АЛШАҚТЫҒЫ
Дәл осы күндері Брюссельде жүрген қазақстандық қоғам белсендісі Айнұр Құрманов қазанның 25-і күні Еуропарламент жанындағы адам құқықтары комитетінде Қазақстандағы адам құқығының бұзылып отырғаны туралы баяндады.
«Талмас» қоғамдық ұйымының жетекшісі Айнұр Құрманов, дүйсенбі күні Азаттыққа берген сұқбатында, елдегі ахуал туралы еуропалық парламент жанындағы комиссияда жасайтын баяндамасында қамтылатын мәселелерді атап өткен еді:
«Баяндаманың бірінші бөлігінде Қазақстанның 2007 жылы Мадридте берген уәделері туралы, олардың орындалмағаны жайлы айтылады. Елде еркін жиындар өткізу, сөз бостандығы мен саяси іс-шараларға қатысты демократияландыру уәделерінің іс жүзінде ешқайсысы орындалмады».
Сонымен қоса жақында ғана түрмедегілердің құқығын қорғау мақсатында құрылған «Озбырлықпен күрес» қоғамдық ұйым құрылтайшыларының бірі болған Айнұр Құрманов, еуропалық парламенттегі баяндамасында, Қазақстан түрмелеріндегі адам құқықтарының бұзылғаны жайлы әңгімелеп, нақты деректер келтіреді.
«Атап айтқанда, Вадим Курамшин мен оның үзеңгілестерінің белсенді жұмыстарының арқасында анықталған қамау орындарындағы жазасын өтеушілерді өлтіру, азаптап-қинау мен қорлау фактілері айтылады. Баршамызға мәлім, осы жылы көптеген түрмелерде бірнеше наразылық шаралары болды. Оның ішінде өздерінің қарнын тіліп тастаған оқиғалар, өзіне қол жұмсаған жайттар болды. Түрмелер мен колониялардағы адам төзгісіз жағдай мен түрме әкімшілігінің қамаудағыларды азаптауларына қарсылықтар туды», – деді Айнұр Құрманов.
Ол Қазақстан түрмелеріндегі азаптаулар мен адам өліміне қатысты айыпталған Қылмыстық түзету жүйесі комитетінен бірде-бір адам жауапқа тартылмағанын да атап өтті.
Сонымен бірге Айнұр Құрманов өз баяндамасында соңғы кезде Қазақстанда жүйелі түрде қоғам белсенділеріне қатысты арандатушылықтар болып жатқанын айтып, олардың бірқатары түрмеге тоғытылғанын атап көрсеткен.
«Дәлірек айтқанда, оларды бірінші ұрып-соғып, кейін бұзақылық жасады деген айып тағады. Не полицияға қарсы шабуылдар жасады немесе ұйымдастырды деген желеумен қамауға алады» деген Айнұр Құрманов мұнда әңгіме түрмеге жабылған Айдос Садықов, Ермек Нарымбаев, алғашында әкімшілік жазаға тартылып кейін қамауда соққыға жығылған Игорь Колов, 10 тәулік абақтыда отырып шыққан Вадим Курамшиндер турасында болып отыр дейді.
Айнұр Құрманов елдегі арандатушылық әрекеттердің соңғысы ретінде жаңаөзендік жұмысшылардың жұмысын тоқтатып, ереуілге шығуына түрткі болған Таған Қощановқа қатысты оқиғадан да хабардар етеді.
«Мұнда кәсіподақ белсендісі Таған Қощановқа қатысты арандатушылық туралы айтылады. Онда полиция оған есірткі салып жіберіп, қолдан жасалған айыппен іс қозғады. Соның салдарынан жаңаөзендік 8 мыңдай жұмысшы наразылық танытып, жұмысқа шықпады», – деді Айнұр Құрманов.
Айнұр Құрманов «қазіргі кезде бірқатар еуропалық депутаттар Қазақстандағы жағдайдың ресми Астана келтіріп отырған мәліметтермен сәйкес емес екендігіне көз жеткізіп отырғанын» айтады.
Жақында ғана Қазақстанда болып, елдегі жағдайды өз көзімен көріп қайтқан Еуропарламент депутаты Джо Хиггинстің Брюссельдегі кеңсесінен Азаттыққа хабарласқан «Талмас» қоғамдық ұйымының жетекшісі Айнұр Құрманов Еуропалық парламентте Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылып отырғанына шынымен алаңдап отырғандар бар деп сенеді.
– Олардың (Еуропарламент депуттарының - ред.) бұл айтылғандарға реакциясы өте қызық болды. Менің ойымша түрлі деңгейдегі және түрлі бағыттағы саясаткерлер Қазақстанның өз ішіндегі жағдайларға сыни көзқараспен қарай бастады деп санаймын. Осы жиналысты жүргізіп отырған Финляндия жасылдар партиясының төрайымы бізге қажетті уақыт беріп, Қазақстан билігі үкіметтік емес ұйымдардың балама саммитін өткізуге кедергі жасағысы келіп отырғаны турасында хабардар екенін қосып қойды. Бұған қоса осы талқылауға қатысып отырған Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Бекетаев мырзаға сұрақ қойғанда, ол жарытып жауап бере алмады.
Сонымен қатар Еурокомиссияның Орталық Азия бойынша өкілі де сөз сөйлеп, «2007 жылы сыртқы істер министрі Марат Тәжин берген уәделердің ешқайсысы орындалмады, Қазақстаннан көңіліміз қалды» деген сыңайда пікірін айтты, – деді Айнұр Құрманов Азаттық радиосына.
СЕЙСЕНБІ КҮНГІ ПИКЕТТЕ ЕУРОПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТЫ СӨЙЛЕДІ
Қазанның 26-ы күні Брюсселдегі Еуропарламент ғимараты алдында ондаған адам Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуына қатысты наразылық пикетін өткізді. Таңғы сағат онда басталған пикетте оппозиция белсендісі Айнұр Құрманов Айдос Садықовтың босатылуын және оппозиция белсенділерін қудалауды тоқтатуды талап етті. Бостандықты мұнай мен газға айырбастауға болмайды деген ұрандар айтылды.
Пикетке қатысқандар – негізінен жергілікті солшыл ұйымдардың өкілдері. Олардың арасында Бельгияның солшыл социалистік партиясының, кәсіподақтардың және жастар ұйымдарының өкілдері, басқа да елдерден келген жұмысшылар интернационалы комитетінің өкілдері болды.
«Пикетке жиналғандар алдында Еуропарламент депутаты Джо Хиггинс сөз сөйлеп, Қазақстан билігінің саясатын және Еуропа жетекшілерінің Қазақстандағы қазіргі жүйенің жетегінде кетіп отырғанын сынады», – дейді Айнұр Құрманов.