Алматы қаласындағы Ай физикасы зертханасы мен Г.Фесенков атындағы астрофизика институтын 45 жылдан бері Қазақстандағы белгілі астрономдардың бірі – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, 82 жастағы Виктор Тейфель басқарып келеді.
Халықаралық астрономия одағына (ХАО) қарасты планеталар физикасы комитетінің үш жыл президенті, алты жыл вице-президенті болған Виктор Тейфель қазір де ұйымдастыру комитетінің мүшесі. Ол – ХАО күн жүйесі денелерінің номенклатурасын құру жөніндегі жұмыс тобының, Америка астрономиялық қоғамына қарасты планеталар ғылымы бөлімшесінің де мүшесі.
Алматы қаласына таяу тау бөктеріндегі көрікті орын – Каменка үстіртіндегі астрофизика институты теңіз деңгейінен бір мың 450 метр биікте тұр. Виктор Тейфельдің зертханасы орналасқан ғимарат 1964 жылы салынған. Сол кезден бері ғимараттың да, зертхананың да сырт келбетінде ештеңе өзгермегендей әсер қалдырады. Қазіргі заманға сай құрал-жабдық үлкен ЭЛТ-мониторы бар компьютер ғана сияқты.
ШОЛПАН КӨЛЕҢКЕСІ ТҮСЕТІН ЖЕР
Қазір Іле Алатауы беткейінде астрофизика институтының үш обсерваториясы бар. Ең алғашқы обсерватория Каменка үстіртіндегі институт ғимаратында орналасқан. Оның құрылысы 1947 жылы басталып, 1950 жылы аяқталған.
Каменка үстіртіндегі обсерваториядағы телескоптардың пайда болу тарихы қызық. 50 сантиметрлік Герц рефлекторы екінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін Германиядан репарация (соғыста жеңілген елдің жеңген мемлекетке соғыс шығынын толық немесе жартылай өтеуі – ред.) бойынша алынған. Қазір оны экскурсия өткізу үшін ғана пайдаланады.
Мұндағы 50 сантиметрлік Мениск телескопын оның авторы Дмитрий Максутов сыйлаған. Виктор Тейфельдің айтуынша, кезінде бұл телескоп арқылы газ-тозаң тұмандықтарының үлкен атласы құрастырылған. Бұл телескоптың құрылысы қазіргі кезде бақылау жүргізетін фотоэлектрлі камера орнатуға қолайсыз. Қазір Каменка үстіртінен күңгірт аспан денелерін бақылауға қаланың жақындығы кедергі келтіреді.
1950 жылдары Үлкен Алматы көлінің сәл жоғары тұсында екінші обсерватория – короналды станция салынған. Станцияда орнатылған коронографтың көмегімен ішкі күн тәжін суретке түсірген. Виктор Тейфельдің айтуынша, қазір мамандар мен мүмкіндік жоқ болғандықтан, станцияда бақылау жұмыстары жүргізілмейді.
1950 жылдары П.К.Штернберг атындағы мемлекеттік астрономия институты станцияның жанына өз телескоптарын орнатқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін олар мемлекет меншігіне өтіп, Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясы құрылған. Қазір обсерваториядағы телескоптарды автоматтандыру жұмыстары жүріп жатыр, кейін зерттеушілер компьютер арқылы онымен тіпті үйінде отырып та жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Ал ең соңғы салынған Асы-Түрген обсерваториясы Алматыдан күнгей-шығысқа қарай 75 шақырым жерде теңіз деңгейінен екі мың 750 метр биіктікте орналасқан. Виктор Тейфельдің айтуынша, ол жақта жұмыс істеуге тамаша жағдай жасалған, ғарыштан түсірілгендей сапалы суреттер түсіруге болады. Ол жерде тіпті Шолпан жұлдызынан түскен көлеңкені көруге болады. Асы-Түрген обсерваториясында екі мұнара мен қызметкерлер тұратын үй бар. Мұнараның біреуінде немістің бір метрлік «Цейс» телескопы тұр. Екінші мұнара СССР күйрегеннен кейін қаржы тапшылығына байланысты орнатылмай қалған бір жарым метрлік телескопқа арналған.
ҚАЗАҚСТАН АСТРОНОМИЯСЫНЫҢ ҒЫЛЫМҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ
Институт қызметкерлері бір метрлік телескоп тұрған мұнараны өз қолдарымен тұрғызған. Ал Шығыс Германиядан келген неміс мамандары күмбезі мен телескопты ғана орнатқан. Бір қиыны, электр қуатын алатын дизель қымбатқа түседі.
Азаттық тілшісінің «Қазақстан астрономдары әлемдік ғылымға қандай үлес қосты?» деген сұрағына Виктор Тейфель «1960 жылдары біз ғылымның алғы шебінде болдық. Өйткені ол кезде әлемде қазіргі замандағы сияқты үлкен телескоптар санаулы-ақ болатын. Ең алғашқы зерттеу болғандықтан, 1960-шы жылдары менің еңбектерімнің біріне көп сілтеме жасалған» дейді.
Қазір Алматы астрономдары бір метрлік телескопты қанағат тұтады. Ал Америка контингентінде 10 метрлік телескоптар бар әрі одан да үлкендерін құрастыру жоспарланған.
Виктор Тейфельдің айтуынша, алматылық астрономдардың көп жетістіктері жұлдыздар жүйесін зерттеумен байланысты. Астрофизика институты қызметкерлері Сейферт галактикалары деп аталатын жұлдыздар шоғырын тапқан. Планеталар институтының зерттеулері де жоғары бағаланады. Совет заманында институт күн жүйесіндегі алып планеталарды зерттеу ісін үйлестірген.
Қазір АҚШ-та қарқынды дамып келе жатқан астробиология деген ғылым саласы да Қазақстанда туған. Астрономия мен биологияны ұштастыратын бұл саланың негізін академик Гавриил Тихов салған. Ол «астроботаника» және «астробиология» терминдерін де қолданысқа енгізген. Әлемде Қазақстан обсерваторияларына да үлкен мән береді.
– Еуропа мен Америка арасы тым қашық болғандықтан, қазір біздің обсерваторияларымыз оның көп бөлігін қамтиды, - дейді Виктор Тейфель.
АСТРОНОМДАРДЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ
Астрофизика институтының аға буын қызметкерлері – бұрынғы СССР-дің жоғары оқу орындарын бітірген мамандар. Олардың көбі мұнда екі айлық практика, стажировкадан өткен соң немесе аспирантураны бітіргеннен кейін Алматыда жұмыс істеуге қалғандар. Виктор Тейфельдің өзі де Горький қаласындағы университетте оқып жүріп, Алматыда Гавриил Тиховтың астроботаника секторында практикадан өткен. Кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін Алматыда жұмыс істеуге қалған.
Қазіргі жас мамандардың көбі – Қазақ ұлттық университеті түлектері. Жеке обсерваториясы мен физика және астрономия кафедрасы бар Петропавл педагогикалық университеті де астроном мамандар даярлайды. Бірақ жас мамандарды Алматыға жұмысқа шақыру қиын.
– Астрономдарды даярлайтын Петропавлдағы университет түлектерін жұмысқа қуана-қуана шақырар едік, бірақ олар мұнда келсе, мардымсыз жалақысына баспана сатып ала алмайды. Тым болмаса пәтер жалдау ақысын төлеп берсе ғой, - дейді Виктор Тейфель.
Алматыдағы астрофизика институтында жұмыс істейтін ғылыми қызметкердің жалақысы – небәрі 40 мың теңге (210 долларға жуық). Бұл Қазақстандағы орташа жалақы көлемінен үш есе аз. Стажы көп аға ғылыми қызметкер 75 мың теңге (400 долларға жуық) жалақы алады. Ғылыми мекемеде жұмыс істегісі келетіндер аз. Өйткені бұрын кандидаттық, докторлық диссертация жазып, қорғауға болатын. Бірақ 2011 жылдан бері оларды Қазақстанда алып тастаған. Қазір PhD философия докторы дәрежесі бар.
– Бірақ бұл – ғылыми дәреже емес қой. Оны жоғары оқу орындарында ғана алады. Университеттер докторантурадағы орынды өз қызметкерлерінің арасында бөлуге тырысады. Ал ғылыммен айналсатын жастарға стимул жоқ, - дейді Виктор Тейфель.
Ғылыми қызметкерлер 2011 жылы қабылданған «Ғылым туралы» заңнан көп үміт күткен. Билік «ғалымдардың мәртебесін өсіреміз» деп уәде еткен. Базалық қаржыландыру енгізу мен гранттар бөлу де жоспарланған. Бірақ, соңғы сәтте заң жобасы өзгеріп, базалық қаржыландыруды көбінесе әкімшілік аппарат пен шаруашылық қызметкерлері ғана алды да, ғылыми қызметкерлерді грантқа «отырғызып тастады». Грант үш жылға арналған. Бірақ грант жөніндегі контракт кез келген сәтте бұзылуы мүмкін.
– Яғни, ғылыми қызметкердің статусы еден жуушыдан да төмен болып қалды. Базалық қаржыландыруға жататындықтан оны тіпті жұмыстан шығару да қиын, - дейді ғалым Виктор Тейфель.
Қазір бізді ғылым саласының қыр-сырынан хабары жоқ шенеуніктер басқарады. Олар ғылым мен өндірісті айыра алмайды.Профессор Виктор Тейфель.
Зерттеу жүргізуге қажет құрал-жабдықтарды сатып алу да қиындаған. Институттың жаңа құрал-жабдық сатып алуға ақша сұрағанына 10 жыл болған, ал грант алуға өтініш берудің өзі қиямет.
– Формуляр толтырғанда құрал-жабдықпен қамтылу деңгейі туралы сұраққа жауап беру керек. Егер «жабдық нашар» деп жазсаң, грант бермей қоюы мүмкін. Ал егер «жабдық жақсы» деп жазсаң, жаңа құрал-жабдық бермейді, - деп түсіндіреді ол.
Виктор Тейфельдің айтуынша, Қазақстандағы ғылым жүйесін қайта құру астроном ғалымдардың жұмысына кері әсер еткен.
– Бұрын астрофизика институты ғалымдар басқаратын Ғылым академиясына қарайтын. Қазір бізді ғылым саласының қыр-сырынан хабары жоқ шенеуніктер басқарады. Олар ғылым мен өндірісті айыра алмайды. Сондықтан ұсақ-түйекке бола түртпектеп, ай сайын, тоқсан сайын қағаз толтыртып, есеп тапсыртады, - дейді ол.
Виктор Тейфельдің айтуынша, ғылымға деген көзқарас нашарлап кеткенімен, 120 адам жұмыс істейтін астрофизика институты астрономдары жалаң құлшыныспен болсын, ғылымды дамытуға үлес қосып жатыр.