Accessibility links

Зілтемірші қыздарға ғашық интернет-ақындар


"Интернет ақындардың" шабытын оятқан жеңімпаз спортшылардың ішінде Зүлфия Чиншанло мен Майя Манезаның есімдері жиі аталады. Көрнекі сурет
"Интернет ақындардың" шабытын оятқан жеңімпаз спортшылардың ішінде Зүлфия Чиншанло мен Майя Манезаның есімдері жиі аталады. Көрнекі сурет
Лондон олимпиадасы басталып, қазақстандық спортшылар алғашқы алтындарын еншілеген күннен бастап қарапайым жанкүйерлердің лебізі әлеуметтік желілерде өлең болып өріле бастады.

Олимпиада чемпиондарына арналған өлеңдердің бірі көркемдік тұрғыдан кедір-бұдыр болып жатса, енді бірі «теп-тегіс жұмыр келген айналасы» туындылар.

«АЛЕКСАНДР! АЛТЫН ҰЛЫМ! АЛҒАШҚЫМ!»

Әлеуметтік желілердегі жыр шумақтарының ең әуелгісін велешабандоз Александр Винокуров алғашқы алтынды қоржынға салған күні «Белгісіз қазақ» деген қолданушы «Алтын ұлым, алғашқым!» деген тақырыппен жазыпты.

«Үміт едің, жеңіс болып жалғастың,
Енді саған жыр арнауға талмаспын.
Мықтыларды шаң қаптырып кеттің сен,
Александр!
Алтын ұлым!
Алғашқым!

Шаршадың-ау, арғымағым, ал тыным,
Енді тірлік тигізбесін салқынын.
Қолда барда қадіріңді білермін,
Қола да емес, күміс те емес… Алтыным!
Александр Винокуров, Лондон олимпиадасының чемпионы атанған велоспортшы. 28 шілде 2012 жыл
Александр Винокуров, Лондон олимпиадасының чемпионы атанған велоспортшы. 28 шілде 2012 жыл

Сүріндіре алмады ғой бүгін сын,
Күншілдердің көкірегі тілінсін!
Туымызды желбіреттің биіктен,
Үшінші емес, екінші емес… Біріншім!

Таныттың-ау көк байрақтың тың күшін,
Қазақ енді қуанышқа сүңгісін!
Алаш атын танытқаның – мәртебе,
Соңғысы емес, ортаңғы емес… Тұңғышым!

Бақыт болар – жанарыңда жүзсе мұң,
Болашаққа енді, қазақ, түз сенім!
Сары алтынды сыйға тартқан сарбасым,
Атыңды айтып мақтанамыз біз сенің!» деп белгісіз ақын өзінің жүрекжарды лебізін әлеуметтік желі арқылы ақтарады.

ЕҢ КӨП ӨЛЕҢ ЖАЗҒАН ҚОЛДАНУШЫ

Әлеуметтік желідегі мұнан кейінгі жүлдегерлерге жыр арнаған «жетісулық» есімді қолданушы. «Жетісулықтың» өлеңдері біреу ғана емес. Мәселен, Зүлфия жеңіс тұғырына көтерілген күні:

«Шәмші айтқан «дүңген қызы» сенбісің,
Дауылмысың, жалынбысың, селмісің!
Алтыныңмен паш еттің сен «Алтын қыз»,
Күллі әлемге «ҚАЗАҚ» деген ел күшін.

Қазақ елін жүрегіңмен ұққаның,
Шыққан кезде тұғырға елтаңбаны нұсқадың.
Сабырыңның жеткен жері сол болды,
Қуаныштан көз жасыңды сыққаның!

Менде қойдым оң қолымды жүрекке,
Жеткізді, - деп, - Алла бізді тілекке.
Зүлфия аты талай қызға қойылар,
Жанарларын көрген жүрек дір еткен.
Лондон олимпиадасының чемпионы атанған ауыр атлет Зүлфия Чиншанло. 29 шілде 2012 жыл
Лондон олимпиадасының чемпионы атанған ауыр атлет Зүлфия Чиншанло. 29 шілде 2012 жыл

Шабыттанып ӘН шырқадым сенімен,
Сенімдімін АЛАШ бірге менімен.
Арманыңа жет деп сені тілеймін,
«Алтын қызсың» Ай, Күн болып көрінген!!!» деп жыр арнайды.

