Accessibility links

ВИЧ-ке шалдыққан оқушыларды мектептен шығару оқиғасы тексеріле бастады


ВИЧ дертіне шалдыққан бала СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. «Ана мен бала» орталығы, Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл.
ВИЧ дертіне шалдыққан бала СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. «Ана мен бала» орталығы, Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл.
Шымкентте ВИЧ жұқтырған балаларды оқудан шығарған мектепті комиссия тексеріп жатыр. Ал індетке шалдыққан баланың ата-анасы «қоғам ВИЧ-ке шалдыққандардан қорқатынын» айтты.

Қазанның 18-і күні арнайы комиссия ВИЧ-ке шалдыққан екі баланы мектептен шығару оқиғасы бойынша Шымкенттегі «Төржан» жекеменшік мектеп-гимназиясын тексеруге кіріседі.

«ВИЧ ЖҰҚТЫРҒАНЫН БІЛГЕН СОҢ МЕКТЕПТЕН ШЫҒАРДЫ»

Азаттыққа түсініктеме берген «Балаларды СПИД-тен қорғаймыз» қоғамдық қорының төрайымы Жаннета Жазықбаева:
Кішкентай Жарас және «Балаларды СПИД-тен қорғаймыз» қорының президенті Жаннета Жазықбаева. Шымкент, 22 мамыр, 2010 жыл.
Кішкентай Жарас және «Балаларды СПИД-тен қорғаймыз» қорының президенті Жаннета Жазықбаева. Шымкент, 22 мамыр, 2010 жыл.

- Бұл туралы прокуратураның бізге келген жауабында айтылған. Шағым жазғанымызға 20 күннен асса да, әлі күнге шейін тексерістің неге жүргізілмегені белгісіз, - деді.

Осыдан үш апта бұрын Шымкенттің бір мектеп-гимназиясында екі баланың ВИЧ статусы жария болып, директор ата-аналардан балаларын мектептен мүлде алып кетулерін сұраған.

- Барлық балаларға туберкулезге қарсы екпе жасалды. Екі баланың ата-анасы балаларына екпе салуға болмайтынын ескертіп, тиісті анықтама алып келген. Алайда емханадағы дәрігер мектепке хабарласып, медбикеге екі оқушының ВИЧ-ке шалдыққанын айтқан. Осы арада олардың статусы жария болып отыр. Ал бұл заңға қайшы. Балалар мектептен шығып қалды, - дейді Жаннета Жазықбаева.

«ЗАҢҒА ӨЗГЕРІС КЕРЕК»

Маманның айтуынша, қазір Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ-ке шалдыққан 200-ден аса бала бар. Оның 170-і мектепте оқиды. Жаннета Жазықбаева «Қазақстанның денсаулық кодексінің 95-бабы бойынша, ВИЧ-ке шалдыққан балалардың немесе ересек адамның барлық құқығы сақталуы тиіс» екенін айтты.

- Заң бойынша ВИЧ инфекциясы бар балалардың аты-жөні құпия сақталуы тиіс. Алайда 2004 жылдан бастап білім беру саласындағы медициналық қызметкерлер білім және ғылым министрлігінің құзырына өтті. Яғни қазір мектеп дәрігерлері денсаулық сақтау министрлігіне емес, білім саласына бағынады. Мектеп директоры жұмысқа медбикені де өзі алады. Осылайша мектеп медбикесі мектеп директорына тікелей бағынышты болып отыр. Сондықтан мектеп директорлары қазір балалар туралы барлық медициналық мәліметті біліп, дәрігерлік құпия сақталмай отыр. Осының салдарынан мектеп жасындағы ВИЧ-ке шалдыққан балаларымыздың бәрі қудалауға ұшырады, - деді сұхбаттасымыз.
ВИЧ дертіне шалдыққан сәбилер. «Ана мен бала» орталығы, Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл.
ВИЧ дертіне шалдыққан сәбилер. «Ана мен бала» орталығы, Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл.

2007 жылдың маусым айында Шымкентте балаларға жаппай ВИЧ індетін жұқтыру оқиғасы бойынша сот үкімі шыққан еді.

Сотқа тартылған 21 адамның төртеуі шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Олар - облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы басшысы Нұрсұлу Тасмағамбетова мен оның жұбайы - медициналық қызметтердің сапасын қадағалау комитетінің басқарма бастығы Рысқұлбек Байхарашев (әрқайсысы үш жылға шартты түрде сотталды), облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Нағима Жолдасова (үш жылға шартты түрде сотталды), қан орталығының курьері Халба Асанова (алты айға шартты түрде сотталды).

«ҚОҒАМ ӘЛІ ҚОРҚАДЫ»

Мектептен шығып қалған баланың бірінің анасы Индира Отжанова баласын өзге мектепке орналастырғанын айтты.

- Баламның қазіргі мектебі бұрынғысынан да жақсы, әйтеуір балама ұнайды, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Индира Отжанова «болған оқиғаға түсіністікпен қарайтынын» да айтты.

- Бір жағынан «Балаңды алып кет» деген директор заңды бұзып отыр. Екінші жағынан адам ретінде мен оны түсінемін. Бұл білім ордасы - оның бизнесі. Осы арқылы ол күнін көріп отыр. Қазіргі қоғам әлі де болса ВИЧ-ке шалдыққандардан қорқады, бізді қабылдай алмайды, - дейді сұхбаттасымыз.

Индира Отжанова – ВИЧ-ке шалдыққан баланың анасы ғана емес, «Жолдас» СПИД орталықтары қауымдастығының менеджері. Қауымдастық жуырда елдің төрт қаласында (Астана, Қарағанды, Шымкент және Өскемен) арнайы зерттеу жасады. Зерттеу сауалнамасына 50-ге жуық мекеме басшылары жауап берген.

- Мәселен, бір ғана Өскеменде шамамен 20 пайыз жұмыс беруші егер қызметкерінің ВИЧ-ке шалдыққанын білсе, жұмыстан шығаратынын ашық айтты. Ал 10 пайызы жауап беруге қиналды. Астаналық басшылардың 30 пайызы ВИЧ-ке шалдыққан адаммен бірге жұмыс істегісі келмейтінін айтып отыр. Қалған екі қалада да жағдай осыған ұқсас, - деді ол.

«ЖАСЫРУҒА МӘЖБҮРМІН»

17 жастағы Жадыра ВИЧ-ті ауруханада емделіп жатқанда жұқтырып алған. Қазір тиісті ем қабылдап жүрген бойжеткен індетін жасыруды үйренгенін айтты.
ВИЧ/СПИД дертімен күрес таңбаларының қасында тұрған медбике. (Көрнекі сурет)
ВИЧ/СПИД дертімен күрес таңбаларының қасында тұрған медбике. (Көрнекі сурет)

– Менің ВИЧ-ке шалдыққанымды ата-анам мен сіңілім ғана біледі. Ал қалған адамдар ол туралы естіген емес. Мен мектептегі құрбыларыма да тіс жарған емеспін. Өйткені олардың реакциясы белгілі. Біздің оңтүстікте алдыңғы жылғы оқиға (балаларға жаппай ВИЧ жұқтыру оқиғасы - ред.) әлі де көп тұрғындардың есінде. Олар тек аурудың емделмейтінін және ол қатерлі екенін біледі. Ал ол қандай жолмен жұғады, оның алдын алу шаралары қандай - ол туралы мүлдем хабарсыз. Осының салдарынан мен және мен сияқты ВИЧ-ке шалдыққан құрбыларым сырымызды айтпағанды жөн санаймыз, – дейді Жадыра.
XS
SM
MD
LG