"АЛМАТЫҒА ЖІБЕРМЕЙ АЛЫП КЕТТІ"
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылының тұрғыны Шарипа Батырбекова мен оның "сексуалдық зорлыққа ұшырады" деп сипатталған жеті жасар жиені наурыздың 15-і күні Астанаға тексеруден өткізуге жеткізілген. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бүгін әкімдікте өткізген жиында хабарлаған. Әкім балаға қатысты кешеден бері Шымкентте республикалық мониторинг тобының өкілдері тиісті жұмыс істегенін, Қазақстанның бала құқығы жөніндегі уәкілі Зағипа Балиеваның да Шымкентке келіп, баламен сөйлескенін айтқан.
Бұған дейін сәрсенбінің кешінде азаматтық белсенді Дінмұхамед Артықов сағат 20:00 шамасында Шымкенттен Алматыға поезбен шыққалы тұрған жерінен бала мен нағашы әжесін полиция қызметкерлері алып кеткені туралы Азаттыққа хабарлаған еді.
- Баланы Алматыға тәуелсіз сараптамадан өткізуге апарғалы тұрғанбыз, бірақ полиция оларды поезға мінгізбей, еркімізден тыс алып кетті. Баланың нағашы әжесінде де, әпкесінде де сенім хаты бар, - дейді белсенді.
Бұл уақытта Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы "аталған дерек бойынша 2018 жылдың қаңтар айынан бастап Сарығаш аудандық ішкі істер бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр" деп мәлімдеме жасады.
"Жасөспірімнің жеке өміріне қатысты мәліметті қорғау мақсатында Қылмыстық-процестік кодекстің 96-бабына сәйкес қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Оңтүстік Қазақстан облысының уәкілетті органдарының өкілдері, психологтар жасөспіріммен және оның туысқандарымен кешенді психологиялық жұмыс жүргізіп жатыр" делінген ақпаратта.
Сонымен бірге прокуратура тергеу аясында сот психологиялық-психиатриялық сараптамалар қорытындылары әлі дайын емес екені туралы хабарлаған.
Оқи отырыңыз: Билік өкілдері "бала зорлау" дерегін жоққа шығарды
Бірнеше сағаттан кейін ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова журналистерге бала мен оның туыстары Шымкенттегі кәмелетке толмаған балаларға арналған бейімдеу орталығына жеткізілгенін айтты.
"Баланың заңды өкілі әжесіне орталыққа баруға және мемлекет тарапынан берілетін қорғау құқығын алуға құқылы екені түсіндірілді. Ол осы құқықтарды пайдалануға келісім берді", - деді ІІД өкілі.
"ҚАЙТА САРАПТАМА ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ"
Полицейлердің бала мен туыстарын облыстық ішкі істер департаментінен кейін жатын орнына апарғаны туралы Азаттық тілшісіне бейсенбіге қараған түн ортасында Шарипа Батырбековамен бірге жүрген сіңілісі Әзиза Батырбекова хабарлады.
- Ішкі істер департаментінде Зағипа Балиевамен кездестік. Ол баланың анасымен сөйлесті. Астанаға алып барайық деді. Ішкі істер департаментінен шыққан соң үшеумізді жиһаздары бар бір жерге апарды. Қонақүй деп айтты. Есіктің алдында бірнеше ер адам қарап отыр. Қазір баланың жағдайы қалыпты, - деді Әзиза Батырбекова.
Наурыздың 15-і түнгі сағат 2:00 шамасында облыстық ішкі істер департаменті алдына жиналған журналистерге Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі, парламент депутаты Зағипа Балиева туыстары "зорлық құрбаны" болды деп сипаттаған балаға қайтадан кешенді және тәуелсіз сот-медициналық сараптама жүргізілетіні туралы хабарлады. Ол баланы көзімен көріп, жағдайын білу үшін Шымкентке арнайы келгенін айтты.
"Қазір ол қауіпсіз жерде, онымен психолог жұмыс жасап жатыр. Баламен бірге әжесі және нағашы әпкесі жүр. Баланың анасымен сөйлестім. Олар менімен бірге Астанаға барады", - деді ол.
Журналистерге Зағипа Балиева "балаға қашан сараптама жүргізуге болатынын психолог шешеді" деп хабарлады.
ӘКІМ ШЕНЕУНІКТЕРГЕ ШАРА ҚОЛДАНДЫ
Бейсенбі күні таңертең Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданындағы "зорланған бала" мәселесіне байланысты жиын өткізді.
"Аталған мәселе бойынша тергеу амалдарының объективті және жан-жақты жүргізілуін қамтамасыз ету үшін, тергеу амалдары аяқталғанша осы оқиғаға қатысты барлық лауазымды тұлғалар мен жауапты қызметкерлер қызметтерінен уақытша шеттетіледі", -деді Түймебаев.
Облыс әкімі Сарыағаш ауданындағы жағдайды "дер кезінде бақылауға алмағаны үшін" аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Оразгелді Бердалы, Сарыағаш ауданы Абай ауылдық жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Ә.Ибрагимов, ювеналды полиция бөлімшесінің Абай ауылындағы №73 және №74 жалпы орта мектептер бойынша жауапты полиция инспекторы Қ.Сәриевтер қызметтерінен босатылатынын хабарлады.
Сонымен бірге облыс басшысы өзінің орынбасары Ұласбек Сәдібековке қатаң ескерту, облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовқа сөгіс, Сарыағаш ауданының әкіміне қатаң сөгіс жариялап, Сарыағаш ауданы әкіміне идеология бойынша орынбасарына шара қолдануды тапсырды.
Әжесі баланы ұрып-соғу, заңсыз әрекеттер жасау жөнінде арызданып келген. Ішкі істер бөлімі қызметкерлері істі тексеру барысында қажетті материалды жинамаған
Бұл оқиғаға байланысты мән-жай анықталғанша Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов пен Абай ауылындағы №73 және №74 мектеп директорлары қызметінен шеттетілді.
Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков "Сарыағаш ауданында 7 жасар балаға қатысты болған келеңсіз жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүріп жатқанын" хабарлады.
- 2017 жылы әжесі баланы ұрып-соғу, заңсыз әрекеттер жасау жөнінде арызданып келген. Ішкі істер бөлімі қызметкерлері істі тексеру барысында қажетті материалды жинамаған, - деді ол облыстық әкімдіктегі жиналыста.
Бұған дейін Сарыағаш ауданындағы Абай ауылы тұрғыны зейнеткер Шарипа Батырбекова Азаттық тілшісіне жеті жасар жиенін былтырғы тамыз айынан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағаны" туралы жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын айтқан еді.
Сарыағаштағы "зорланған бала" туралы хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырып, қатты талқылауға ұласқан.
Бұған дейін кей қоғамдық ұйымдар мен белсенділер жеті жасар ұл мен нағашы әжесінің Алматыға барып-қайтуын және баланы мамандарға қарату шығынын көтеріп алатындарын мәлімдеген. Алматыға жолға шыққалы тұрған бала мен туыстарын полицияның поездан алып қалып, кейін Астанаға жөнелткені туралы ақпараттан кейін әлеуметтік желілерде билікке сын күшейген.