Accessibility links

Қазақстан даму индексінде бір саты төмен түсті


Құдықтан су тасып бара жатқан әйел. Шығыс Қазақстан облысы. Көрнекі сурет
Құдықтан су тасып бара жатқан әйел. Шығыс Қазақстан облысы. Көрнекі сурет

БҰҰ адам әлеуетінің даму индексі бойынша Қазақстандағы өмір сүру ұзақтығы Гондурас пен Алжирден аз. Қазақстан денсаулық саласына ЖІӨ-нің - 2,5 пайызын, дамыған елдер 9 пайызын бөледі.

Жаңаөзен қаласының тұрғыны Қамажай Тұрғанбаева тері ауруына шалдыққан қызын емдете алмай жүргенін, Алматыдағы ауруханаларға көрінсе де, еш нәтиже шықпағанын айтып қапаланады.

- Қызым күнге шыға алмайды. Күн жарқыраған сайын түлеп қатты қызарып кетеді. Дәрігерлердің айтуынша, бұл «мировая болезнь» екен. Емдету үшін Алматыға келіп, он күн жаттық. Жеңіл-желпі ем қабылдады. Іш-құрылысын да емдеген. Бірақ еш нәтиже шықпады. Интернеттен қарасам, мұндай ауруды Израильде емдейді екен. Бірақ оған жағдай жоқ. Дәрігерлер көмек бере алмаса, мүгедектікке шығарып беруін өтінген едім. Бірақ «болмайды» деген жауап алдым, - дейді ол. Оның сөзінше соңғы жылы дәрілер де қымбаттап кеткен.

Ол дәрігерлердің науқастармен қарым-қатынас жасау тәсіліне де шағымданды.

- Дәрігерлерге барсаң бірден қарамайды. Не істеп жатырсың, қандай дәрі керек, оларды алуға жағдайың жете ме, жетпей ме, онымен шаруасы жоқ. Бірден жазып береді. Болды. Өз басым бір дәрі алғанда 12 мың теңге кетеді. Ал жалақым болса 40 мың теңге. Балаларымның әкесі қайтыс болған. Қайдан көмек аларымды білмеймін, - дейді Қамажай Тұрғанбаева.

Қазақстан денсаулық сақтау саласына жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызын жұмсайды. Бұл көрсеткіш дамыған елдерде 8-9 пайызға дейін жетеді.

Наурыздың 14-інде жарияланған БҰҰ-ның адам әлеуетінің даму индексінде осындай мәліметтер айтылады.

БҰҰ - әлем елдеріндегі даму индексін ондағы өмір сүру ұзақтығы, халықтың білім алу мүмкіндігі, өмір сүру сапасы сияқты көрсеткіштерге қарап бағалап отырады.

БҰҰ-ның баяндамасына сәйкес, әлемде өмір сүру сапасы ең жоғары ел - Норвегия. Алғашқы бестікке онымен бірге Австралия, АҚШ, Нидерланды және Германия кіреді.

Ал адамның дамуына ең нашар жағдай жасалған ел ретінде Конго демократиялық республикасы мен Нигер аталған.

АУҒАНСТАННЫҢ ДАМУЫ ЖЫЛ САЙЫН ЕКІ ПАЙЫЗҒА ӨСІП КЕЛЕДІ

Әйтсе де баяндама авторлары соңғы он жылда барлық елдердің адам мүмкіндіктерін кеңейту бағытында тұрақты түрде алға жылжып келе жатқанын баяндайды.

Бұл тұста 2000 жылдан бері жыл сайын екі пайыздан жоғары көрсеткіштерге жетіп отырған Ауғанстан, Эфиопия, Руанда, Ангола және тағы басқа елдердің жетістіктері ерекше аталып өткен.

Құжатта денсаулық, білім және табыс табудағы теңсіздік жағдайы бойынша рейтингтің басында тұрған кейбір елдердің төменге сырғып кететіні айтылған.

Мысалы, елдің ішіндегі теңсіздік жағдайын есептегенде АҚШ 3-орыннан бірден 16-орынға түсіп кетсе, былтыр 12-орында тұрған Оңтүстік Корея 28-орынға бір-ақ төмендеген.

Индекске сәйкес, әлем халқының 1 миллиард 560 миллионы көп қатпарлы кедейшілікте" (The Multidimensional Poverty Index) өмір сүреді. Олардың көбі Африка мен Оңтүстік Азияда шоғырланған.

Құжатта сонымен бірге мемлекеттердің сауда қарым-қатынас деңгейі, көші-қон саласында тенденциялар, интернетпен байланыс жүйесінің қарқын алуы, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы және тағы да басқа көрсеткіштер қамтылған.

ТРИНИДАД ПЕН ГОНДУРАСТАН КЕЙІН ҚАЛУ

Даму индексі бойынша Қазақстан тізімдегі 187 елдің ішінде 69-орында тұр. Өткен жылмен салыстырғанда бір саты төмендеген Қазақстанның алдына Тринидад және Тобаго шыққан.

Әрбір тұрғынға шаққанда орташа жылдық табыс көлемі – 10,451 АҚШ доллары. Азаматтардың орташа оқу ұзақтығы - 10,4 жыл.

Даму индексі бойынша төмен көрсеткішті елдерде теңсіздік деңгейі де жоғары болады.

Қазақстанның білімге қол жеткізу, денсаулық сақтау, табыс көрсеткіштері бойынша азаматтар арасындағы "теңсіздік" деңгейі - 13,5 деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш өмір сүру сапасы жоғары болып есептелетін Норвегияда 6,4-ке тең.

Қазақстан халық сауаты, білім беру, гендерлік теңдік көрсеткіштері жағынан жоғары тұрғанымен өмір сүру ұзақтығы бойынша Гондурас пен Алжир сияқты елдерден артта қалған.

Қазақстандағы өмір сүру ұзақтығы 67,4 жасты құраса, Гондураста - 73,4, Алжирде - 73, Қырғызстан мен Өзбекстанда - 68 жас.

Мамандардың айтуынша, өмір сүру ұзақтығына негізінен елдің әлеуметтік жағдайы, тұрмыс деңгейі, денсаулығы, экологиялық ахуалы тікелей әсер етеді.

Өткен жылы қазан айында Қазақстанның статистика агенттігі халықтың өмір сүру сапасына қатысты сауалнама нәтижесін жариялаған еді.

Ресми зерттеуге қатысқан 12 мың отбасының 9 пайызы - жағдайы нашар, 87 пайызы орташа табыс табатын, тек 3,6 пайызы ғана табысы жоғары отбасы болып шыққан болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG