Accessibility links

Көпқабатты үйдің тұрғындары бір айдан бері жылусыз отыр


Замира Оралбаева, Асқаров көшесіндегі 34-үйдің тұрғыны. Шымкент, 6 желтоқсан 2017 жыл.
Замира Оралбаева, Асқаров көшесіндегі 34-үйдің тұрғыны. Шымкент, 6 желтоқсан 2017 жыл.

Шымкенттегі көпқабатты үйдің тұрғындары бір айдан бері жылу берілмей, қыс мезгілінде суық үйде отырғандарын айтып шағымданды. Үйдің жертөлесіндегі жылу құбыры қараша айының басында жарылған. Жергілікті билік жылудың үй іргесіне барып тұрғанын, ал ортақ меншік болып саналатын жертөле сияқты нысандарды күтіп ұстау тұрғындардың өз мойнында екенін айтады.

«БІРІМІЗДЕН СОҢ БІРІМІЗ АУЫРЫП ЖАТЫРМЫЗ»

Шымкенттегі Асқаров көшесінде орналасқан 34-үйдің тұрғыны Замира Оралбаева қалада жылу маусымы қараша айында басталғанымен, пәтеріне жылу келмегенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, тұрғындар «бір айдан бері тиісті мекемелерге барған, әкімдікке де хабарлаған».

- Үш-төрт күн болды құбырды енді жалғап жатыр. Осы уақытқа дейін бір күн жылу болған жоқ. Күндіз-түні тоқпеш пен газ жағып отырмыз. Cонда да суық, жаурап жүрміз. Балаларды да шомылдыра алмаймыз. Онсыз да суық тиіп, бірімізден соң біріміз ауырып жатырмыз, - дейді Замира Оралбаева.

Замира Оралбаеваның айтуынша, «пәтерін жылыту үшін тоқпеш пен газ қосып отырғандықтан, бір айға жарыққа - 11 мың теңге, газға - 6 мың теңге, ал берілмеген жылуға 7 мың теңге төлеп келген».

Асқаров көшесіндегі 34-үй. Шымкент, 6 желтоқсан 2017 жыл.
Асқаров көшесіндегі 34-үй. Шымкент, 6 желтоқсан 2017 жыл.

Замира Оралбаеваның пәтеріне кірген Азаттық тілшісі жылу батареяларын ұстап көргенде олар мұздай болып тұрды. Үйде ойнап жүрген балалар қалың киініп алған. Замира Оралбаеваның қызы Әсел Оралбаева «орталықтандырылған жылу берілмегендіктен, терезені мүлде ашпайтын болдық» дейді.

- Қазір амалдап отырмыз, ертең қыстың аязы келгенде қайтеміз, - дейді ол.

Замира Оралбаеваның көршісі Балжан Анарқұлова да «пәтерінде жылу жоқ» екенін айтады. Оның сөзінше, үйдің жертөлесінде әуелі кәріз құбыры жарылған. Оны тұрғындар өз қалталарынан ақша жинап, жөндетіп болғанда, жылу құбыры жарылып кеткен. Тұрғындар жылу құбырын жөндетуге шамалары келмейтінін айтады.

- Кәріз құбыры жарылғанда ақша жинап, сорғыздық. Жылу келген соң жылу құбыры да жарылып, жертөлеге тағы су толып қалды. Өзіміздің шамамыз келмеген соң әкімдікке айттық. Әкімдік күн жылыда жүріп алды да, суыған соң жұмыс істеп жатыр, - дейді ол. Балжан Анарқұлова да «Үйінің сыз екенін, кішкентай балаларының жиі ауырып жатқанын» айтты.

34-үйдің тағы бір тұрғыны Айгүл Асылбекова да пәтері суық екеніне шағымданды.

- Әне келеді, міне келеді деп жүргенде бір айдан асты. Қабат-қабат киініп, үш баламмен бір бөлмеге тығылып, тоқпештің алдында отырмыз. Суық тиген балаларым қатты ауырып қалмасын деп күнде дәрі беремін, - дейді ол.

Азаттық тілшісі үйдің жертөлесіне де түсіп көрмекке тырысты. Бірақ кіру мүмкін емес болып шықты. Жертөлеге кіретін есікті ашқаннан кәріз жүйесінің жағымсыз исі қолқа қауып, жүректі айнытты. Үй іргетасы көгергені байқалады. Азаттық тілшісі баспалдақпен жертөлеге түскенмен, тұншығып, ары қарай бара алмай, қайта шықты. Сұрастыра келгенде тұрғындар өздері ұйымдасып құрған немесе үйдің ортақ меншік нысандарына күтім жасайтын жалдамалы кооператив болмай шықты. Тұрғындар өз араларынан сайлаған «үй төрағасы» пәтерінен табылмады.

Асқаров көшесі 34-үйдің жертөлесінің есігі. Шымкент, 6 желтоқсан 2017 жыл.
Асқаров көшесі 34-үйдің жертөлесінің есігі. Шымкент, 6 желтоқсан 2017 жыл.

«ЖЫЛУ ҚОСЫЛАДЫ»

Көпқабатты тұрғын үйдің ауласында құбыр жалғап жүрген, өздерін қалаға жылу берумен айналысатын «Қуатжылуорталық» мекемесінің қызметкерлеріміз» деп таныстырған жұмысшылар жарылған құбырларды алмастырып жатқандарын айтты.

- Жылу құбырын сырттан тартып жатқанымызға үшінші күн. Алғашында жертөледен амалдап тартамыз деп ойладық. Жертөлеге түсіп қайта шығып кеттік. Ол жерде демалу мүмкін емес. Кәріз суын сорып алғанымен, қалдықтар жатыр. Қазір құбырын сыртқа шығарып, үйдің подъезінен тесіп кіргізіп жатырмыз, - дейді аты-жөнін айтудан бас тартқан жұмысшы.

Оның сөзінше, жөндеу жұмыстары «бір-екі күнде аяқталса, жылу қосылады». Ал Шымкент қаласындағы Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілештің айтуынша, «Аудандағы 424 көпқабатты тұрғын үйдің барлығына жылу берілген».

Асқаров көшесі 34-үйдің жылу құбырын жөндеп жатқан жұмысшы. Шымкент, 6 желтоқсан 2017 жыл.
Асқаров көшесі 34-үйдің жылу құбырын жөндеп жатқан жұмысшы. Шымкент, 6 желтоқсан 2017 жыл.

- Жылу бергенде жертөледе құбыр жарылды. Оған дейін кәріз жарылған. Оның суын сорғыздық. Бірақ қалдықтары қалып қойды. Бұл үйдегі 40 пәтердің 20-сы жылуды жеке қазандықтан алады, қалған 20-сы орталықтандырылған жүйеге қосылған. Орталықтандырылған жылу жүйесіне бір пәтер қосылса, біз жылу беруге міндеттіміз. Сондықтан, тұрғындарды «Қуатжылуорталықпен» келісімшартқа отырғызып, жылу жүйесін жертөледен сыртқа шығарып жатырмыз. «Қуатжылуорталық» жылуды жертөлеге дейін алып келуге міндетті. Ал оны пәтеріне кіргізу тұрғындардың өз құзіретінде, - дейді ол.

Әкім орынбасарының айтуынша, «Бұл үй кондоминиум нысаны деп танылған, яғни үйдің шатыры, дәлізі, жөртөлесін жөндеу, таза ұстау тұрғындардың өз мойнында».

- Кәріз суын сорып алғанымен, жертөлені құрғату мүмкін болмады. Жоба бойынша жертөледе ауа кіріп тұратын тесіктер болу керек. Бірінші қабаттағы коммерциялық нысандар сол тесіктерді жауып тастаған, - дейді әкімнің орынбасары. Тілеш мырзаның сөзінше, енді жергілікті билік бұл үйді күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр.

Асқаров көшесі 34-үйдің кіреберіс есігі. Шымкент, 6 желтоқсан 2017 жыл.
Асқаров көшесі 34-үйдің кіреберіс есігі. Шымкент, 6 желтоқсан 2017 жыл.

- Бұл үйлер 1964 жылы салынған. Құбырлары тозған, жаңарту керек. Тұрғындар келісімімен «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасымен үйді 2018 жылы күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап қойдық. Жертөледегі батпақ кепкеннен кейін, оны да тазалап береміз, - дейді Нұрлан Тілеш.

Шымкент қаласында жылу қараша айының басында берілген.

Ресми дерек бойынша, 2017 жылы «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында ауданда 10 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. 2018 жылы 20 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

XS
SM
MD
LG