Accessibility links

«Апатты үй» тұрғындары көмекке зәру


Жаңөзендегі тозығы жеткен №37 үйдің тұрғындары есік алдында баспаналарының жағдайын баяндап тұр. 29 тамыз 2015 жыл.
Жаңөзендегі тозығы жеткен №37 үйдің тұрғындары есік алдында баспаналарының жағдайын баяндап тұр. 29 тамыз 2015 жыл.

Бір топ жаңаөзендік «апатты жағдайдағы» үйлері құлап кете ме деп алаңдаулы. Қала әкімдігі «жаңа үй салынып жатқанын» айтады. Тұрғындар шағымынан соң Азаттық тілшісі Жаңаөзенге арнайы барып қайтты.

«Іргетесы шөгіп, құлағалы тұрған үйде тұрамыз» деп дабыл қағып, Азаттыққа арыз жолдаған тұрғындар тілшіні 1960 жылдары Жаңаөзендегі «Өзен» кенішін игерушілерге арнап салынған жатақхана типтес ғимараттың алдында қарсы алды. «Шаңырақ» шағын ауданындағы №37 үйдің тұрғындары: «Жаңаөзен оқиғасынан» бері төрт жыл өтсе де, қалада айтарлықтай ештеме өзгерген жоқ... Бар болғаны үйлердің сыртын бояп, көзалдау жасады. Ал үйдің ішіне кіру мүмкін емес» деп жатты.

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласынан 150 шақырымда орналасқан, негізінен мұнай жұмысшылары тұратын шағын қалада Жаңаөзен оқиғасынан кейін әкім ауысып, бірнеше әлеуметтік бағдарлама жарияланған еді. 2011 жылғы желтоқсанда әлеуметтік жеңілдіктері мен жалақы көлемін даулаған жұмысшылар ереуілін полиция қару қолданып таратқан сол бір қанды оқиғадан кейін қала әкімдігі жұмыспен қамту бойынша арнайы жоба бастаған. Ереуіл кезінде өртеніп, бүлінген әкімдік пен бірнеше мекеме ғимараты жылдам қалпына келтірілген. Бірақ қаладағы ескі панель үйлерді жөндеу мәселесін шешудің созыла түскені туралы шағым жиі естіледі.

«БАСПАЛДАҚТАР ШІРІП ҚҰЛАП ЖАТЫР»

Жатақхана типтес бұл үйдің ең қарт тұрғыны – 83 жастағы Күміс Хамиева. Зейнеткер әженің жанары суалған, құлағы естімейді. Ол бұл үйдегі пәтерге 1965 жылы Маңғыстау түбегін игеруге келгенде қол жеткізгенін айтады.

Тозығы жеткен №37 үй тұрғындары, (солдан оңға қарай) зейнеткерлер Масура Қабдрашитова мен 83 жастағы Күміс Хамиева. Жаңаөзен, 29 тамыз 2015 жыл.
Тозығы жеткен №37 үй тұрғындары, (солдан оңға қарай) зейнеткерлер Масура Қабдрашитова мен 83 жастағы Күміс Хамиева. Жаңаөзен, 29 тамыз 2015 жыл.

- Содан бері осында тұрып келемін. Соқыр болсам да, көршілер шағым айтып әкімдікке барамыз десе, мен де селбесіп ілесіп барамын. Бірақ одан нәтиже жоқ. «Үйлеріңді жөндеу керек» дейді. Ескі үй жөндеуге келе ме? - деді қария.

Тұрғындардың сөзінше, іргетасы отырып, едендері опырыла бастаған үй мерекелерде балалардың отшашуынан да дірілдеп тұрады, сол себепті жөндеуге келмейді, көшіру қажет.

Осы үй тұрғыны Жолдыбай Қожамбетовтің сөзінше, бұл ғимарат 1985 жылдан бері «апатты үй» деп саналып келеді, алайда апатты деп берілген ресми құжат 2011 жылғы мұнайшылар ереулі кезінде өртеніп кеткен.

- Мен төртінші қабатта тұрамын. Пәтеріме жылда жөндеу жасаймын. Одан қандай пайда? Төбемнен су кетеді. Әкімдер жалған уәде беруден жалықпайды, - деп қынжылды ол.

Тозығы жеткен №37 үй. Жаңаөзен, 29 тамыз 2015 жыл.
Тозығы жеткен №37 үй. Жаңаөзен, 29 тамыз 2015 жыл.

Үйдің алдындағы тротуардың жуырда жөнделгені көрінеді, асфальті әлі кеуіп үлгермеген.

Тұрғындар тілшіге: «Мынаны қараңыз, әкімдікке шағымданып бара берген соң бізге жасағаны. «Бізге жол емес, баспана мәселесін шешу керек» десек, «Ақшасы бөлінген зат, салуымыз керек деп салып кетті» деп жамыраса арызданып жатты.

71 жастағы Масура Қабдірашитова қырық жыл бойы ұстаздық еткен зейнеткер екенін, Жаңаөзенге кезінде жас маман ретінде жолдамамен келгенін айтады.

- Бұл үйде тұрып жатқандардың барлығы байырғы мұнайшылардың отбасы. Олар қарамайға малынып жүріп еңбек етті. Мен солардың баласын оқыттым. Енді мұнда тұру мүмкін емес, сасық иіс қолқаңды жарады. Подъездер баспалдағы шіріп құлап жатыр. Әкімінен әкім ауысқанымен бізге тиер қайыр жоқ, - деді ол.

№37 үйдің көше жақ беті. Жаңаөзен, 29 тамыз 2015 жыл.
№37 үйдің көше жақ беті. Жаңаөзен, 29 тамыз 2015 жыл.

Үйдің және бір тұрғыны ІІ-ші топ мүгедегі Эльмира Келдібаева «жылудың жоқтығын, жарықтың жиі сөнетінін» айтып налыды.

Біраздан соң Азаттық тілшісіне пәтерлерін көруді өтінген «апатты үй» тұрғындарының қарасы молайып, соңы кезекке ұласты. Барлығының тұрмыс жағдайы бірдей. Олардың сөзін қорытындылаған Күлпәш Жанаева:

- Мұнайшылар қаласы дейді. Іргеде аққан мұнайдан бізге пайда жоқ. Әкімдерге кіре алмаймыз. «6-шағынауданнан салынып жатқан жаңа үйден үй беремін» деген әкім Серікбай Тұрымов та ауысып кетті. Сондықтан осы мәселені президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізіңіз, - деді.

«АПАТТЫ ЕМЕС, ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН»

Тұрғындардың шағымын №37 үй тұрғындары қарайтын «Дәурен» жеке меншік пәтерлер кооперативінің Ләззат есімді төрайымы да растады. Оның айтуынша, үй жөндеуге жарамайды.

«Дәурен» жеке меншік пәтерлер кооперативінің төрайымы Ләззат Мадимарова. Жаңаөзен, 29 тамыз 2015 жыл.
«Дәурен» жеке меншік пәтерлер кооперативінің төрайымы Ләззат Мадимарова. Жаңаөзен, 29 тамыз 2015 жыл.

- Үйдің баспалдақтары ертең олар көшетін болса, ауыр затты көтере алмауы да мүмікін. Едендегі жарықтардың салдарынан дезинфекция да жасай алмаймыз. Себебі ырсиған жарықтардан түтін кіріп, адамдар демала алмай қалады, - деді ол.

Баспана талап еткен тұрғындар Азаттық тілшісінен қала әкімдігіне бірге баруды өтінді. Жиналған тұрғындармен Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Серік Қалдығұлов сөйлесті.

- Не мәселе? Үйге не болды? Қандай біткен үйді сұрап отырсыздар? Біткен үй бар ма бізде, - деп таң қалды әкімнің орынбасары тұрғындардың шағымын тыңдап.

Оның айтуынша, «бұл – апатты үй емес, тозығы жеткен үй. Себебі үйдің апаттылығын растайтын тұрғындардың қолдарында ресми құжат жоқ».

Жаңаөзен қаласы әкімі орынбасары Серік Қалдығұлов №37 үй тұрғындарымен кездесіп отыр. 29 тамыз 2015 жыл.
Жаңаөзен қаласы әкімі орынбасары Серік Қалдығұлов №37 үй тұрғындарымен кездесіп отыр. 29 тамыз 2015 жыл.

- «Сіздерде айқайлап үй салдырып аламыз» деген түсінік бар. Ешкім де айға бата қылып отырған жоқ. Мақсатты бағдарлама жасалды. Инвестор қарап жатырмыз. Қазір «Тобылғы 2015» деген мекемемен 70\30 пайызға келісіп, үй салып жатырмыз. Салынып біткен үйлердің 30 пайызы тұрғындарға беріледі. Бірақ оған қандай үй тұрғындары ілігеді, оны комиссия шешеді, - деді ол.

Серік Қалдығұловтың сөзінше, Жаңаөзенде қазіргі тозығы жеткен үйлердің жалпы саны – 53, бірақ «апатты үй мүлде жоқ».

- 2012 жылдан бері қалада көп өзгеріс жасалды. Моноқалалар бойынша іс-шаралар жасақталды. Көптеген коммерциялық объектілер салынды. Қаланың көшелері көгалдандырылып, абаттандыру жұмыстары жүрігізілді, - деді ол Азаттыққа.

Жаңаөзендегі тозған үй
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:44 0:00

Жаңаөзендегі «Шаңырақ» ықшам ауданында орналасқан №37 үйден қала әкімдігінің арасын «Өзенмұнайгаз» компаниясының еңселі ғимараты ғана бөліп тұр. 80 пәтерлі ескі үйде 300-ден астам адам тұрады. Олардың дені - зейнеткерлер, мүгедектер мен жас отбасылар. Тұрғындар басым көпшілігінің осы үйде 30-40 жылдан бері тұрып келе жатқанын айтады. Ресми мәлімет бойынша, Жаңөзенмен іргелес Теңге мен Қызылсай ауылдарын қосқанда қалада 140 мыңға тарта адам тұрды.

XS
SM
MD
LG