Осыдан төрт жыл бұрын Солтүстік Кавказ мәселелері бойынша сұхбат берген Мәскеудегі Карнеги орталығының сарапшысы Николай Петров Дағыстанның шкі істер министрлігін республиканың саяси жүйесіне қосылмайтын тәуелсіз ойыншы деп атаған және оның өз корпоративтік мүдделерін көбірек қорғайтынын айтқан.
Шынымен өз мүдделерін қорғайын деді ме, әлде мекеменің абыройын ойлады ма, Дағыстан ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Әбдірашид Магомедов енді Дағыстанның мемлекеттік телерадиокорпорациясының құжаттары мен компьютерлерін тәркілеуге пәрмен берді. Министр 5 шілде күні телеарнадан берілген тергеу мекемелерінде күдіктілердің азапталатыны туралы хабарға ашуланған сияқты. Хабарға қатысқан Ішкі істер министрлігінің, прокуратураның бұрынғы қызметкерлері кінәсін мойындату үшін күдіктілердің азапталатыны туралы айтқан еді.
ҚҰЖАТТАРДЫ ТӘРКІЛЕУ
Бағдарламаны Ресей Мемлекеттік думасының ұлттар жөніндегі комитетінде сарапшы болып қосымша қызмет істейтін тележүргізуші Алексей Казак жүргізген. Бұл – Дағыстан ішкі істер министрлігі турасындағы сериялы хабардың жалғасы болған.
Тәуелсіз «Черновик» басылымының тілшісі Магомед Магомедовтың жазуына қарағанда, телеарна осының алдындағы шығарылымдарына ішкі істер министрлігінің өкілдерін де шақырған, бірақ олар келмепті.
Ішкі істер министрлігінің экономикалық қауіпсіздік және жемқорлықпен күрес бөлімінің қолында бар ақпарат бойынша, телерадиокорпорацияның аты-жөндері аталмаған басшылары заңды бұзды деген күдікке ілінген. Сондықтан Ішкі істер министрлігі телерадиокорпорацияның 2013 жыдың 1 қаңтарынан бергі құжаттары мен компьютер файлдарын түгел тәркілеуге шешім қабылдаған. Дағыстанның қазіргі басшысы Рамазан Абдулатипов қызметіне дәл сол 2013 жылдың қаңтарында тағайындалған.
Телехабардың жүргізушісі Алексей Казак Фейсбуктегі жеке парақшасына министр Магомедовтың өкімінің көшірмесін жариялап, полицияның шектен тыс әрекеттері тәптіштеп тексерілетініне, әділдіктің орнайтынына сенетінін айтқан.
«АҚШАҒА САТЫЛАТЫН ҚЫЗМЕТ»
Дағыстан Ішкі істер министрлігінің бұрынғы және қазіргі қызметкерлері мекемедегі жемқорлық пен әлімжеттік туралы бұрын да айтқан. Осыдан екі жыл бұрын, 2013 жылғы наурызда Мәскеуде «Мемориал» адам құқықтарын қорғау ұйымының ұйымдастыруымен баспасөз мәслихатын өткізген Дағыстан ішкі істер мекемесінің бір топ қызметкері мұң-зарларын алты айдан бері Ресейдің ішкі істер министрі Владимир Колокольцевке жеткізе алмай жүргендерін айтқан. Мәслихатқа қатысқан төрт кісінің бірі, полиция полковнигі Салих Гаджиев «Дағыстан ішкі істер министрлігіндегі былық туралы министрдің өзіне бірнеше мәрте айтқанмын, бірақ бұған құлақ асқан министр болмады» деді.
Сол баспасөз мәслихатында, кейінірек «Черновик» басылымына берген сұхбатында Салих Гаджиев полициядағы қызмет орындарын сатып алуға болатынын айтты. Оның айтуынша қызмет орындары Махачкалада 350-400 мың рубль ($6,207-$7,093) тұрса, оңтүстіктегі Дербент қаласында қызмет құны 450-500 мың рубльге дейін жетеді.
Гаджиев ішкі істер министрлігіндегі ахуалды оңалтуға мүмкіндік береді-ау деген шараларды атап өткен. Оның айтуынша, министрлік Солтүстік Кавказдағы содырлармен күресте заңсыз әдістерден бас тартып, министрліктегі жемқорлықты жою керек; басшылар қарамағындағы қызметкерлердің заң бұзу әрекеттері үшін жауап беруі тиіс; министрліктің ішкі қауіпсіздік бөліміне кең құқықтар беріп, оны министрден тәуелсіз құрылым ету керек. 2014 жылы бұл департамент министрліктің 30 қызметкерін парақорлық әрекеті үшін ұстаған болса, және 60 қызметкерге қылмыстық айып таққан.
«ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТАПСЫРМАСЫ?»
Қылмыстық саланы зерттеп жүрген ғалым Салих Гаджиев Дағыстандағы ішкі істер министрлігіндегі жемқорлық мәселесін алғаш рет 2008 жылы көтерген. 2013 жылы Мәскеуде өткізген атышулы баспасөз мәслихатынан соң қызметінен босаған ол қазір докторлық диссертациясын жазып жүр.
«Кавказский узел» сайтына берген сұхбатында Алексей Казак ішкі істер қызметкерлерінің бухгалтерлік құжаттарды, жұмысқа алу, демалысқа жіберу сияқты кадрлық құжаттарды тексеріп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, полицейлер әдеп сақтап, тәртіпті жүр.
«Черновик» газетіне сенсек, телеарна ішкі істер министрлігін бұлайша өткір сынау үшін Дағыстанның жоғарғы басшылығынан рұқсат алған. Республика басшысының 2010 жылдан бері ішкі істер мекемесін басқарып келе жатқан Әбдірашид Магомедовты тікелей сынағысы жоқ. Демек, ол телехабар арқылы министрге «қарамағыңдағыларды жөнге сал» деп ескерту жасағысы келген сияқты.
(Лиз Фуллердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.)