Accessibility links

Өзбекстаннан Қазақстанға жаяу қашу


Өзбекстаннан Қазақстанға "қашып келген христиан" Әбдірешид Кушаев. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.
Өзбекстаннан Қазақстанға "қашып келген христиан" Әбдірешид Кушаев. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.

Өзбекстаннан жаяу-жалпылап қашқан 51 жастағы христиан Әбдірешид Кушаев Алматыдағы көші-қон полициясынан босқын мәртебесін беруді сұраған. Ол «елімде кемсіту көріп, милиция озбырлығына тап болдым» дейді.

Өзбекстанда туып-өскен татар, орыс тілінде сөйлейтін Әбдірешид Кушаев тағдырдың жазуымен әрі бюрократияның кесірінен азаматтығы жоқ адамға айналған. Төлқұжаты жоқ. Ол Өзбекстаннан заңды жолмен кете алмаған, ал Өзбекстанда тұруға рұқсат беретін ықтияр хаттың жарамдылық мерзімі биыл ақпанның 5-і күні біткен. Ол жақтан наурыздың басында қашып шыққан Кушаев өзбек-қазақ шекарасынан жаяу әрі заңсыз өтіп, тау ішімен үш күн жүрген.

ТАУ АРАСЫ

Кушаев Өзбекстаннан наурыздың 3-і күні қашып шыққан. Ташкенттен шыққан соң тау бөктеріндегі Газалкент жаққа (Ташкент облысындағы Бостандық ауданы орталығы) барған. Ол жақтағы Ақтас шатқалында орналасқан демалыс орнынан көлік алған.

- Ол жақтан шығып, тау арасымен Қазақстанға беттедім. Теріскейді телефонымдағы компасқа қарап біліп отырдым. Бір тәулік немесе жарты күнде жетемін деп шамалағанмын, бірақ үш күн, екі түн жүрдім, - деп еске алады Кушаев.

Бірінші күні таудың қия беткейіне түнеген Кушаев мүлде ұйықтамаған. Беткейдің тік болғаны сонша, ол от та жаға алмаған.

Абдрешид Кушаевқа берілген Қазақстаннан баспана сұраған тұлғаның құжаты. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.
Абдрешид Кушаевқа берілген Қазақстаннан баспана сұраған тұлғаның құжаты. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.

- Ал екінші күні оңайлау болды. Үстімді кептіріп, итмұрын, долана, сиырқарақат теріп жедім. Үшінші күні жол-жөнекей малшы қазақтар кездесіп, аздаған айран берді. Үшінші күннің кешінде - наурыздың 5-і күні Қазығұрттың тұсына келгенде таудан түстім. Бірден жолым болып, автобуспен наурыздың 6-сы күні таңертең Алматыға жеттім. Көп жүргеннен аяқтарым қатты ауырды, 10 күндей баса алмай жүрдім, - дейді Кушаев.

Алматыға келген соң Кушаев үш күн қонақүйде тұрған, кейін арзан пәтер жалдаған.

- Көмек сұрап, Алматыдағы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасына бардым. Бірақ, неге екені белгісіз, олар әуелі Қазақстаннан пана сұрау керек деген шарт қойды. Ал мен Еуропа елдерінің бірінде, христиандардың арасында тұрғым келеді. Негізі, Қазақстанда қалғым келмейді. Үшінші бір елге кетуге көмектесулерін сұрадым. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасы «мұнда үш ай тұрып, күту керек» дейді. Бірақ оған ақша керек қой. Неге бұлай созбақтайтындарын білмеймін. Бұл Мәскеудің ықпалы болуы мүмкін. Мәскеу араласқан жерде адам құқығы қатты шектеледі ғой, - деп болжайды Әбдірешид Кушаев.

Бұл - Кушаевтың Өзбекстаннан екінші рет қашуы. Бірінші рет ол жақтан 2002 жылы қашқан.

АЛҒАШҚЫ ҚАШУ

Әбдірешид Кушаевтың айтуынша, оның сергелдеңі әкесі Тауфик Кушаевтан қалған үйдің қашасын сындырған бұзақының үстінен милицияға шағымданғаннан кейін басталған. Кушаев «милиция бұзақымен бірге оның өзін де жауып тастағанын» айтады. Ол «құқығымды айта бастап едім, милиционерлер тіпті өшігіп алды» дейді.

Үстімді кептіріп, итмұрын, долана, сиырқарақат теріп жедім. Үшінші күні жол-жөнекей малшы қазақтар кездесіп, аздаған айран берді.

Кушаевтың болжамынша, әлгі бұзақы жігіт өздігінен емес, үйді тартып алғысы келген милиция нұсқауымен әрекет еткен. Оның әкесінен алты сотық ортақ ауласы бар бір емес, екі үй мұраға қалған.

- Қазір сатсам, екі үй біраз ақша шығарар еді. Бірақ қысым күшейіп кеткен соң мұның өзінен айырылып қалармын деп қорқып, кезінде тиын-тебенге бере салғанмын. Әлгі екі үй мен жер телімін небәрі үш мың долларға саттым, - дейді Кушаев.

Әбдірешид Кушаев әкесінен қалған үйді 2002 жылы сатып, анасына Ташкенттің орталығынан бір бөлмелі пәтер сатып алып, қалған ақшаны сол кісіге берген. Өзі жолға жетерлік ақша алып, Ресейге қашқан.

Әбдірешид Кушаев «Әкемнен қалған үйді сатқан ақшаға бұрынғы әйелім таласты. Оны милиция қолдап, ақшаны бұрынғы әйеліммен бөлісуді талап ете бастады. Бірақ ол әрекеттерінен ештеңе шықпады. 2002 жылы Ресейге қашуыма милицияның «бейтараптық» танытпауы түрткі болды» дейді.

Өзбекстаннан қашып келген Кушаевты Ресейден шығарып жіберген. Оның бұл шешімге қатысты шағымдану әрекетінен ештеңе шықпаған. Ақыры Ресейдің көші-қон органдары Кушаевты 2004 жылдың шілдесінде депортациялаған. Оны мемлекет есебінен Қазан-Ташкент рейсі ұшағына отырғызып, Ресейден шығарған.

Өзбекстанға келген соң Кушаев халықаралық және Өзбекстан заңдарын оқып, Freedom House сияқты құқық қорғау ұйымдарына барып, білімін жетілдірумен айналысқан. Кейінгі жылдары Кушаев елден заңды жолдармен кетуге тырысқан немесе тағы қашуға дайындалған.

- АҚШ елшілігінен көмек сұрадым. Ешкімнен қайран болмады. Сөйтіп жүргенде ықтияр хаттың жарамдылық мерзімі бітті әрі тіркеуге де тұрғызбады. Биліктің кесірінен Өзбекстан аумағында заңсыз жүрген адамға айналдым. Өзбекстанда орыс тілді азаматтардың құқығын ешкім қорғамайды, - дейді Кушаев.

АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ ТҰЛҒА

Әбдірешид Кушаев «басымдағы ең үлкен проблема - азаматтығым жоқ» дейді. Өзбекстанда ұзақ жыл тұрғанына қарамастан, оған билік азаматтығы жоқ тұлға ретінде ықтияр хат қана берген. Кушаевтың әке-шешесі Өзбекстанда тұрып, қайтыс болғаны да ескерілмеген.

Әбдірешид Кушаевтың Өзбекстан билігі берген тұрақты тіркеу жөніндегі құжаты. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.
Әбдірешид Кушаевтың Өзбекстан билігі берген тұрақты тіркеу жөніндегі құжаты. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.

Әбдірешид Кушаев совет заманында – 1964 жылдың ақпанында Өзбек ССР-ы астанасы Ташкент қаласында туған. Әскерден келген соң екі жылдан кейін үйленіп, Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударған. Ол жақта екі жыл тұрып, Өзбекстанға оралған соң, 1991 жылы әйелінен ажырасқан. Сол жылдың күзінде үйленген екінші әйелімен Кушаев алты жыл тұрған.

- 1992 жылы мамырда екінші әйелімді ертіп Татарстанға бардым. Ол жақта бір жыл тұрдық. Өзбекстанда азаматтық туралы заң 1992 жылдың шілдесінде қабылданды, ал мен елден одан бұрын кетіп қалғанмын. Сондықтан маған Өзбекстан азаматтығын бермейді. Ал Ресейде азаматтық туралы заң 1992 жылдың ақпанында қабылданған. Сондықтан маған Ресей азаматтығын алу да қиын. Қазір азаматтығы жоқ тұлғамын, - деп түсіндіреді Кушаев.

Әбдірешид Кушаевтың әке-шешесі - ұлты татар атеистер. Ал өзі 1995 жылы 31 жасында Ташкенттегі баптистер шіркеуінде шоқындырылған. 10 жылдан кейін өзге шіркеуге ауысқан. Діни көзқарасындағы өзгерістерді баяндаған Кушаев:

- 2005 жылдан бері Новоапостол шіркеуіне (орталығы Швейцарияның Цюрих қаласында орналасқан) мүшемін, - дейді.

Кушаев Алматыда Төлебаев көшесінде орналасқан Новоапостоль шіркеуіне барғанын айтады.

- Олар мені жылы жүзбен қарсы алды. Аздаған киім-кешек берді. Ең бастысы, рухани көмек көрсетті, - дейді ол.

«ЕНДІ АЛМАТЫДА КҮТУІМ КЕРЕК»

Қазақстандағы адам құқығы бюросы қызметкері Андрей Гришиннің айтуынша, өмір бойы Өзбекстанда тұрған адамға ел билігі нақты не себеппен төлқұжат бермегенін, оның үстіне, ықтияр хаттан айырғанын анықтау мүмкін емес.

- Бірақ қалай болса да бұл адам «санаттан шығып қалған», еш жерде тіркеуде жоқ, яғни оны «өшіріп» тастаған. Біз Кушаевқа заң жағынан ғана көмектесе аламыз. Қазір алғашқы көмек көрсетуді сұрап, бір қорға өтініш жолдадық, - дейді Андрей Гришин Азаттық тілшісіне.

Жаңа көші-қон заңына сәйкес, Қазақстанда баспана алу туралы өтініштер ішкі істер министрлігі жанындағы көші-қон полициясы комитетіне жолдануы тиіс.

Әбдірешид Кушаевтың тұрақты тіркеу туралы құжатындағы мәліметтері. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.
Әбдірешид Кушаевтың тұрақты тіркеу туралы құжатындағы мәліметтері. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.

Алматыдағы БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы қызметкері Жанна Досова «Еуропа елдерінің заңы бойынша, пана сұрау туралы өтінішті сол елде тұрып жатқан адамның өзі беруі тиіс. Яғни ол Еуропа елдерінің бірінде тұруы тиіс. Қазір Алматыдағы БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы Әбдірешид Кушаевтың Еуропа елдерінің біріне қоныс аударуына көмектесу жағын қарастырып жатыр. Бұл - қиын шаруа, өйткені әуелі ол елден бұл адамды қабылдаймыз деген келісімін алу керек» деп түсіндіреді.

Алматыдағы көші-қон полициясы Әбдірешид Кушаевқа маусымның 10-ына дейін Қазақстаннан пана іздеуші тұлға куәлігін берген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG