Accessibility links

Апатты үйдегі алты отбасы


Түркістан көшесіндегі апатты жағдайда деп танылған екі қабатты ескі үй. Шымкент, 23 ақпан 2017 жыл.
Түркістан көшесіндегі апатты жағдайда деп танылған екі қабатты ескі үй. Шымкент, 23 ақпан 2017 жыл.

Шымкентте апатты жағдайда деп танылған ескі үйдің тұрғындары жергілікті билік ұсынған жалдамалы баспанаға барудан бас тартып, өздеріне пәтер беруді талап етіп отыр. Әкімдік "пәтер кезегі келгенде берілетінін" айтады.

СЕКСЕН ЖЫЛ ТҰРҒАН ҮЙ

Шымкент қаласы Түркістан көшесіндегі 1935 жылы салынған екі қабатты ескі үйде алты отбасы тұрады. Бүгінде ресми түрде апатты жағдайда деп танылған үйдің екі подъезіндегі бір, екі және үш бөлмелі алты пәтерде жиыны 26 адам күн кешіп жатыр. Олардың арасында жасы кәмелетке толмаған балалар мен қарт адамдар да бар.

Зейнеткер Мәнсия Алданова осы үйде тұрғанына 40 жыл болғанын айтады.

- Үйді апатты жағдайда деп танығанына жылдан асты. Әкімдік «көшіңдер, бұл үй қауіпті» дейді. Отбасымда 11 жан бар. Екі баламның бала-шағасымен бірге тұрамыз. Мұнша жанмен қайда барамын, қызымның үйіне барсам да сыймаймын, - деп шағынады ол.

Апатты жағдайда деп танылған ескі үйдің тұрғыны Мәнсия Алданова. Шымкент, 23 ақпан 2017 жыл.
Апатты жағдайда деп танылған ескі үйдің тұрғыны Мәнсия Алданова. Шымкент, 23 ақпан 2017 жыл.

Мәнсия Алданова әбден тозығы жетіп тұрған үйдің сансыз проблемалары барын айтады.

- Бұрын жылу құбырын төбеден жүргізген екен. Ол шіріп, биыл екі рет жарылып төбемізден ыстық су ақты. Қабырғаларды сылаймыз, қайта жарылады, одан қалса түсіп қалады. Еденнің тозғаны сонша бояуға жарамай қалған. Терезелер жабылмайды. Шатырға шықсаңыз, адам қорқады. Айта берсем көп, - дейді зейнеткер.

Бірінші қабатта жалғыз тұратын зейнеткер Тамара Георгиевна да бір күні үй құлап қала ма деп алаңдап отырғанын айтады.

- Жауын жауса электр сымының үстінен су ағады. Үйдің жерге кіріп, шөгіп жатқаны сезіледі. Бұл жерде өмір сүру қауіпті, - дейді ол.

Ескі үйдің терезе жақтауына тығылған кесіртке. Шымкент, 23 ақпан 2017 жыл.
Ескі үйдің терезе жақтауына тығылған кесіртке. Шымкент, 23 ақпан 2017 жыл.

Түркістан көшесіндегі 14-үйді Азаттық тілшісі де аралап көрді. Іргетасы шіріп, шөккен үйдің ескі терезелерін тұрғындар суық кірмеуі үшін клеенкамен бітеп қойыпты. Қабырғасы әр жерден сөгіліп, ағаштан жасалған еден мен баспалдақ әбден тозып, сынған. Шатырдан ағатын жаңбыр суынан қабырғалар сарғайып кеткен. Үй ішінде кесіртке, өрмекші, тарақан тәрізді жәндіктер өріп жүр. Үйдің екінші қабатындағы бір пәтердің едені сынып, төменгі қабатқа құлап түсуге шақ тұр. Оның астынан тіреуіш қойғанымен, еденге салмақ түсіп, жөртөлеге қарай шөге бастаған.

Тамара Георгиевна қала ортасында орналасқан үйдің тұрғындары коммуналдық қызмет түрлерін пайдалана алмай отырғанын айтады. Үйге газ құбыры тартылмаған, орталық кәріз жүйесіне қосылмаған.

- Тамақ істеу үшін газ балонын сатып алып пайдаланамыз. Тегенеге су құйып шомыламыз. Бомбалап кеткен үйде өмір сүріп жатқандаймыз. Жан-жағымыздың бәрі қирап жатыр, - дейді ол.

Шымкенттегі апатты үй туралы фотогалерея:

«КЕЗЕК КҮТУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ»

Шымкент қаласы тұрғын үй шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Бектұрсыновтың Азаттыққа айтуынша, Шымкент қаласында апатты жағдайда деп танылған үш тұрғын үй бар. Оның бірін жеке кәсіпкер сатып алған. Екінші үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген. Ал Түркістан көшесіндегі 14-үйдің тұрғындары өздеріне пәтер берілмесе, басқа жерге барудан бас тартып отыр.

- 2015 жылы бұл үй апатты деп танылған. Онда коммерциялық нысандардан бөлек алты отбасы тұрып жатыр. Оларға уақытша баспана немесе пәтер берілуі керек. Жаңа пәтер тұрғын санына қарап емес, пәтерінің көлемі бойынша есептеп беріледі. Қазір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Онда тұру қауіпті. Бұл тұрғындар пәтер кезегінде тұр. Пәтер кезегі келгенше әкімдіктің есебінен уақытша жалдамалы пәтерге көшуді ұсынып отырмыз, - дейді шенеунік.

Шымкент қаласы тұрғын үй шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Бектұрсынов. Шымкент, 24 ақпан 2017 жыл.
Шымкент қаласы тұрғын үй шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Бектұрсынов. Шымкент, 24 ақпан 2017 жыл.

Жергілікті билік апатты жағдайда деп таныған үй тұрғындары өздеріне жеке меншік баспана берілмейінше орындарынан ешқайда қозғалмайтындарын айтады.

- Бізге пәтер қашан береді? Бере ме, бермей ме, белгісіз. Пәтер кезегінде 38-ші боп тұрмын. Бұл кезек бір жылда келе қоймайды ғой, - дейді Мәнсия Алданова.

Тұрғын үй шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Бектұрсыновтың сөзінше, қаладағы тұрғын үйлердің жағдайы апатты не сейсмикалық тұрғыдан қауіпті екенін арнайы құрылған комиссия анықтап, тиісті қорытынды әзірлейді. Қазіргі таңда апатты деп танылған үш үйден бөлек Шымкент қаласында көпқабатты 16 тұрғын үй сейсмикалық тұрғыдан нығайтуды қажет ететіні анықталған, көпқабатты 90 тұрғын үйге техникалық сараптама тағайындалған.

XS
SM
MD
LG