Жаңадан енгізілген электрондық билет студент Іңкәр Бекенова үшін тиімсіз болып шыққан.
- Студенттің айлық жолақы билеті айына 2 мың 500 теңге тұратын. Ал «Оңай» электрондық билетінің бағасы – 400 теңге, бұл сома қоғамдық көлікпен 10 рет жүруге ғана жетеді. Оны үнемі толтырып отыру керек, бұл көп уақытыңды алады. Одан гөрі жолақы билетін сатып алған оңай еді. Студенттердің көбі сияқты мен де қоғамдық көлікпен күніне бірнеше мәрте жүремін ғой, - дейді Іңкәр Бекенова Азаттыққа.
Зейнеткер Сағыныш Мұхамеджанова фотосуретке түсу үшін көп уақытын жоғалтып, аудан әкімдігіне баруға тура келгенін айтады. Билетті өзгелер пайдалана алмас үшін «Оңай» электрондық билетінде жолаушының жеке фотосуреті болуы тиіс. Зейнеткер Сағыныш Мұхамеджанова «аудандық әкімдіктегі топырлаған кезекке қарағанда, алматылықтар жол ақысын төлеудің жаңа ережелеріне әзір емес болып шықты» дейді.
АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ МЕН КЕМШІЛІКТЕРІ
Алматы билігінің айтуынша, электрондық билеттерді енгізу жобасы қоғамдық көлікті басқару процесін жақсарту, қоғамдық көлік қызметі тиімділігін арттыру мақсатында іске қосылған. Ресми ақпаратқа сәйкес, қазір 140 мыңға жуық карта берілген.
«Оңай» жолаушылар сапарын тіркеуге арналған терминалдарын орнатумен айналысатын «Алматы қаласы көлік холдингі» компаниясының PR және маркетинг бөлімінің бастығы Эльмира Киргеева Азаттыққа:
- Алматы қаласындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде тіркелген зейнеткерлердің саны әртүрлі. Сондықтан өтініштерді қабылдау кезінде зейнеткерлер көп тұратын аудандарда кезектер пайда болды. Арнайы сәкілер қойылып, шай-су, кәмпит-печенье қойылған үстелдер ұйымдастырылды, - дейді.
«Оңай» электрондық билетіне кезекке тұрған зейнеткерлер (Асылхан Мамашұлының видеосы):
Бөлім бастығының айтуынша, тұрғындардың «терминал арқылы ақша салу қолайсыз» деген шағымына орай қазір картаны банк жүйесі арқылытолтыру мәселесі қаралып жатыр.
Эльмира Киргееваның айтуынша, электрондық билет жүйесі қоғамдық көлікпен жүретін жолаушылар легі мен қоғамдық көлік қызметкерлері туралы деректер жинауға және маршруттардың ұтымдылығын талдауға мүмкіндік береді әрі қызмет көрсету сапасын жақсартады. Бөлім бастығының мәлімдеуінше, жүйе көлеңкелі ақшаны айналымнан шығарып, қала бюджетіне түсетін салықты көбейтуі тиіс.
- Терминал сынып қалса, «қабылдау-өткізу» актісіне сәйкес жолаушы тасымалдаушылар жауап береді. Қоғамдық көлікпен жолаушы тасымалдау лицензиясы бар компанияларға материалдық жауапкершілік жүктелетіні келісім-шартта көрсетілген, - дейді Эльмира Киргеева.
Бірақ билік электрондық терминалдарды қиратып, сындырады деп күтпеген тәрізді. Өткен аптада №13 автобус салонында біреулердің «Оңай» терминалын сындырып кеткені хабарланды. Бір терминал 232 мың теңге тұрады. Қазір «электрондық билет жүйесі жұмысына қоғамдық көлік жүргізушілері бөгет болып жатыр» деген пікірлер айтылып жүр. Әлеуметтік желілерде скептиктер «19-ғасырдың басында Англияда осыған ұқсас жағдай болып, жұрт тоқыма станоктары түріндегі техникалық прогресс жетістігін енгізуге қарсы болған» деп кекетеді.
№67 автобус жүргізушісі Ерасыл Мұхатбеков автобустарға электрондық терминал орнатуға қарсы екенін айтады.
- Автобус жүргізушісі болып жұмыс істегеніме үшінші жылға айналды, ай сайын 300 мың теңге жоспар орындауымызды талап етеді, одан 60-70 мың теңге жалақы төлейді. «Оңай» терминалы бізге тиімсіз, одан гөрі контролерлермен жұмыс істеген жақсы. Бұл терминал жолаушыларға және оны орнатқандарға ғана тиімді, - дейді Ерасыл Мұхатбеков Азаттыққа.
Жеке заңгер Олег Тихонов «Оңай» электрондық билет сату жобасы көлік холдингі мүддесі үшін ғана құрастырылған деп санайды. Ол Азаттыққа берген комментарийінде «холдинг өкілдері өз тауарын пайдалануға мәжбүрлеп отыр әрі сынған жабдықтың жауапкершілігін тасымалдаушыға артып қойған, ал қоғамдық көлікте жолаушы қарасы үнемі көп болады, сондықтан кептеліс-сығылыстарда терминалдардың әлі талайы сынады» дейді.
Қазақстан «Оңай» электрондық билет жүйесіне келесі жылы қаңтардың 1-інен бастап толық көшеді деп жоспарланған.
Мақаланы қазақ тіліне аударған - Айжан Оралғазина.