Accessibility links

Жер емген Сарыағаш


Сарыағаш ауданы тұрғынының пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:03 0:00

ВИДЕО: Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауылының тұрғыны Абдуманап Бахрамның пікірі. 11 ақпан 2015 жыл.

Ақпанның басында тұрғындары бір жанжалдасып басылған Сарыағаш ауданы Жартытөбе округінің ауылдарын Азаттық тілшісі аралап шығып, тұрғындардың тұрмысымен танысты.

Аудан орталығы Сарыағаш кентінен бес шақырым жерде жатқан бұл ауылдарға кіре берісте ең әуелі сыртын клеенкамен қаптаған жылыжайлар көзге түседі. Ауыл сыртындағы бұл көрініс ауыл ішінде одан сайын жиілейді.

Барлығы 18 мың тұрғыны бар Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Төңкеріс, Құрама, Ынтымақ, Бостандық пен Достық ауылдары бір-біріне жалғасып жатыр. Халқының саны көп болғанымен, этникалық сипаты жағынан негізінен қазақтар мен тәжіктерден құралады. Екі ұлт та диқаншылықты кәсіп еткен.

«КЕДЕН ОДАҒЫНЫҢ ПАЙДАСЫ»

Сарыағаш ауданындағы Жаскешу ауылында тұратын Әбубәкір Ыстықұлдың айтуынша, Жартытөбе ауылдық округі климаты жағынан Өзбекстанға бір табан жақын. Сондықтан көршілес өзбек диқандарымен бір мезгілде көкөніс егіп, бәсекелесе алады.

- Оның үстіне, Қазақстанның Кеден Одағына қосылуы жылыжай диқаншылығын күрт күшейтті. Өйткені Өзбекстаннан келетін дақылдарға салынатын салық көбейді де, өз өнімдеріміз көбірек өте бастады. Бұрын Өзбекстанға жылыжай егіп жүргендер кедендік салықтан кейін жылыжайды дәл іргедегі Сарыағаш ауданына салатын болды, - дейді ол.

Жартытөбе ауылдық округі тұрғындарының айтуынша, көктем шыға көкөністерін Қазақстанға таситын Өзбекстан диқандарына бәсекелесу өте қиын. Ол үшін климат Өзбекстанның климатына жақын болуы керек. Ташкент қаласының телемұнарасы көрініп тұратын Сарыағаш ауданының шеткі оңтүстік өңірі ғана климаты көкөністі жылыжайда тез пісіріп, базарға ерте шығаруға қолайлы.

Жылыжайға тыңайтқыш тасып жатқан Ынтымақ ауылы тұрғындары. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 11 ақпан 2015 жыл.
Жылыжайға тыңайтқыш тасып жатқан Ынтымақ ауылы тұрғындары. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 11 ақпан 2015 жыл.

Сарыағаш диқандары Қазақстанның басқа өңірлерінде өспейтін лимон да егеді. Шымкент, тіпті Астана мен Алматы қаласының көшелеріне егілетін кейбір гүл түрлері де осы ауылдардың жылыжайында өсіріледі. «Дәл біздегідей диқаншылыққа жайлы климат Қазақстаның басқа өңірінде жоқ» дейді ауыл тұрғындары. Совет өкіметі кезінде көкөніс совхозы болған бұл ауылдарда 1990 жылдардың ортасынан бастап тұрғындарға жер үлесі беріле бастаған. Сол себепті Келес өзені мен Өзбекстан шекарасының аралығындағы жер саны тез өсіп бара жатқан тұрғындарға жетіспейді. Жылыжай егумен бұрын негізінен тәжіктер айналысса, соңғы үш-төрт жыл ішінде қазақтар да белсенді түрде жер игеруге көшкен. Өйткені Қазақстан тарапынан егістіктің әрбір сотығына беретін субсидия көбейген.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Ынтымақ ауылының тұрғыны Сейітжан Байқұлов басқа жұмыс орыны аз болғандықтан ауыл жастары жылыжайда ғана жұмыс істейтінін айтады.

- Бірақ көп еңбекті талап ететін жылыжайда көбі істегісі келмейді. Өзі егетін қазақтар да, жылыжайын жалға беретін қазақтар да бар, - дейді ол.

«БІЗ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘЖІКТЕРІМІЗ»

Ынтымақ ауылының тұрғыны, мектеп мұғалімі Жарылқасын Исмаилдың айтуынша, жер үлесін алып, жылыжайды кәсіпке айналдырған, сөйтіп әлеуметтік жағдайын жақсартқан қазақтар көбейіп келеді.

- Бірақ диқаншылық – тәжіктердің ата кәсібі болғандықтан өнімді көбірек алатыны рас, - дейді ол.

Оның сөзінше, Жартытөбе ауылдық округіндегі тәжік диаспорасы 1950 жылдары Қазақстанның Бостандық ауданы Өзбекстанға берілген кезде қазіргі Жартытөбе ауылына көшірілген.

Ынтымақ ауылындағы мектеп мұғалімі Жарылқасын Исмаил. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 11 ақпан 2015 жыл.
Ынтымақ ауылындағы мектеп мұғалімі Жарылқасын Исмаил. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 11 ақпан 2015 жыл.

- Ол кезде жұмыс қолы жетпеді, сондықтан колхоз басшылары Бостандық ауданындағы тәжіктерді үгіттеп, бар жағдайын жасауға уәде беріп шақырып алды. Ынтымақ, Бостандық ауылдарының тәжіктері содан бері осы ауылда диқаншылықпен тұрақты түрде шұғылданады, - дейді ол.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Ынтымақ ауылында тұратын этникалық тәжік Абдуманап Бахрам өздерін сталиндік қуғын-сүргін кезінде Қазақстанға жер аударылған этностармен салыстырмауды сұрайды.

- Біздің аталарымыз Өзбекстан аумағына берілген Бостандық ауданынан көшіп келген. Арғы бабаларымыздың ол жерге қашан келгені есімізде де жоқ. Сондықтан біз де өзімізді Қазақстанның толыққанды азаматымыз деп санаймыз, біз Қазақстанның тәжіктеріміз, - дейді ол.

Қазақ тілінде еркін сөйлейтін Абдуманап Бахрамның ұлы мен қызы қазақ мектебіне барады. Тәжік мектебіне барса, оқу бітірерде ҰБТ-ға қатыса алмайды, демек әрі қарай осы жылыжайда жұмыс істеуден басқа жол қалмайды. Сондықтан диқан балаларын қазақша оқытқанды қалайды.

КӨШЕТТІҢ ҚАЙҒЫСЫ

Ынтымақ ауылының басқа тұрғындары секілді Абдуманап Бахрам да есігінің алдында жылыжай егеді. Қазір қыста еккен помидор мен қырыққабат көшеттерін енді даладағы үлес жеріне салған жылыжайына апарып отырғызу амалын жасап жатыр.

Ынтымақ ауылындағы жылыжайлардың бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 11 ақпан 2015 жыл.
Ынтымақ ауылындағы жылыжайлардың бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 11 ақпан 2015 жыл.

- Көкөністің әр күні есептеулі. Дәл қазір үйдегі жылыжайдан көшетті шұғыл шығаруымыз керек. Таяудағы оқыс оқиғадан (ақпанның 5-і күнгі қазақ жастарының наразылығынан туған жанжал – ред.) кейін барлық жұмысымыз тоқтап қалды. Енді көшеттеріміз өсіп кетті, өнім де ойдағыдай болмайды, - дейді ол.

Диқанның айтуынша, жылыжай ішіндегі микроклимат адам денсаулығына теріс әсер етуі де мүмкін. Бірақ жылыжайдағы жұмыс жыл бойы тоқтамайды. Жазға қарай помидор, қырыққабат сияқты өнімдерді жинаған соң қияр егіп, оны күзде жинайды. Артынша топырағын тыңайтып, аскөк егіп, қыста сатады.

Азаттық тілшісі жылыжай егумен шұғылданатын басқа да бірнеше қазақпен сөйлескен еді. Олардың сөзіне қарағанда дүрбелеңнен кейін егіс науқаны кідіріп қалған.

- Көрші ауылда тұратын тәжікке көшет ақшасын алдын-ала төлеп қойған едім. Бірақ олар көшет отырғызбақ түгілі, өздері басымен қайғы болып кетті. Ал менің даладағы жылыжайым көшетке қарап тұр, - деді аты-жөнін айтқысы келмеген Жартытөбе ауылдық округінің қазақ тұрғыны.

Сарыағаш ауданының әкімі Бұқарбай Парманов Сарыағаш ауданында түрғындарға жер учаскелерінің жетіспейтінін айтады. Оның сөзінше, 1990 жылдары колхоз-совхоздар тараған кезде жергілікті тұрғындарға жер үлестірілген. Одан беріде тұрғындар саны күрт көбейген. Тек 2014 жылы Сарыағаш ауданында 9 мыңға жуық бала өмірге келген. Ал ауданда 314 мың тұрғын бар.

Ынтымақ ауылының тұрғыны Әділжан Хасановтың өртенген үйі мен екі көлігі. Сарыағаш ауданы, 10 ақпан 2015 жыл.
Ынтымақ ауылының тұрғыны Әділжан Хасановтың өртенген үйі мен екі көлігі. Сарыағаш ауданы, 10 ақпан 2015 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ пен Бостандық ауылдарында ақпанның 5-і күні қазақ жастары жаппай көшеге шығып, сол ауылдағы жергілікті этникалық тәжіктерге тиесілі ондаған үй мен көлікті өртегені хабарланған еді. Құқық қорғау органдары таратқан ақпаратқа қарағанда қазақ жастарының наразылығына сол оқиғадан бір күн бұрын Бостандық ауылында тұратын ұлты тәжік азаматтың Ынтымақ ауылының қазақ тұрғынын өлтіруі себеп болған. Азаттық тілшісімен сөйескен жергілікті тұрғындардың сөзіне қарағанда қаза тапқан азамат өзіне тиесілі жылыжайды Бостандық ауылының тұрғынына жалға берген. Кейін екеуінің арасында дау туып, оның соңы кісі өліміне соқтырған. Қазір адам өлтірді деген күдікпен Бостандық тұрғыны қамауда отыр.

XS
SM
MD
LG