Accessibility links

Прокуратура ескертуінен кейін бетперде кию сөз болды


Гай Фокс бетпердесін киген адамдар. АҚШ, 10 ақпан 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
Гай Фокс бетпердесін киген адамдар. АҚШ, 10 ақпан 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

Прокуратура бірнеше азаматқа алдын-ала ескерту қағазын беріп, «қаңтардың 28-і күні Алматыда ететін митингіге қатыспау керегін» айтты.


Прокуратура «митингіні өткізуге жергілікті әкімшіліктің рұқсат бермегенін, Қазақстанның арнайы заңнамасы бұзылмас үшін алдын-ала ескерту жасалып отырғанын» ескертеді.

«АБАҚТЫҒА ДА ДАЙЫНМЫН»

Прокуратурадан келген құжатта «..жиналыс, жиын, пикет, шерулерді ұйымдастыру және өткізу тәртібіне байланысты заңнаманы бұзған жағдайда ұйымдастырушылар мен оған қатысушылар Қазақстан республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 373-бабы бойынша әкімшілік жазаға немесе Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің 334-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін» деп жазылған.

Мұндай ескертуді митингіні ЖСДП атынан ұйымдастырып отырған саясаткерлер Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілов, Әміржан Қосанов, Маржан Аспандиярова, азаматтық қоғам белсенділері Бақытжан Төреғожина, Ринат Кибраев, Дмитрий Тихонов, т.б. азаматтар алған.

Ескерту алғандардың бірі, ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов митингіге
ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 6 қаңтар 2012 жыл.
ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 6 қаңтар 2012 жыл.
Қазақстан республикасының конституциясын ұстап баратынын айтады.

- Оған (конституцияға - ред.) сәйкес біз ертең алаңға шығып, өз пікірімізді білдіруге толық қақылымыз. Яғни біз бейбіт шараға барамыз. Сондықтан арандату болып жатса, оған оппозиция емес, билік өзі кінәлі болады. Ана жолғы наразылық акциясы үшін бізге айыппұл салды. Енді жаза ауырлай түспек. Оны ескертіп, жұмысқа прокурор да келіп кетті. 15 тәулікке абақтыға жабуы мүмкін. Оған да өз басым дайынмын, - деп жазды ол Facebook парақшасында.

Белсенді азаматтарға берілген ескерту жайында толығырақ білмек болып Алматы қалалық прокуратурасына хабарласқанымызда, баспасөз қызметінің хатшысы Гүлнар Байсақанова «бәленбай бөлімнің кімге ескерту жасағанын-жасамағанын» білмейтінін айтып, «ресми сауал жолдауды» сұрады.

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің өкілі Ернұр Уәли де осы жауапты қайталады.

ЖИЫН ӨТКІЗУДІҢ ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаевтың түсіндіруінше, «Прокуратура туралы заңға» сәйкес, прокуратура өкілдері «азаматтар мен ұйымдардың іс-әрекеттері алдағы уақытта заң бұзуға ұласатын болса, онда ескерту қағазын жібере алады».

– Бейбіт жиындар өткізу туралы заңдағы ережелерге сәйкес, мұндай ескертуді
Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. Алматы, 13 қаңтар 2012 жыл.
Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. Алматы, 13 қаңтар 2012 жыл.
прокуратура емес, жергілікті атқарушы органдары жасауға тиіс және жаңағыдай алдын-ала емес, «заңсыз жиналыс» кезінде хабарлайды, – дейді Амангелді Шорманбаев.

Оның пікірінше, прокуратураның ертеңгі митинг жайлы ескертуі – моральдық тұрғыда алғанда, «адамдарды қорқыту, үркіту» әрекеті.

Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, Қазақстанның заңы бойынша – қандай да бір жиын, митинг ұйымдастыру үшін әкімшіліктен рұқсат сұрау етуді талап етеді, ал Қазақстан қол қойған халықаралық құжаттарға сәйкес – бейбіт жиын өткізу үшін тек жергілікті атқарушы органдарға ескерту жеткілікті.

Заңгер «мемлекет өзі қол қойған Адам құқықтары пактісі бойынша адам құқықтарын сақтауға және оны іске асыруға мүмкіндіктер жасауға міндетті» екенін айтады.

– Мемлекет мұны заңдар қабылдау арқылы жүзеге асыра алады. Заң қабылдауы керек. Егер ескі заң болса, жаңа заң қабылдауы керек. Ал мемлекетіміз оны қабылдамай жатыр. Яғни ол пактінің талаптарын орындамай жатыр, – дейді Амангелді Шорманбаев.

БЕТПЕРДЕ

«Азаматтар мұндай заңның қабылдануын күтпей-ақ, конституцияда жазылған өз құқықтарын жүзеге асырудың әлемдік тәжірибеде қолданылып жүрген түрлі амалдары бар. Соның бірі – митингіге бетперде киіп бару» дейді белсенділер.

Дәл осындай амал ЖСДП жиынына бір күн қалғанда интернетте талқыланды.
Студенттердің тәуелсіз кәсіподағының жетекшісі Ринат Кибраев. Алматы, 11 қаңтар 2011 жыл.
Студенттердің тәуелсіз кәсіподағының жетекшісі Ринат Кибраев. Алматы, 11 қаңтар 2011 жыл.
Біреулер «бұл амал авторитарлық қоғамда тиімсіз» десе, енді бірі «бұл тәсілдің пайдалы жағы бар» дейді.

– Бұл сияқты шараға бірінші рет қатысатын адамдар, әсіресе жастар бетперде киіп келуі мүмкін. Бірақ шараны бақылап тұратын құқық қорғау органдары олардан бетпердесін шешуді күштеп талап етпейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Тіпті олардың бәрін ұстауы да мүмкін. Мұндай амал-тәсіл іске аса ма, жоқ па – оны ертең білерміз, – дейді студенттердің тәуелсіз кәсіподағының жетекшісі Ринат Кибраев.

Ал құқық қорғаушылардың пікірінше, «қандай киім киіп, қалай жүру – әр адамның жеке шаруасы». Олардың айтуынша, «тіпті рұқсат етілмеген, заңсыз митингіге бетперде киіп келсе, ешқандай заңсыз әрекет жасамаса, полицияның бетпердені шешуді күштеп талап ете алмайды».

– Егер адам қоғамға қауіп төндірмесе, ондай адамдардың тіпті төлқұжатын көрсетуді талап етуге полицияның құқығы жоқ, – дейді «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының басшысы Бақытжан Төреғожина.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG