Accessibility links

«Көше сыпырған ақымызды әрең алдық»


"Жасыл ел" бағдарламасы бойынша жұмыс істеген мектеп оқушысы Анастасия Кузнецова. Теміртау, 7 қараша 2014 жыл.
"Жасыл ел" бағдарламасы бойынша жұмыс істеген мектеп оқушысы Анастасия Кузнецова. Теміртау, 7 қараша 2014 жыл.

Жазда Теміртауда «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасымен жұмыс істеген оқушылар мен студенттер «жалақымызды кесіп тастады, уақытында бермеді» дейді. Жұмыс берушінің өз уәжі бар. Бірақ екі жақ бірге жұмыс істеуге әзір.

Теміртаудағы «Жасыл ел» бағдарламасына қатысушыларға - жастардың еңбек жасақтарына каникул кезінде жұмыс істеу ұнаған. Бірақ жастар «Еңбекақымызды дұрыс есептемеді әрі негізгі жалақыға қосымша төленетін ақшаны да кешіктіріп берді. Оның үстіне, жауапты ведомстволардан тиісті ақшамызды алу үшін әке-шешеміздің көмегіне жүгінуге тура келді» дейді.

БАЛАЛАР РИЗА ЕМЕС

Тамыз айында теміртаулық оқушы Анастасия Кузнецова жол жиегіндегі алқапты күтіп-тазалайтын жол қызметкері болып істеген. Ол жол бойындағы ағаштардың діңі мен жол ернеуін әктеп, алқаптың арам шөбін отап, тазалаумен айналысқан. 30 градус ыстықта бел жазбай жұмыс істеу жасөспірім қызға оңай тимеген. Бірақ ақша қажет болғандықтан, шыдауға тура келген.

Еңбек шартына сәйкес, жұмыс беруші - «Шарапат» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны айына 19 мың 966 теңге төлеуге келіскен. Бұл ақшадан зейнетақы жарнасы мен кіріс салығы ұсталады. Жастарға қосымша тағы 15 мың 500 теңге жеке төленеді деп келісілген. Оны мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде «Жасыл ел» республикалық штабы аударатын болған. Келісім-шарт «Жасыл ел» штабы мен «Шарапат» кәсіпорны арасында бекітілген. Бүкіл алым-салықты ұстағаннан кейін жастарға қолдарыңа 30 мың теңге тиеді деген уәде берілген.

"Жасыл ел" еңбек жасағы көше тазалап жатыр. Теміртау, 21 шілде 2014 жыл.
"Жасыл ел" еңбек жасағы көше тазалап жатыр. Теміртау, 21 шілде 2014 жыл.

- Тым құрыса, осы жерде алдай қоймас деп ойлап едім. Тапқан ақшама киім-кешек сатып аламын, ал қалғанын анама алақан жаймай, ұсақ-түйегіме жаратармын деп жоспарлағанмын. Анама онсыз да қиын, үйде үш баламыз, - дейді Анастасия Кузнецова Азаттық тілшісіне.

Толық бір ай жұмыс істеген бойжеткен уәде етілген бүкіл жалақысын қыркүйектің басында алармын деп ойлаған. Бірақ ол қыркүйектің ортасында жалақысының бір бөлігін ғана әрі шартта келісілген сомадан аз ақша алған. Банктегі есеп-шотындағы ақша үш мың теңгеге кем болып шыққан.

Тамыз айында бірге жұмыс істеген балаларға қосылып ол жұмыс беруші мен «Жасыл ел» республикалық штабынан аз ақша төлену себебін анықтауға тырысқан, бірақ олар түрлі сылтау айтқан. Ақыры жастардың еңбек дауына әлгі жұмысқа жолдама берген Теміртаудағы жастар орталығы араласқан.

«Теміртау қаласы жастарымен жұмыс істеу орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры Айнагүл Әбдірахманова Азаттық тілшісіне:

- Мемлекеттік еңбек инспекциясына хабарласып, жұмыс істеген балалардың еңбек құқығы бұзылған-бұзылмағанын тексеруін өтіндім. Олар кейін телефон соғып, «бәрі дұрыс, бәрі заңды» деді. Өздігімнен барып, қаржы құжаттарын тексере алмаймын ғой. Қолымнан келгенін істедім, - деді.

ЖҰМЫС БЕРУШІ МЕН «ЖАСЫЛ ЕЛ» ШТАБЫ

Жұмыс беруші - «Шапағат» кәсіпорны директоры Қанат Хасеновтің мәлімдеуінше, бұл дау жұмыс берушінің кінәсінен емес, қосымша ақыны төлеуді кешіктіруге байланысты туған. Оның жас қызметкерлердің жұмысына қатысты өз сын-ескертулері бар болып шықты.

Балалар күніне алты сағаттан артық жұмыс істеген жоқ, сондықтан ақшаны да аз алды. «Күннің ыстығында жұмыс істеу қиын екен» деп шағымданған өздері емес пе. «Медкомиссиядан өттім немесе ауырып қалдым» деп жұмысқа келмеген балалар да болды.

- Келісім-шартта жеті сағат 20 минуттық жұмыс күні үшін 19 мың 966 теңге жалақы төленеді деп көрсетілген. Бірақ балалар күніне алты сағаттан артық жұмыс істеген жоқ, сондықтан ақшаны да аз алды. «Күннің ыстығында жұмыс істеу қиын екен» деп шағымданған өздері емес пе. «Медкомиссиядан өттім немесе ауырып қалдым» деп жұмысқа келмеген балалар да болды. Бірақ олардың бәріне сегіз сағаттық жұмыс күнін қойып, күндерін толық төлеп бердім. Жастар «Жасыл ел» республикалық штабы мемлекеттен бөлінетін 15 мың теңгені уақытында төлемегені үшін шу шығарды. Ал бізді тексеріп, «бәрі заңды» деп кетті. Сондықтан артық ақша төлемейміз, - дейді жұмыс беруші.

Жастар мемлекет бюджетінен бөлінген қосымша ақшаны екі ай күтіп, жуырда ғана алған. Басқа маусым кезінде жұмыс істеген жастар да қосымша ақшаларын уақытында алмаған. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша маусым айында жұмыс істеген 16 жастағы Никита Борисенко республикалық бюджеттен қарастырылған қосымша ақшаны тамыздың аяғында алған.

«Жасыл ел» облыстық штабы бастығы Нұркелді Омарханов жұмыс істеген балаларға қосымша ақшаны кешіктіріп төлеу себебін түсіндірді. Оның айтуынша, жастармен бірге балалар үйінің тәрбиеленушілері де жұмыс істеген. Бірақ олардың құжаттары уақытында дайын болмай, кесірі жастардың бәріне тиіп, ақша аудару мерзімі созылып кеткен.

- Жастар жұмыс істеген «Шарапат» кәсіпорны атқарылған жұмыстарды қабылдау актісіне көпке дейін қол қоймады. Әлгі актіні қыркүйектің 5-іне дейін алып, білім және ғылым министрлігіне өткізуге тиіс болатынбыз. Республикалық штабқа сол құжатты өткізген соң ғана ақша аударады. Актіге қол қою процесі созылып кетті де, құжатты министрлікке уақытында жібере алмадық. Жұрт шулағандай, ешкім ешкімді «лақтырып» кеткен жоқ, ақшаны да ешкім жымқырған жоқ. Бәрі заң жүзінде жасалды, - дейді «Жасыл ел» облыстық штабының бастығы Нұркелді Омарханов Азаттық тілшісіне.

Жастар еңбек жасақтары «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 10 жылдан бері жұмыс істейді. Бағдарлама студенттер мен мектеп оқушыларына жаз мезгілінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бес мыңнан аса колледж студенттері, мыңдаған университет студенттері мен жоғары сынып оқушылары тұратын Теміртау қаласы бұл бағдарламаға биыл жазда қосылған. «Жасыл ел» облыстық штабы қызметкерлері «келесі жылы каникулда жұмысқа жастарды көбірек тартамыз» дейді.

Ал«Шапағат» коммуналдық кәсіпорны директоры Қанат Хасенов жастармен жұмыс істеу ұнағанын айтады. Ол келесі жылы оқушылар мен мен студенттерді жұмысқа көбірек алып, көбірек ақша төлеуге уәде етіп отыр.

XS
SM
MD
LG