Accessibility links

Қазақстан әзірше ҰБТ-дан МБЕ-ге көшпейді


Мемлекеттік бірыңғай емтихан тапсырғалы отырған Мәскеудегі мектеп оқушылары. (Көрнекі сурет)
Мемлекеттік бірыңғай емтихан тапсырғалы отырған Мәскеудегі мектеп оқушылары. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда мектеп бітіретін түлектер емтихан тапсырудың ресейлік жүйесіне көшпейтін болды. Бұрынғы жүйе әзірше өзгермейді, 2015 жылдың түлектері ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсырады.

Келесі жылы Алматыдағы 81-мектепті бітіретін Әбубәкір Қожагелдиев ҰБТ тапсырғысы келмейтінін айтады. Ол «Қазақстандағы сияқты бес пәннен емес, Ресейдегі сияқты екі емтихан тапсыру оңай ғой» дейді.

– Ресейлік оқушыларға жақсы. Олар біз сияқты аудиторияда үш сағат отырып бастарын қатырмайды. Не жақсы екенін кез келген қазақстандық оқушыдан сұрап көріңізші. Қазақстандық оқушылар бір күнде бес пәннен тест тапсырады, ал Ресейде кейбір емтиханды тіпті 10 сыныпта тапсырып тастауға болады, - дейді Әбубәкір Қожагелдиев Азаттық тілшісіне.

Интернетте ҰБТ-ға арналған "шпорларды" саудалайтын парақшаның скриншоты.
Интернетте ҰБТ-ға арналған "шпорларды" саудалайтын парақшаның скриншоты.

Алматы қаласы білім басқармасы әдістемелік кабинетінің директоры Ирина Тюкачеваның айтуынша, бірыңай ұлттық тестілеуден (ҰБТ) мемлекеттік бірыңғай емтиханға (МБЕ) көшу мәселесі білім министрлігінде талқыланып жатқанымен, әзірше шешім қабылданбаған.

– Жуырда Астанадан келдім. Министрлік өкілдері ҰБТ сұрақтарын талқылады. Олардың бәрі «әзірше МБЕ-ге көшпейміз» деген пікірді құптады. 2015 жылы оқушылар ҰБТ тапсырады. Бірақ болашақта МБЕ форматына көшетін сияқтымыз. Ал маған ҰБТ ұнайды. Балалар Ресейдегі сияқты екі-үш рет емес, бір-ақ рет стресс алады, - дейді Ирина Тюкачева Азаттық тілшісне.

Қазақстанда ҰБТ-ны, ал Ресейде МБЕ-ні түлектер мектеп бітіру емтиханы әрі жоғарғы оқу орнына түсу емтиханы ретінде тапсырады.

Қазақстанда оқушылар қазақ және орыс тілдерінде ҰБТ-ны бес пән бойынша үш жарым сағат бойы тапсырады.

Ал МБЕ жалпы білім беретін 14 пән бойынша өтеді. Ағымдағы оқу жылы түлектері аттестат алу үшін орыс тілі мен математика пәндерінен міндетті емтихан тапсырады. Ресей білім және ғылым министрлігі сайтында «биыл оқушының жеке жетістіктері үшін МБЕ балына қосымша 10 балл қосылады әрі барлық пәннің тест бөлігі қысқартылады» деп жазылған. МБЕ форматындағы сынаққа тағы бір өзгеріс енгізілген. Мысалы, география пәні сияқты оқу курсы 11 сыныпқа дейін аяқталатын пәндерден МБЕ-ні 10 сыныпта тапсыруға болады.

Латын тілінің оқытушысы, доцент Жібек Дүйсембинова.
Латын тілінің оқытушысы, доцент Жібек Дүйсембинова.

Орталық Азия университетінің классикалық тілдер оқытушысы, доцент Жібек Дүйсембинованың Азаттық тілшісіне айтуынша, ҰБТ мен МБЕ-нің арасында көп айырмашылық жоқ. Оның айтуынша, екеуінің негізгі кемшіліктері – мұғалім көбінесе тестке ғана көңіл бөледі, тапсырмалар мен жауаптарды тексеруде қателер кетеді.

– ҰБТ мен МБЕ-нің үлкен кемшілігі – екеуінде де оқушының жазбаша жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмейді. Мұндай тапсырмалар бойынша тест тапсырушының өз ойын жазбаша түрде жеткізе алатын қабілетін толық бағалау мүмкін емес. Оқушының сөйлеу қабілетін де байқап көрген жөн, соңғы кезде оған мүлде көңіл бөлінбей кетті. Бұл оқушылардың тіл мәдениетін жұтаңдатады. Егер озық үлгіні таңдау қажеттігі туса, емтихан тапсыру әдісі оңайырақ ресейлік форматты таңдайтын шығармыз. Бірақ ол да жазбаша түрдегі емтихан емес, - дейді Жібек Дүйсембинова.

2014 жылы Қазақстанда ҰБТ-ға 87 мың түлек қатысып, оның 77 пайызы межелі балл жинаған.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG