Accessibility links

"Бәйтерек" пойызы апатынан адам мерт болған


Шу теміржол бекетінде тұрған жолаушылар пойызы. (Көрнекі сурет.)
Шу теміржол бекетінде тұрған жолаушылар пойызы. (Көрнекі сурет.)

Жамбыл облысында жолаушылар пойызы апатқа ұшырап, салдарынан бір адам мерт болып, тағы бірнешеуі зардап шекті деп хабарлады Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет. Төтенше оқиғаның себебін тексеру үшін комиссия құрылған. Прокуратура пойыз апатына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Маусымның 17-і күні Жамбыл облысында жолаушылар пойызының бірнеше вагоны теміржолдан шығып кетіп, адамдар зардап шеккен. Оқиға салдарынан бір жасөспірім мерт болып, үш ересек адам ауруханаға жеткізілді деп хабарлады Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті.

"Бір жеткіншек опат болып, үш адамның зардап шеккені анықталды", - деп хабарлаған Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.

Мұның алдында Иманқұлов жексенбі күні Астана-Алматы бағытындағы №9 "Бәйтерек" жолаушылар пойызының сегіз вагоны теміржолдан шығып кеткені, зардап шеккен төрт адамның біреуі қайтыс болғаны туралы хабарлаған болатын.

Зардап шеккен үш ересек адам аудандық орталық ауруханаға жатқызылған. Апатқа ұшыраған пойыз жолаушыларын "Астана-Қызылорда" пойызымен Шу станциясына жеткізгені туралы хабарланды.

"Қазақстан теміржолы" ұлттық теміржол компаниясы төтенше оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тексеру басталғаны туралы ақпарат таратты.


Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мәліметінше, оқыс оқиға Астана уақытымен сағат 13:25 кезінде теміржолдың Шығанақ-Шу бөлігінде болған.

"Төтенше оқиға салдарынан 4 адам зардап шеккен, олардың біреуі қайтыс болған. Ол адамның аты-жөні анықталып жатыр", - деп хабарлады Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар қызметі.

Төтенше оқиға орнынан түсірілген деген сипаттамамен әлеуметтік желіде тараған әуесқой видеоларда теміржолдан шығып, бір жағына аунап қалған жолаушы вагондарының ішінен адамдарды шығарып жатқаны көрсетілген. Оқиға болған жерге құтқарушылар, дәрігерлер, билік өкілдері барған.

Жексенбінің кешінде Қазақстан Бас прокуратурасы Жамбыл облысында болған жолаушылар пойызы апаты салдарынан жас баланың опат болғаны туралы ақпарат таратты.

"Алдын ала мәліметтер бойынша, 2006 жылы туған кәмелетке толмаған бала қаза болған. Зардап шеккен 11 адамға медициналық көмек көрсетілген. Апат себептері анықталып жатыр", - делінген ресми ақпаратта.

"Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясы таратқан кезекті хабарламада төтенше оқиғаға тап болған пойызда 829 жолаушы болғаны айтылған.

"Оқиға салдарынан бір адам мерт болып, жарақат алған үш адам ауруханаға жеткізілді. Барлық жолаушылар Шу станциясына жеткізіліп, оларға қажетті медициналық көмек пен психологиялық қолдау көрсетілді", - делінген компания ақпаратында.

Бұған дейін ұлттық компания Астана-Алматы бағыты бойынша қатынайтын №9 жолаушылар пойызының 8 вагоны Сарышаған мен Шу станциялары аралығындағы Жиделі-Бірлік темір жол бөлігінде жергілікті уақыт бойынша шамамен 13:25 кезінде теміржолдан шығып кеткен деп хабарлаған болатын.

Қылмыстық кодекстің "темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімдеген Бас прокуратураның дерегінше, төтенше оқиға сағат 13:45 кезінде Жамбыл облысындағы Шу қаласынан 50 шақырым қашықтықта болған. 20 вагон тіркеген "Астана-Алматы" бағытындағы жолаушы пойызының сегіз вагоны теміржолдан шығып кетіп, оның екеуі аунап қалған дейді прокуратура.

Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің Жамбыл облысы бойынша департаменті пойыз апатына байланысты жедел хабар желісі нөмірлерін хабарлады: (7262) 51-35-75, 51-41-67.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG