Accessibility links

Апатты үйлер проблемасын кім шешуі тиіс?


1883 жылы салынған апатты жағдайдағы үй. Орал, 5 қаңтар 2017 жыл.
1883 жылы салынған апатты жағдайдағы үй. Орал, 5 қаңтар 2017 жыл.

Ресми дерекке қарағанда, Орал қаласында 41 үй апатты жағдайда деп танылған. Билік мұндай үй тұрғындарына мемлекеттік баспана бермейді. Жұртқа тозған үй орнына жеке құрылыс компанияларымен жаңа үй салу туралы келісім жасасуды ұсынады.

Оралдағы апатты жағдайдағы үйлердің көбі - революцияға дейін және СССР заманында салынған екі қабатты үйлер. Кей үйлер сәулет ескерткіштері тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған. Бірақ қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі әбден тозып, апатты жағдайға жеткен үй тұрғындарының баспанаға қатысты қиындығын жай ғана бақылау позициясын ұстанып отыр.

ҚҰЛАУҒА ШАҚ ТҰР

Зейнеткер Мақпал Ыдырысова баласы екеуінің Оралдың ескі бөлігіндегі 1868 жылы салынған апатты үйде тұрғанына 20 жылға жуықтаған. Кезінде жергілікті көпес Кирилл Рассохиннің меншігі болған әлгі үй сәулет ескерткіші саналады. Кезінде СССР жазушылар одағын басқарған әрі Александр Солженицынға қарсы шыққан совет жазушысы Константин Федин 1911 және 1913 жылдары осы үйде қонақ болған.

Қазір әлгі үй әрқайсысының аумағы 16 шаршы метр болатын аядай алты бөлмеге бөлінген. 2013 жылғы қыркүйекте үйдің сыртқы қабырғаларының бірі құлап қалып, шенеуніктер мен құтқарушылар келіп көріп кеткен. Кейін құлаған қабырғаны амалдап қалпына келтірген. Сол кезден бері үй тұрғындарының жағдайын ешкім сұрамаған.

1868 жылы салынған ғимараттың опырылған қабырғасы. Орал, 5 қаңтар 2017 жыл.
1868 жылы салынған ғимараттың опырылған қабырғасы. Орал, 5 қаңтар 2017 жыл.

- Мына үйде тұру мүлде қауіпті. Қабырғалары кез келген сәтте құлауы мүмкін. Ал оны жөндеуге ақшамыз жоқ, - дейді Мақпал Ыдырысова.

Ыдырысовтар мемлекет қарайласар деп үміттенеді. Мақпалдың айтуынша, биыл билік «18 айдың ішінде апатты үйдің орнына жаңа үй салып береміз деген құрылыс мекемесімен ауызша келісім бар» деп жаңа үйдің құрылысын бастауға уәде еткен.

Зейнеткер Сәния Мұханжанованың жағдайы да осыған ұқсас. Ол алты жылдан бері тұратын 1883 жылы салынған көп пәтерлі үйді билік апатты деп таныған, бірақ тұрғындарды көшіруге асықпайды. Жұрттың бұдан өзге баспанасы да, көшіп баратын жері де жоқ.

Үй көз алдымызда қаусап барады. Негізгі салмақ түсетін бөренелері шіріп кеткен. Еденнің тақтайлары сықырлап, дым тартып тұр. Мемлекеттік баспана кезегіне тұрып қойдық. Енді беретін шығар деп үміттенеміз.

- Үй көз алдымызда қаусап барады. Негізгі салмақ түсетін бөренелері шіріп кеткен. Еденнің тақтайлары сықырлап, дым тартып тұр. Мемлекеттік баспана кезегіне тұрып қойдық. Енді беретін шығар деп үміттенеміз, - дейді зейнеткер.

Үйде кәріз жүйесі жоқ, бірақ су мен газ бар. Кірпіштен қаланған сыртқы қабырғада «19-ғасырдың сәулет ескерткіші және мемлекет қорғауындағы үй» деп жазылған тақтайша ілінген.

МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық бөлім қызметкерлерінің айтуынша,апатты үй тұрғындарына мемлекеттен пәтер бөлінуі екіталай.

- Үйлері апатты деп танылған тұрғындар кезек бойынша берілетін әлеуметтік баспана кезегіне тұра алады. Ал оның қашан болатыны белгісіз, - дейді Орал тұрғын үй-коммуналдық бөлімінің бас маманы Асхат Шадияров.

Шенеуніктің сөзінше, қазір қалада апатты деп танылған 41 үйде (383 пәтер) 1532 адам тұрады. Үйлердің бәрі жекешелендірілген, тұрғындардың меншігінде. Демек жұрт баспанаға қатысты мәселелерді өздері шешуі тиіс.

1868 жылы салынған апатты жағдайдағы үй. Орал, 5 қаңтар 2017 жыл.
1868 жылы салынған апатты жағдайдағы үй. Орал, 5 қаңтар 2017 жыл.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мемлекет пен жеке меншік компаниялар бірігетін әріптестік схемасын пайдалануды ұсынады. Яғни құрылыс компаниясы апатты үйдің орнына жаңа үй салып, пәтерлердің бір бөлігін апатты үйдің бұрынғы тұрғындарының арасында бөліп беруге міндеттеме алады. Қалған пәтерлер құрылыс компаниясы иелігінде қалады.

Қазір Оралда осындай схемамен 140 және 90 пәтерлік үйлердің құрылысы басталған. Пәтерлердің бір бөлігіне апатты деп танылған төрт үйдің тұрғындарын қоныстандыру жоспарланған.

- Өзге амалы жоқ. Жұрт кезекке тұрса, баспаналы бола ала ма - оны айта алмаймыз, - дейді Асхат Шадияров.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі апатты үй тұрғындарына «бізге келіп кеңес алсын, құрылыс компанияларын тауып береміз» деп уәде етеді. Ал әзірше бір жарым мыңнан көп адам тұруға қауіпті үйлерде тіршілік етіп жатыр.

Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті Азаттыққа былтыр департаментке апатты үй тұрғындары тарапынан арыз, шағым түскен жоқ деп хабарлайды.

Азаттық инфографикасы:

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG