Accessibility links

Бес жыл бұрын Жаңаөзенде қаза тапқандарға ас берді


Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының зираты басында құран оқып отырған адамдар. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы. 10 желтоқсан 2016 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының зираты басында құран оқып отырған адамдар. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы. 10 желтоқсан 2016 жыл.

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы маңындағы Теңге ауылында 2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні мұнайшылар наразылығын күшпен басу кезінде қаза болғандарды еске алу шарасына жүздеген адам жиналды.

Жаңаөзен құрбандарын еске алу шарасын «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы құрамындағы «Бұрғылау-жөндеу басқармасы» кәсіпорны ұжымы ұйымдастырған. Ұйымдастырушылардың бірі белсенді Нұрлыбек Нұрғалиевтің айтуынша, еске алу асына кәсіподақ ұйымы екі жарым миллион теңге бөлген.

- Асқа бір түйе, үш қой сойылды. Компания адамдарды осында жеткізуге көліктер бөлді, - деді Нұрғалиев.

Еске алу шарасы Жаңаөзен оқиғасы құрбандары жерленген Теңге ауылында өтті. Оған Жаңаөзен қаласында 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні бірнеше айға жалғасқан мұнайшылар ереуілін күшпен тарату кезінде қару оғынан қаза тапқандардың туған-туыстары да қатысты.

Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасына ас әзірлеп жатқан адамдар. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы. 10 желтоқсан 2016 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасына ас әзірлеп жатқан адамдар. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы. 10 желтоқсан 2016 жыл.

«Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерге» қатысқан деген айып бойынша сотталып, түрмеде отырып шыққан мұнайшылар белсендісі Шабдол Өткелов наразылықты күшпен басу кезінде қаза тапқандардың туыс-туғандарын жұма күні арнайы жеке шақырып, марқұмдарға құран оқытылғанын айтты.

- Қазірге дейін адамдар қолдан келгенше көмек беріп жатыр. Олардан түскен қаржыны қаза болған бауырларымыздың отбасына бөліп береміз, - деді Шабдол Өткелов.

Құрбандарға берілген асқа Шетпе ауылында 2011 жылғы желтоқсанның 17-і күні Жаңаөзендегі қантөгіске наразылық білдірген тұрғындар темір жолды жапқан кезде полиция оғынан қаза тапқан Төребек Төлегеновтің әкесі Жәнібек Төлегенов те қатысты.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасына жиналғандар. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы, 10 желтоқсан 2016 жыл.
2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасына жиналғандар. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы, 10 желтоқсан 2016 жыл.

Маңғыстаулық белсенді Нұрияш Әбдірайымова биыл үкіметтің жер реформасына қарсылық жиынына қатысқаны үшін қылмыстық айыптар тағылып, өткен айда сот үкімі бойынша бес жылға бас бостандықтарынан айырылған атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау білдірді.

- Мен Түркіменстанның Бешташ деген жерінен көшіп келген адаммын. Туған жердің қадірін бір кісідей білемін. Ата-бабамыз аманат еткен жер туралы мәселе көтерген екі жігіт түрмеде отыр. Оларды босатуды президенттен, бас прокурордан, жоғарғы соттан талап етейік, - деді ол. Жиналғандар оның ұсынысын қоштады.

2011 жылы Жаңаөзен қаласында мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан наразылық шеруін күшпен тарату кезінде полиция қолданған қару оғынан кемінде 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Халықаралық демократиялық қауымдастық Қазақстан үкіметінің іс-әрекетін айыптап, қантөгістің мән-жайын анықтау үшін толық және әділетті тергеу жүргізуге шақырған.

Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасынан фотогалерея:

XS
SM
MD
LG