Ақсайда 35 жыл бұрын салынған жатақханада қазір 90 отбасы – жиыны 210 адам тұрады. 2003 және 2005 жылдары сот ғимаратты өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитарлық нормаларға сай емес деп танып, ресми жапқаннан кейін мекенжайы Сырым Датұлы көшесіндегі 1-үй деп айтылатын жатақхана заң жүзінде «адам тұрмайды» деп саналады. Бірақ іс жүзінде жұрт мұнда әлі тұрып жатыр.
Жатахана ғимараты Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің облыстық білім басқармасына қарасты Ақсай техникалық колледжінің қарамағында. Ғимараттың техникалық жай-күйін тексерген комиссияның жуырдағы ұйғарымына сілтеме жасаған колледж басшылары жатаханада тіркеуде тұрған адамдарды сот арқылы шығара бастаған.
Өткен айда жатахананың техникалық ахуалын тексерген комиссия ғимарат апатты жағдайда екенін растаған. Техникалық ұйғарымда «ғимараттың қабырғалары қаусап тұр, құлау қаупі бар» деп жазылған. Ғимаратты тексерген компания «адамдарды тез арада эвкуациялауға» кеңес берген.
КЕЛІСІМ-ШАРТЫ ЖОҚ, БІРАҚ ТІРКЕУДЕ БАР
Ақсайдағы апатты жағдайдағы жатаханада тұратындардың көбі 1990-жылдардың ортасында қоныстанған, олардың ішінде техникалық колледж қызметкерлері де бар. Тұрғындарда жалға алу немесе уақытша пайдалану келісім-шарты сияқты бөлмелерде тұру құқығын растайтын құжаттар жоқ. Кей тұрғындардың қолындағы үй кітапшаларында отбасы мүшелері тіркелген. Тұрғындардың айтуынша, ондаған жыл ішінде коллежде талай басшы ауысқан, бірақ жатаханада тұруға ешқайсысы қарсы болмаған, ал тұрғындар коммуналдық қызмет ақысын үзбей төлеп келген. Тұрғындардың сөзінше, электр қуаты, су мен жылу үшін олар айына бірнеше мың теңге төлейді.
Жатаханада 1995 жылдан бері тұратын Галина Дүйсенованың айтуынша, жұрт алғаш қоныстанған кезде жатахананың терезе, есіктері немесе әлдебір коммуникациясы жоқ болған. Салынғаннан бері ғимараттың сырты бір рет те жөнделмеген. Ал бөлмелерді тұрғындардың өздері жөндеп алған.
- Ішін өз күшімізбен жөндейміз. Ешкім ештеңе істеп берген жоқ. Басшылық ғимаратты неге мұндай күйге жеткізген? Бізге сыртын жөндеп берсін, ал ішін өзіміз жөндеп аламыз, - дейді Галина Дүйсенова.
Ақсай техникалық колледжінің 10 жылдан бергі директоры әрі аудандық мәслихат депутаты Мірболат Дияровтың мәлімдеуінше, ғимаратта тұруға болмайды. Биылғы шілдеден бері колледж басшылығы жатақханада тіркелген, бірақ онда тұрмайтын 34 адамды шығарған. Колледж әкімшілігі директордың пікірінше, жатаханада заңсыз тұрып жатқан 17 адамның үстінен сотқа арыз берген.
- Қазір адамдардың өміріне қатер төніп тұр. Адамдарды заңды түрде шығарып жатырмыз, оларды ешкім далаға қуып жатқан жоқ. Егер алда-жалда бірдеңе болса, ең әуелі мен жауап беремін, - дейді Мірболат Дияров.
БИЛІКТІҢ УӘДЕСІ МЕН ТҰРҒЫНДАРДЫҢ КҮМӘНІ
Бөрлі ауданы әкімі Алдияр Халеловтің сөзінше, апатты жатахана мәселесіне қатысты арнайы комиссия құрылып, төтенше жағдай жарияланған. Әкім жұртқа жаңа жатақхана салып беру туралы шешім қабылдағанын, ал оларға әзірше уақытша баспана берілетінін айтады. Қазір аудан билігі жатақхана тұрғындарын орналастыратын орын іздестіріп жатыр.
- Ешкім далада қалмайды. Бірақ нақты мерзімін айта алмаймын. Қазірдің өзінде төтенше жағдайларға қарастырылған ақшадан жобалық-смета құжаттарын дайындауға 18 миллион теңге бөлініп қойды. Облыс басшылығына жаңа жатақхана құрылысын қаржыландыру жолдары туралы ұсыныстарымызды жолдадық. Жұрт осындай баспана алу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз, - дейді Алдияр Халелов.
Жатаханада кішкентай үш баласымен тұрғанына жеті жылдан асқан Айжан Ғалымова шенеуніктерден жазбаша кепілдік талап етеді.
- Бәріміз қашан және қайда көшіреді, бала-шағамызбен далада қаламыз ба деп уайымдаймыз. Қыс болса келіп қалды, сондықтан кейін баспана беретініне сенімді болуымыз керек. Бізге құжат түрінде кепілдік берсін, - дейді ол.
Ал әзірше 200-ден астам адам кәріз құбырларын тот басып, сантехникасы сынған, сылағы түсіп қалғанымен, сыртқы қабырғалары кондиционерлер мен спутниктік антенналарды әупірімдеп көтеріп тұрған жатаханада тұрып жатыр.