ТҰРҒЫНДАР ҚАУПІ СЕЙІЛГЕН ЖОҚ
Қызылорда қаласының Титов ықшам ауданындағы төбесінен кірпіш құлап, екі адам зардап шеккен соң тұрғындары кіруден бас тартқан жатақхана ғимаратын жөндеуге қала әкімдігі жұмысшылар жіберген.
Азаттыққа хабарласқан тұрғындардың айтуынша, тамыздың 6-сы күні жатақханаға келген жұмысшылар ғимараттың жертөлесіне жиналған канализация суын арнайы құралмен сорып, жүк көліктерімен кірпіш әкеліп түсірген.
Бірақ, олардың қандай кәсіпорыннан келгенін сұраған Азаттық тілшісіне жұмысшылар жауап беруден бас тартты.
Тұрғындардың бірі Ақмаржан Есжанованың айтуынша, қалалық әкімдік жатақхананың бесінші қабатындағы үш тұрғынды уақытша (бір айға) басқа жерге көшіре тұру жөнінде ұйғарымға келген. Алайда, тұрғындардың басым көпшілігі бұған қарсы уәж айтады.
– Біріншіден, қалған тұрғындардың қауіпсіздігіне ешқандай кепіл жоқ. Өйткені, қабырға кез-келген сәтте құлауы ықтимал. Екіншіден, жөндедік деген сылтаумен кейін бізге пәтер беруден бас тартуы да мүмкін, - дейді олар.
Жатақхананың бірінші қабатында тұратын Серікбай Сейділдаев ескі ғимараттың іргесін өз күшімен жылда жамап келе жатқанын, бірақ іштен ағып жатқан канализация суы қабырғаны қайта үгітетінін айтады.
– Оның үстіне, басқа жақтарды айтпағанда, менің бөлмемнің өзінде саусақ сиятындай жарық бар, ол біртіндеп үлкейіп, қабырға қисайып бара жатыр, - дейді Серікбай Сейділдаев.
Тұрғындар 2013 жылы арнайы сараптама қорытындысы апатты жағдайда деп таныған ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін айтып берді.
– Жатақхана жекеменшік болғандықтан «тұрғындар өздері жөндеуі қажет» дейтінін білеміз. Алайда, мұндағы бөлме иелерінің жартысынан көбі пәтерлерін жалға беріп кеткен. Қалғанымыз өз күшімізбен жылда жөндейміз, бірақ ол апаттың алдын ала алмайды, - дейді тұрғындар.
Жатақхана ғимараты қарайтын пәтер иелері кооперативінің (КСК) төрағасын жұмыс орнынан табу мүмкін болмады.
Апатты жағдайдағы үйден қауіпсіз жерге ауыстыру жөнінде жатақхана тұрғындарының бірнеше шағымынан кейін қала әкімдігінің тапсырмасымен тамыздың 4-і күні ғимаратты көріп, әрі қарай жөндеу үшін келген адамдар төбеге шыққанда, үгітіліп, тесілген қабырғаның бірнеше кірпіші құлап, екі адам жарақат алған еді. Бұл оқиғадан соң өзге тұрғындар ғимаратқа кіруден бас тартып, аулада қонған.
«АПАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ САНАТЫНДА ҚАЛАДЫ»
Осыған дейін жатақхана тұрғындарымен сөйлескен Қызылорда облысы мен Қызылорда қаласының басшылығы тұрғындарға берілетін басқа пәтерге қаржы бөлінбегенін алға тартып, ғимаратты бюджет қаржысына емес, демеушілердің қаржысына жөндеп беру жөнінде ұйғарымға келген.
Қызылорда қаласы ішкі саясат бөлімінің қызметкері Манат Шаймерденова Азаттыққа жатақхананың бесінші қабатта тұратын бес тұрғын уақытша басқа үйге көшіруге келіскені туралы айтты.
– Ал қалған тұрғындар жөндеу кезіндегі қауіпсіздікке алаңдамауына болады, - дейді ол.
Шенеуніктің сөзінше, жатақхана жөнделгенімен апатты тұрғын үй санатынан алынбайды.
– Сондықтан тұрғындардың келешекте тұрғын үй кезегінен алынып қаламыз деп қауіптенуіне негіз жоқ, - деп сендіреді ол.
Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тұрғын үй қатынастары бөлімінің бастығы Қыдыркүл Құдабекова КСК тұрғын үйлерге тек ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізетінін, күрделі жөндеуді – мемлекет жүзеге асыратынын айтады.
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша, тұрғын үйлерге күрделі жөндеуді мемлекет өз мойнына алған. Бірақ ол қайтарымды негізде жасалады. Яғни, әуелі тұрғындардың кем дегенде 70 пайызының келісімі алынып, содан соң жұмыс басталады. Жөнделіп біткен соң тұрғындар жұмысқа кеткен шығынды мемлекетке біртіндеп қайтарады, - деді ол Азаттыққа.
Бірақ, шенеуніктің сөзінше, «апатты жағдайда» деп танылған тұрғын үйлер бұл бағдарламаға кірмейді. Титов ықшам ауданындағы жатақхана 2013 жылы қаңтарда жасалған сараптамадан кейін апат жағдайындағы тұрғын үй санатына қосылған.
Шенеунік ондай үйдің тұрғындары үшін арнайы, өз алдына бөлек тұрғын үй кезегі барын айтады.
– Апатты жатақхана тұрғындары сол кезек бойынша алды биыл, қалғаны екі жыл ішінде жаңадан салынып жатқан пәтерлерге қол жеткізе алады, - дейді ол.
Қыдыркүл Құдабаеваның айтуынша қазір Қызылорда облысы бойынша апат жағдайында тұрған 28 үй бар. Оның 25-і Қызылорда қаласында, үшеуі – Жаңақорған ауданы Шалқия кентінде.
Қараңыз: Шалқия кенішінен қалған ауыл
Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Айдан Қайруллаевтың Азаттық тілшісіне айтуынша, биыл жыл соңына дейін құрылысы аяқталатын 60 пәтерлік үй мен 2016-2017 жылдары аяқталатын 60 және 100 пәтерлік үйлер осындай апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәселесін шешуге мүмкіндік береді.