Сириядағы қарулы қақтығыстарға қатысып жатқан қазақстандықтарды «дұрыс жолға салып», елдегі азаматтарды «адасудан сақтандыру үшін» дайындалған «Шырмауық» атты қойылымның авторлары спектакльді әзірлеу барысында діни кеңесшілерге де жүгінгенін айтады.
Спектакльде шетелге оқуға кеткен болып, Сириядағы қарулы қақтығысқа барған қазақстандықтың өкініп, «қайтадан дұрыс жолға түсу» жағдайы баяндалады.
Қазіргі кезде Алматыдағы бірқатар оқу орындарында қойылып жатқан қойылым жазалау мекемелерінде де қойылады деп жоспарланып отыр. Азаттық тілшісі спектакльдің қоюшы режиссері, Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеевтен сұхбат алған еді.
Азаттық: - Сахан мырза, «жиһадпен күресу мақсатында» түсірілген қойылымөнер адамдарының идеясы ма, әлде ресми тапсырыс па?
Сахан Әкелеев: - Бізге ешқандай тапсырыс келген емес. Бұл - менің идеям. Бізге ешкім ештеңе айтқан жоқ. Бұл - қазіргі кезде адасып, теріс бағытта оңы мен солын танымай жүрген жастарды, дінді, дәстүрді терістеп, намаз оқымай жүргендерді «кәпір» деп жүрген бауырларымызды көргеннен кейінгі біздің іштен шыққан жан айқайымыз. Өзім де намаз оқимын. «Анау дұрыс, мынау бұрыс» деп жүргендерді өзіміз де жиі көреміз.
Өнерде жүрген біздің қаруымыз театр болғандықтан, өнер арқылы соны айтсақ, елге жеткізсек деген мақсаттан туды. Спектакль Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (Діни басқарма) барлық сараптамасынан өткен. Рұқсаттары бар. Бас прокуратура сарапшылары да көрген.
Азаттық: - Білуімізше, бұл спектакль Алматыда бірінші рет көрсетіліп жатқанмен, 2014 жылдың соңында дайын болған екен. Бұған дейін қай жерлерде көрсетілді?
Сахан Әлекеев: - Бұған дейін спектакль Шығыс Қазақстан облысындағы қылмыстық жазасын өтеп жүрген мекемелердің барлығында көрсетілді. Теріс жолға түсіп кетіп, спектальден соң жылап еңіреп тәубасына түскендер бар. Бір адамның өзін теріс райынан қайтарсақ, соның өзі де парызымыздың орындалғанын көрсетеді деп ойлаймын. Біз бұл спектакльді коллеждерде, ірі жоғары оқу орындарында көрсетіп келдік. Бұдан бөлек, облыстық театрдың өзінде де көрерменіміз бар. Сосын мәуліт айларында көрсетіп жатырмыз.
Азаттық: - Жобаны кім қаржыландырды?
Cахан Әлекеев: - Спектакльді Дін істері комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық басқармасы қаржыландырды. Облыстық мәдениет басқармасы да бізді қолдады. Ал Алматыға келген сапарымызды барған қайтқан жолды, тәулік ақыны Алматының орталық мешіті көтеріп алды.
Азаттық: - Өзге аймақтарға бару жоспарларыңызда бар ма?
Сахан Әлекеев: - Спектакльді кеше (13 сәуірде) Алматыдағы Студенттер сарайында қойдық. Егер Діни басқарма бүкіл Қазақстанға барып қайтуымызды қолдайтын болса, әсіресе, Батыс Қазақстанды аралап, соларға қойып беруге әзір екенімізді білдірдік. Енді 30 адамды алып жүру оңай емес қой.
Азаттық: - Алматыда студенттер өз еріктерімен барып жатыр ма немесе оқу орындарының басшылықтарымен келісіп, апарып жатсыздар ма?
Сахан Әлекеев: - Алматы әкімдігінің қолдауымен алдында осы жөнінде үлкен жиылыс болды. Жоғары оқу орындары басшыларына тапсырмалар берілді. Өйткені мұны елді дұрыс жолға салу мақсатында жасалып жатқан үлкен профилактикалық іс шара деп түсінемін және солай болды да.
Азаттық: - Көрерменнің реакциясы қалай болып жатыр?
Студенттер сарайындағы қойылымда студенттерге ешкім ескерту жасаған жоқ. 1 сағат 40 минут тапжылмай отырып, ортасында көңілдеріне жаққан тұстарында шапалақ ұрып отырды.
Сахан Әлекеев: - Қазіргі жастардың талғамынан шығу өте қиын нәрсе ғой. Оның үстіне қойылатын залдың өзі театр емес. Жоқтан бар жасап қойып отырмыз ғой. Мысалы, Студенттер сарайы 1537 орынға есептелген. Зал толған кезде оның акустикасы да басқа болады. Соны актерлердің микрофонсыз таза дауысымен жеткізіп, бүкіл келген көрерменді ұстап тұру деген оңай шаруа емес.
Студенттер сарайындағы қойылымда студенттерге ешкім ескерту жасаған жоқ. 1 сағат 40 минут тапжылмай отырып, ортасында көңілдеріне жаққан тұстарында шапалақ ұрып отырды. Артынан ұстаздар мен студенттер келіп пікірлерін айтып, алдағы уақытта кездесу жасасақ, осы тақырыпты кеңірек талқыласақ деп ұсыныс айтып жатты.
Азаттық: - «Шырмауық» спектакльдегі басты кейіпкердің өмірдегі прототипі бар ма? Оқиға шын өмірде болған ба?
Сахан Әлекеев: - Жоқ, қойылым сюжеті ойдан шығарылған. Таза автордың өзінікі. Өмірде болмаған оқиға. Оқиғаның бәрі ойдан құралған. Біз осы тақырыпқа қойылым жазып беріңіз деп актер әрі драматург Иісбек Әбілмәжіновке ұсыныс жасаған едік. Содан кейін осы спектакль жазылды.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!