Accessibility links

2013: Халықаралық рейтингтердегі Қазақстан


Алматылық жастар. (Көрнекі сурет)
Алматылық жастар. (Көрнекі сурет)

Әл-ауқат деңгейі жөнінен әлемдегі алғашқы елу ел қатарына енген Қазақстан жемқорлық пен баспасөз бостандығына келгенде тізімнің соңына түсіп қалады.

Азаттық Қазақстанның 2013 жылғы әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштеріне шолу жасап шықты.

ӘЛ-АУҚАТ

Халықаралық Legatum зерттеу институты жасаған «Әлемдік әл-ауқаттылық – 2013» рейтінгісінде Қазақстан 142 елдің арасында 47-орында тұр.

Бұл рейтингте халықтың тұрмысы, денсаулығы, бостандығы, білім деңгейі ескеріледі.

Халқының әл-ауқаты жоғары елдердің ондығына Норвегия, Швейцария, Канада, Швеция, Жаңа Зеландия, Дания, Австралия, Финляндия, Нидерланд пен Люксембург кірген.

Автобус жасап отырған қазақстандықтар. Астана, 19 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Автобус жасап отырған қазақстандықтар. Астана, 19 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Постсоветтік елдерден Эстония (36-орын) мен Литва (43-орын) Қазақстанның алдында тұр.

Ал Латвия (48-орын), Беларусь (58-орын), Ресей (61-орын), Өзбекстан (63-орын), Украина (64-орын), Қырғызстан (80-орын) бұл тізімде Қазақстаннан кейін орналасқан.

Әл-ауқат деңгейі ең төмен елдер қатарына Того, Бурунди, Гвинея, Йемен, Ауғанстан, Конго, Орталық Африка республикасы, Чад кірген.

ИННОВАЦИЯ

Еуропалық INSEAD бизнес-мектебі, америкалық Корнелл университеті мен дүниежүзілік зияткерлік меншік қауымдастығы жариялаған инновациялық рейтингте Қазақстан 142 елдің арасында 84-орында тұр.

Рейтинг ғылыми жаңалықтардың ашылуы, адам капиталы, бизнестің дамуы сынды индекстер бойынша дайындалған. Инновациялық рейтингтің алғашқы ондығына Швейцария, Швеция, Ұлыбритания, Голландия, АҚШ, Финляндия, Гонконг, Сингапур, Дания және Ирландия кірді.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ

Қазақстан Бүкіләлемдік энергетикалық конгрестің «Энергетикалық тұрақтылық – 2013» рейтінгісінде 129 елдің арасында 58-орында тұр. Бұл рейтинг энергетикалық қауіпсіздік (Қазақстан бұл тізімде 6-орында), халықтың энергетикаға қол жетімділігі (Қазақстан 35-орында) және экологиялық энергетиканы пайдалану (Қазақстан 116-орында) индекстерінің қосындысы бойынша жасалған. Үш индекстің қосындысы бойынша алғашқы бестікке Швейцария, Дания, Швеция, Австрия мен Ұлыбритания енген.

ЖЕМҚОРЛЫҚ

Transparency International ұйымының әлем елдеріндегі жемқорлық жағдайын
Қоғамдық ұйым өкілдері Алматы қалалық соты алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. 17 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қоғамдық ұйым өкілдері Алматы қалалық соты алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. 17 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
салыстырған рейтінгісінде Қазақстан 2012 жылмен салыстырғанда жеті сатыға төмендеп, 175 елдің арасында 140-орында Гондурас, Лаос, Угандамен бірге тұр.

Transparency Kazakhstan ұйымы директорының орынбасары Қуат Рысқұлов Азаттыққа берген сұхбатында «Қазақстанның мемлекеттік органдары - ең жемқор сала» деп сипаттаған еді.

БАСПАСӨЗ ЕРКІНДІГІ

Қазақстан Freedom House ұйымының 197 елдегі жағдайды сараптаған «Баспасөз бостандығы – 2013» рейтінгісінде Лаос, Сауд Арабиясы, Сомали, Вьетнам, Батыс жағалау және Газа секторымен бірге 182-орында («еркін емес елдер») тұр. Ұйым «Қазақстанда баспасөз бостандығы жоқ» деп бағалаған.

Баспасөз еркіндігі кең елдер ретінде Норвегия, Швеция, Бельгия, Финляндия, Нидерланд, Дания, Люксембург, Швейцария, Андорра, Исландия мен Лихтенштейн алғашқы ондыққа енген. Тізімнің ең соңында Өзбекстан, Солтүстік Корея мен Түркіменстан тұр.

Ал «Шекарасыз тілшілер» (RWB) баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы жариялаған дүниежүзілік баспасөз еркіндігінің рейтінгісінде Қазақстан 179 елдің арасында 160-орында тұр. Бұл рейтинг бойынша баспасөзі еркін елдердің тізімін осымен екінші жыл қатарынан Финляндия және Нидерланд бастап тұр. Тізімнің соңында биыл да өткен жылғыдай Түркіменстан, Солтүстік Корея және Эритрея қалған.

ИНТЕРНЕТ ЖЫЛДАМДЫҒЫ

Қазақстан интернет жылдамдығы (жүктеп алу) жөнінен NetIndex компаниясы соңғы 30 күнгі мәлімет негізінде жасаған рейтингте 53-орында тұр.

Интернет клубта интернет қарап отырған адам. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Интернет клубта интернет қарап отырған адам. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы интернет жылдамдығы орта есеппен секундына 13,57 мегабайт (Мб/с) болған.

Гонконг (70,42 Мб/с), Сингапур (59,18 Мб/с), Румыния (55,16 Мб/с) интернет жылдамдығы жоғары елдер ретінде рейтингтің алғашқы үштігіне енген. Рейтингте бұрынғы совет елдерінен Литва (7-орын), Латвия (13), Молдова (15-орын), Эстония (21-орын), Ресей (29-орын), Украина (34-орын) және Қытай (41-орын) Қазақстаннан жоғары орналасқан. Ал Тәжікстан (58-орын), Армения (61-орын), Беларусь (83-орын), Қырғызстан (77-орын), Әзербайжан (114-орын) мен Өзбекстандағы (168-орын) интернет жылдамдығы Қазақстаннан төмен. (16 қаңтардағы дерек – ред.).
XS
SM
MD
LG