Шілденің 25-і күні Астананың Сарыарқа аудандық соты Қостанай облысы Перцовка ауылы тұрғыны Анна Белоусованың Қазақстанның мемлекеттік қазынасының өкілі - қаржы министрлігінен 7 миллион теңге (21 мың доллардан асатын қаражат) талап еткен ісін қарай бастады. Ол арызын БҰҰ-ның әйелдердің кемсітуді тыю комитеті шешіміне сүйене отырып түсірген. БҰҰ-да 2012 жылы Белоусова туған ауылында өзі жұмыс істеген мектебінде мекеме директоры тарапынан жыныстық қысым мен бопсаға ұшыраған деп таныған.
Анна Белоусованың өзі процеске қатыспады, оның мүддесін адвокат Снежанна Ким қорғап жатыр. Адвокаттың сөзінше, басынан өткен жыныстық қысым жәбірленушінің жүйкесін жұқартқан, Белоусова әлі күнге дейін қолдауға мұқтаж. Шілденің 28-і күні сотта жәбірленген әйелге көмек көрсеткен психолог шақырылып, ол соттағы сауалдарға жауап бермек.
Анна Белоусова арызында 2011 және 2012 жылы ала алмаған табысының және мектеп директорымен соттасқан шығындары, азаматтық талап-арызға қатысты төлемдері, жыныстық қысыммен байланысты күйзелістері және жария түрде кешірім сұрауға мәжбүр болғанының, осының бәріне жұқарған жүйесінің өтемақысы ретінде мемлекеттен 7 миллион теңге талап ететінін көрсеткен.
БҰҰ-ҒА ЖЕТКЕН ГАРДЕРОБШЫ ІСІ
Қостанай облысы Перцовка ауылының 35 жастағы тұрғыны 18 жасынан мектепте гардеробшы болып істеген. Оның еңбек шартын жыл сайын ұзартып отырған. Бірақ 2010 жылы мектепке жаңа басшы келген. Ол Белоусовамен құрдас болып шыққан. Анна Белоусованың сөзіне қарағанда, ол «өзімен төсектес болуды талап еткен, әйтпесе жұмыстан шығаратынын айтқан». Мұндай ұсыныстар бірнеше рет қайталанған. Мұнан бөлек, адвокаттың сөзінше, мектеп директоры Анна Белоусовадан төсектес болудан бас тартқан жағдайда 10 мың теңге талап еткен. Ол кезде гардеробшының айлығы 15 мың теңге болған.
Кейін Белоусова мектептегі жұмысынан шығып қалған – оның еңбек шарты ұзартылмаған. Осы оқиғадан соң ол қалалық білім бөлімі мен полицияға шағым түсірген. Алайда бұл мекемелердің ешқайсысы тергеу бастамаған, қылмысты тексеруге тырыспаған.
Директор жала жапты деп сотқа беріп, Белоусованы жеңіп шыққан. Ал Анна Белоусова сот шығындарын өтеумен қоса, әлгі ер адамнан мектеп ұжымы алдында кешірім сұрауға мәжбүр болған.
Анна Белоусова Қазақстандағы барша соттардан өтіп, ешбірінен қолдау көрмей, 2012 жылы Адам құқығы бюросының Қостанайдағы филиалы көмегімен БҰҰ-ның әйелдердің кемсітуді тыю комитетіне арызданған. Комитет үш жылдан соң оның пайдасына шешім шығарып, Қазақстан билігі Анна Белоусоваға «құқығы бұзылған кезде моральдық және материалдық шығын шеккені үшін тиісті қаржылық өтемақы» төлеуі тиіс деп тапқан.
БҰҰ комитеті Анна Белоусова мектеп директорына тәуелді болған деген шешім шығарды.
– Комитет бұл істе мемлекеттің (бұл істе осы өте маңызды) соттары мен органдары гендерлік қорлық көрген, жұмыс орнында жыныстық бопсаға ұшыраған адамның шағымына, ол шағымды растайтын дәлелге назар аудармады деп біледі. Осылай олар шағымды қараған кезде гендерлік факторды ескеру міндетін орындамаған, – дейді адвокат Снежанна Ким.
БҰҰ ШЕШІМІНЕН КЕЙІНГІ ЕКІНШІ ШАҒЫМ
Бұл – Анна Белоусованың БҰҰ комитеті шешімін орындату туралы екінші шағымы. Перцовка тұрғыны былтыр осындай шағымды Қостанай қалалық білім бөліміне жазып, жеңіліп қалған. Апелляциялық кезеңде оған қаржы министріне шағымдан деген кеңес берген.
Қаржы министрлігі өкілі, заң қызметінің бас инспекторы Ольга Ломако сотта шағыммен келіспейтінін айтты. Ломако министрлікті тиісті жауапкер деп санамайды. Заңгердің сөзінше, 010 номерлі бюджет бағдарламасы негізінде заңсыз сотталғандарға, қылмыстық іске заңсыз тартылғандарға, тұтқындалғандарға және басқаларға төлем беріледі.
– Бұл істе талапкерге қатысты ондай шараның ешбірі болмаған. Сондықтан мемлекеттің қаржысы есебінен төлеу туралы сөз жоқ. Сірә, басқа жауапкер керек шығар, – дейді Ольга Ломако.
Қаржы министрлігі өкілінің пікірінше, БҰҰ комитетінің шешімі кеңес беру сипатында, Қазақстан орындауы міндетті емес. Ал адвокат Снежанна Кимнің пікірі басқаша, ол Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы міндеті жайлы айтады.
БҰҰ комитеті Қазақстанға Анна Белоусованың құқығын қалпына келтіру және оған өтемақы төлеуге қоса, жұмыс орнында жыныстық бопсалаумен күресу үшін тиісті заң қабылдауы керек деген кеңес берген. Белоусова шағымы – Қазақстан мен Орталық Азия бойынша бұл комитет қараған алғашқы іс. Құқық қорғаушылардың сөзінше, бопса мен жыныстық зорлыққа ұшыраған қазақстандық әйелдер оқиғаны жария ете бермейді.