Accessibility links

Жатақхана тұрғындары үйінді астында қалудан қауіптенеді


Қауіпті жатақхана
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00

ВИДЕО: Қызылордадағы апатты жағдайда тұрған жатақхана тұрғындары шағымы.

Қызылордадағы апатты жағдайда тұрған жатақхана тұрғындары бүгіннен бастап далаға түнемек. Тозығы жеткен ғимаратты жөндеуге келгендер төбеге шыққанда кірпіштер құлап, тұрғындар зардап шекті.

Азаттық тілшісі барғанда Қызылорда қаласы Титов ықшам ауданындағы бес қабатты жатақхана алды абыр-сабыр болып жатты. Полиция қызметкерлері мен жедел-жәрдем көліктері, қалалық әкімдік қызметкерлері осы үйдің жанында жүрді. Ал баспаналары құлайды деп үрейі ұшқан жатақхана тұрғындары қайта кіруден қауіптеніп, билікке шағымдарын жамырай айтып жатты.

«МІНДЕТТІ ТҮРДЕ БІРЕУІМІЗ ӨЛУІМІЗ КЕРЕК ПЕ?»

Сырт қарағанда бүтін үйге ұқсағанымен, жақын келгенде әр жерден сылақтары түсіп, қабырғасы бірнеше жерден жарылып кеткен ғимарат кірпіштен салынған. Жатақхананың сыртқы қабырғалары тегіс емес, сылақтары құлаған, дым тартқан кірпіштері мүжіліп, ішке қарай ойылып кеткені бірнеше жерден байқалды. Әсіресе үйдің іргетасы қатты үгіліп, кей тұсы арғы қуысы көрініп, үңгірге ұқсап қалған.

Сырттан келгендерге үйдің тұруға жарамай қалғанын көрсетіп жүрген тұрғындардың айтуына қарағанда, іргетасты тұрғындар өздері әр жерінен жамап, бірнеше рет жөндеген. Алайда төбеден аққан және жертөлеге жиналған канализация суы іргетас қабырғаны ішінен де, сыртынан да толассыз кемірген. Тұрғындардың сөзінше, жатақхананың бірінші қабатында көртышқандар тым көбейіп, түнде балаларды қорғап жатуға тура келеді.

Жатақхана тұрғыны Анаргүл Көпбергенова. Қызылорда, 4 тамыз 2015 жыл.
Жатақхана тұрғыны Анаргүл Көпбергенова. Қызылорда, 4 тамыз 2015 жыл.

Осы жатақханада тұратын алты баланың анасы Анаргүл Көпбергенованың айтуынша, «бүгін түске қарай бірнеше жұмысшы апатты жағдайда тұрған жатақхананы жөндеу үшін көруге келген».

- Біз оларға «төбеге шықпаңдар, құлауы мүмкін» деп ескерттік. Соған қарамай шықты. Қабырғадағы кірпіштерді итеріп көрмек болғанда үш-төрт кірпіш өздігінен құлады. Қайта біз қарап тұрғанбыз, айғайлап үлгердік. Ағаш түбінде балаларымен отырған әйелдер тұра қашты. Бір әйелдің аяғына кірпіш түсіп, оны ауруханаға алып кетті. Қашамын деп құлаған аяғы ауыр әйелді босанатын үйге алып кетті, - дейді ол.

Тұрғындар сөзіне қарағанда, «Жатақхана 2011 жылы комиссия шешімімен апатты жағдайдағы ғимарат ретінде есепке алынған. Басқа үй салып береді не жөндейді деген үміттері де ақталмаған». Аты-жөнін айтпаған жатақхана тұрғыны:

- Үйдің іші-сыртын жөндеу мүмкін емес болған соң соңғы үш күн ішінде облыс әкіміне де, қала әкіміне де бардық. Бірақ олар үй бере алмаймыз, демеушілер табылса, жөндеп береміз деп шығарып салды. Үйдің сапасы жөндеуге келмейді дегенімізге құлақ аспады. Ал таңертең келгендер - әкімдік тапсырма берген соң амалсыз «демеушілік» етіп, үйді жөндеуге келгендер. Олар дәл бұлай құлайды деп ойламаса керек, - дейді.

Құлаған кірпіштен аяғын жарақаттаған жатақхана тұрғыны. Қызылорда, 4 тамыз 2015 жыл.
Құлаған кірпіштен аяғын жарақаттаған жатақхана тұрғыны. Қызылорда, 4 тамыз 2015 жыл.

Азаттық тілшісі тұрғындармен сөйлесіп тұрғанда ауруханадан аяғын таңғызып, ақсаңдап оралған әйел жатақханадағы бөлмесінде кәмелетке толмаған бірнеше баласымен тұратынын айтты.

- Бұл үйдің жөндеуге жарамайтыны, бір күні құлайтыны сыртынан-ақ көрініп тұр емес пе? Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін міндетті түрде біреуіміз өлуіміз керек пе? - дейді ол.

«ЖАҢА ҮЙ САЛУҒА ӘКІМДІК УӘДЕ БЕРЕ АЛМАЙДЫ»

Азаттық тілшісі перзентханаға түскен аяғы ауыр әйел Айымкүл Сыдықовмен де сөйлесті. Төбеден кірпіш құлағанда жан-дәрмен қашқан ол «құлап, тізесін жарақаттаған».

- Айы-күнім толып отырған мені дәрігерлер қан қысымым жоғары деп есептеп, бүгін-ақ босандырмақшы болды. Бірақ кірпіші құлаған бесінші қабаттағы пәтер - менің үйім. Ішінде үшке толмаған екі сәбиім бар, оларды қалай тастап кетемін? Сөйтіп, дәрігерлерге «босанып қалсам өзім жауап беремін» деп қолхат жазып, қайтып келдім,- дейді ол.

Айымкүл Сыдықованың айтуынша, «Төбеден кірпіш құлағалы тұрғындардың үрейі ұшып, бүгін үйге кіруден сескеніп отыр. Сөйтіп, бүгіннен бастап жүз қаралы адам аулада түнемек».

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Қосым Аңсатбаев. 4 тамыз 2015 жыл.
Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Қосым Аңсатбаев. 4 тамыз 2015 жыл.

Тұрғындар талабына қала әкімдігі әзірге нақты жауап бере алмайды. Оқиға орнына келген Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Қосым Аңсатбаевтың сөзіне қарағанда, «Жатақхананың төбесіне шыққандар жөндеуге емес, әуелі ғимаратты көруге келген». Яғни, әзірге жөндеу басталмаған.

Қала әкімі орынбасары жатақхана тұрғындарының облыс әкіміне шағымданғанын растады. Қосым Аңсатбаев «ғимаратты жөндеу биылғы бюджетте қарастырылмағанын, сондықтан әкімдік құрылыс компанияларына өтініш жолдап, жатақхананы жөндейтін демеуші іздейтінін» айтты. Оның сөзіне қарағанда, «әкімдік жатақхананы бұзып, орнына жаңа үй салып беруге уәде бере алмайды».

Шенеуніктің айтуынша, 1971 жылы, яғни осыдан 54 жыл бұрын салынған бұл жатақханада қазір 123 отбасы тұрады. Оның 98-і пәтер кезегінде тұр. Ал Қызылода қаласында осындай апатты жағдайда тұрған 25 көпқабатты үй бар.

XS
SM
MD
LG