Accessibility links

"Рипабликтің" "бас оқырманына" айыппұл салынды


Татьяна Трубачева, жабылған "Голос республики" газетінің бас редакторы. Алматы, 7 ақпан 2013 жыл.
Татьяна Трубачева, жабылған "Голос республики" газетінің бас редакторы. Алматы, 7 ақпан 2013 жыл.

Сот Татьяна Трубачеваның «Рипабликтегі» көп авторлардың бірі екеніне, ал бұл газеттің жабылған оппозициялық «Голос республики» басылымының жалғасы емес екеніне сенбеді.

Бүгін оппозициялық «Рипаблик» газетінің «бас оқырманы» Татьяна Трубачеваға 20 айлық көрсеткіш (200 доллар) көлемінде айыппұл салынды. Сот «Рипабликті» былтырғы желтоқсан айында тыйым салынған оппозициялық «Голос республики» газетінің жалғасы деп және Трубачеваны сот шешімін орындамады деп тапты. Трубачеваның 99 данамен ғана шығатын, сол себепті заң бойынша тіркелуі міндетті емес басылымның менеджері емес екенін, «бас оқырман» мәртебелі қарапайым авторлардың бірі екенін дәлелдеуге тырысқан адвокаттар уәжі есепке алынбады.

Трубачеваға қатысты сот шешімі ақпанның 7-і күні Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында шықты. Жарты сағатқа созылған процесте оның «кінәсі дәлелденіп», үкім оқылды.

Татьяна Трубачеваны әкімшілік жазаға тарту туралы шағымды сот орындаушысы Нұрғали Мелдеев берген. Сот отырысында сөз алған Мелдеевтің айтуынша, Трубачева «Рипаблик» газетінде тек қағаз жүзінде ғана «бас оқырман», ал шын мәнінде «бас редактор».
Нұрғали Мелдеев, сот орындаушысы. Алматы, 7 ақпан 2013 жыл
Нұрғали Мелдеев, сот орындаушысы. Алматы, 7 ақпан 2013 жыл

Нұрғали Мелдеевтің сөзінше, «Рипабликтің» дизайны шығаруға тыйым салған «Республика» газетінің дизайнына өте ұқсас және екі басылымның редакциялық ұжымы бірдей. Бұдан бөлек Татьяна Трубачева «Рипабликтегі» мақалаларды интернетте өз атынан таратады.

Сотта куәгер ретінде сөйлеген «Рипаблик» басылымының құрылтайшысы һәм баспагері Гузяль Байдалинова Татьяна Трубачеваның өз өтініші бойынша жұмыстан кеткенін, қатардағы автор екенін айтты.

Алайда прокурор мен судья шағым берушінің уәждерін қабылдап, Татьяна Трубачеваға айыппұл салу туралы шешім шығарды. Бірақ Трубачева бұл айыппұлды төлемейтінін, өйткені сот шешімін қайта қарауға шағым жазатынын айтты.

Сотта Трубачеваның жалғыз басты ана, қолында бес жасар қызы бар екені анықталды. Оның адвокаты Ольга Ким дәл осы факт газет менеджерін қамауға алынудан сақтап қалғанын айтады.
Татьяна Трубачеваға айыппұл салынған сот отырысында наразылық білдірушілер. Алматы, 7 ақпан 2013 жыл
Татьяна Трубачеваға айыппұл салынған сот отырысында наразылық білдірушілер. Алматы, 7 ақпан 2013 жыл

Ақпанның 6-ы күні сот қаулысы бойынша жабылған оппозициялық «Голос Республики» газетінің бас редакторы Татьяна Трубачеваның қылмыстық кодекстің 326-бабы бойынша «сот актісін қасақана орындамады» деген айыппен жауапқа тартылатыны туралы ескерту алғаны хабарланған еді.

2012 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласы Медеу аудандық соты «Голос Республики», «Республика деловое обозрение», «Вся республика» және басылымның Facebook-тегі парақшасын біртұтас ақпарат құралы деп танып, барлығының қызметіне тыйым салған болатын. Бұл әрекетті кейбір қоғамдық белсенділер мен журналистер "сөз бостандығын шектеу" және "абсурд" деп сипаттаған еді.

Бұл шешімдерге қатысты апелляциялық сот жұма, ақпанның 8-і күні өтеді.
XS
SM
MD
LG