Қостанайлық кәсіпкер Болат Әбдібековтың айтуынша, ол "осы облыстағы екі мешітті сата алмай жүр".
Әуелі мешіт болады деп жоспарланған ғимараттардың бірі Арқалық қаласының орталығында, ал екіншісі Амангелді ауданы Амантоғай ауылдық округінде орналасқан.
"АҚЫСЫ МЕШІТПЕН ТӨЛЕНГЕН"
- Ғимараттарды бір миллион долларға сатқым келеді. Оған жұмсаған ақшамыз қайтуы тиіс қой. Әзірге сатып алушылар табылмай тұр, - дейді Болат Әбдібеков.
Кәсіпкердің айтуынша, 1990 жылдары өзі басқарған құрылыс компаниясы бұл мешіттің біреуін салып, біреуіне күрделі жөндеу жасаған.
Оның айтуынша, тапсырыс беруші жергілікті әкімдіктер (Арқалық қаласы мен Амангелді ауданының әкімдіктері) құнын төлей алмай, жергілікті сот екі мешіт ғимаратын кәсіпкерге беру туралы шешім шығарған.
- Барлығы "оны неге халыққа бермейсің" деп ақыл айтады. "Ақыл айтқаннан гөрі маған төлейтін ақша бермейсің бе?" деймін. Мен мешіттердің құрылысына бар ақшамды салдым. «Жалақымды бер» деп қаншама адам менімен соттасты. Соның кесірінен бизнесім тоқтап қалды, үйдегі зат-мүліктерді, тіпті телевизорыма дейін сатып жібердім. Сондай жағдай болғаннан кейін, амалсыздан сатуға тура келіп тұр. Меценат та іздедік, демеуші де іздедік - таба алмадық, - дейді Болат Әбдібеков.
Кәсіпкердің сөзінше, Арқалықтағы мешітті салу үшін облыс көлемінде арнайы қор құрылып, халықтан ақша жиналған. Алайда мешітке деп жиналған қаржы құрылысшыларға жетпеген. 1996 жылы Амантоғайдағы мешіт пайдалануға берілген кезде бұдан хабардар жергілікті ақсақалдар «қарызда тұрған мешітте құлшылық жасай алмаймыз» деп мешітке бармай қойған.
Youtube желісінен алынған бұл видеодан Амантоғайдағы мешіттің ашылу салтанатын көре аласыз:
Кәсіпкер мешіт құрылысының созылып кетуіне жауапты тарап ретінде Азаттық тілшісіне кезіндегі Торғай облысының әкімдігін атады.
Осылайша Қостанай облысындағы екі мешіт көп жылдардан бері қаңырап тұр.
Қазақстанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң бойынша елдегі барлық мешіттер ресми тіркеуден өтіп, Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасына қарауы тиіс.
Ал кәсіпкердің айтуынша, бұл мешіттердің құжаттары болғанмен, тіркеуден өтпепті.
Қазақстанда мешіт ретінде салынған ғимаратты сату - сирек кездесетін құбылыс. Сол себепті мұндай жайтқа заңнамалық тұрғыда баға беруін сұрап дін істері агенттігіне хабарласқан едік.
Агенттіктің мешіттер ісімен айналысатын бөлімінің баспасөз қызметі жауап беретін ешкім жоқтығын айтып, дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың телефонын берді.
Ал Марат Әзілханов орнында болғанмен, оның "өзіне ешкімді қоспау туралы бұйрығы" Азаттық тілшісінің диктофонына жазылып қалды:
"Бізде баспасөз қызметі, ақпараттық қызмет бар. Ешқандай Азаттық, Форум-18 сияқты ұйымдармен қоспаңдар" дейді Әзілханов.
"МЕШІТ ЕМЕС, МҮЛКІМДІ САТАМ ДЕУІ КЕРЕК"
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мешіт істері бөлімінің жетекшісі Ербол Қоспағар Азаттық тілшісі хабарласқан кезде Арқалықтағы жайттан хабардар екенін жеткізді.
"Мешітті сатуға болмайды" деген дін қызметкері алайда "мешіт 100 пайыз кәсіпкерге тиесілі болғандықтан, ҚМДБ-ның кәсіпкердің ісіне араласа алмайтынын" айтты.
- Мешіттер Арқалықтағы азаматтың толық меншігі болғандықтан, біз оны толық мешіт деп есептей алмадық және оған араласа алмадық. Мүмкіндігінше мешіттің сатылмағаны дұрыс. Құдайға шүкір, сол өңірде дәулетті жағдайы бар азаматтар жоқ емес қой. Ол адаммен сауданың үкіміне сәйкес келісіп, дәулетті бір азамат өз қарамағына алып, мүмкін болғанша оның сатылуына жол бермесе, үлкен сауап болар еді, - деді Ербол Қоспағар.
Ол сөз арасында халықтың ақшасына салынатын мешіттерге қоғамдық бақылау керектігін де айта кетті.
- Ислам тарихында сатылған мешіт жоқ, құдай сақтасын. Керісінше, Голландия мемлекетінде кейбір босап қалған католик шіркеулері Түркия тарапынан сатып алынып, мешіт ретінде пайдаланылып жатқан оқиғалар бар, - деді Ербол Қоспағар.
Бұрынғы шіркеу ғимараттары сатылып, кейін мұсылмандар үшін ғибадат орнына айналған оқиғалар Батыс елдерінде болып тұрады. Ұлыбританияда да соңғы жылдары қаржылық қиындық пен діни ғұрыптың азаюына байланысты ондаған шіркеу жабылып, кейбірі мешітке айналғаны белгілі. Швециядағы Вастерос қаласында тұратын қазақ диаспорасы да осындағы бос қалған шіркеу ғимаратын мешітке айналдырғандары туралы хабарлаған.
Ал "Қазақстан қажылары" діни бірлестігінің төрағасы Бақтыбай Айнабеков "кәсіпкердің мешіт сатуға хақысы жоқ" екенін айтады.
- Шынында кезінде мешіт деп Аллаға аты аталып салынған нәрсе болса, дүние өртеніп кетсе де, ондай мешіт сатылмауы керек. Нақты жағдайда бұл кәсіпкердің меншігі болғандықтан, кәсіпкер оны "мешіт сатам" демей, "мен өзімнің мүлкімді сатып отырмын" деуі керек. Себебі оның мүлік сатуына хақысы болғанмен, "мешіт" деп сатуға хақысы жоқ. Мешітті мүлік ретінде сатуға болмайды. Бұған мемлекет те араласа алмайды. Себебі елімізде дін мемлекеттен бөлінген, - дейді Бақтыбай Айнабеков.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дерегі бойынша, елде екі жарым мыңға жуық мешіт бар.