«Жетісулық» мұнымен тоқтап қалмайды, қазақстандық ауыр атлет қыздарға:

«Таяғанда қамшы бастың, тістендің.
Мұндай істер келеді тек қолынан іскердің!
Барлығымыз тақым қысып сол кезде,
Оймен саған мен де тілеп күш бердім» деп басталатын өлеңін арнайды.

Осы өлеңінің соңын:

«Ақын емес, көптің бірі болсамда,
Ән арнадым қолыма алып қаламды» деп түйіндеген «Жетісулық» 31 шілде күні «Дүнген қыздар» бақытты етті АЛАШТЫ» атты үшінші өлеңін жариялапты. Ауыр атлет Майя Манезаға арнаған бұл өлеңінде автор спортшының «Бейжің олимпиадасындағы сәтсіздігінен бастап Париждегі өкінішін» жырға қосқан:
Алматылықтар олимпиада чемпиондары Мая Манезаны (сол жақта), Зүлфия Чиншанлоны (ортада) және Ольга Подобедованы (сол жақта) кабриолетпен күтіп алды. Алматы, 8 тамыз 2012 жыл.
Алматылықтар олимпиада чемпиондары Мая Манезаны (сол жақта), Зүлфия Чиншанлоны (ортада) және Ольга Подобедованы (сол жақта) кабриолетпен күтіп алды. Алматы, 8 тамыз 2012 жыл.

«Жүрдің міне, Зүляң салған жолменен,
Жолың мәнгі өрілсін дәйім тойменен.
«Дүнген қыздар» Шәмші ағадан басталған,
Әлі талай арқау болар әнге, өлең».

«Жетісулық» зілтемірші қыздарға арнаған өлеңдер циклын:

«Зүля, Мая, Света- үшеуің көкте жұлдызсың,
Күлкілерің көктем, жандарың жайсаң нұр қызсың.
Алашқа бақыт боп келген екенсің,
Жайқалған бақтағы гүлдер - қырмызсың.
Сендерге жыр арнау аздық ете ме,
Қоладан құйып ескерткіш мәңгі тұрғызсын!» деп түйіндейді.

ӨЛЕҢ КӨП АРНАЛҒАН ЖҮЛДЕГЕР

Әлеуметтік желілерде жазылған өлең-лебіздің басым көпшілігі Зүлфия Чиншанло мен Илья Ильинге арналғанын айта кету керек. Илия Ильинге жыр арнағандардың қатарында Үрзия Бакирова, Гауһар Қожахметова есімді интернет қолданушылар бар.

Мәселен, «Бек-Ақтөбе» есімді қолданушы Ильяға былайша жыр жолдарын арнайды:

– Алтын ұлы казақтын,
Жаралған тек бағы үшін!
Көтердің ғой биікке,
Қазағымның намысын!
Аллаға шүкір етемін,
Сендей ұлдың бары үшін!
Көзден ағып ыстық жас,
Қуанамыз шаттанып.
Екі дүркін чемпион!!!
Бар деп бізде мақтанып!
Қуан қазақ,Сыр елі,
Қуан барша Алашым!
Көтерейік төбеге,
Казақ үшін жаралған,
Ильядай алтын ұл,
қазақтын сары баласын!!!
Лондон олимпиадасының чемпионы ауыр атлет Илья Ильин. 4 тамыз 2012 жыл
Лондон олимпиадасының чемпионы ауыр атлет Илья Ильин. 4 тамыз 2012 жыл

Чемпион зілтеміршіге арналған кейбір өлеңдердің авторлары жазылмапты. Бірақ тартымдылығы оқырманның көңілінен шыққан кейбірін назардан тыс қалдырмадық.

«Алтыныңды қанжығаға бөктерiп!
Көк туыңды жатыр Ұлың көкке iлiп!
Ильин бүгiн орындады уәдесiн,
'АЛТЫН АЛАМ, ТАРТЫП АЛАМ' деп келiп.
Қазақ, сенiң расында да зор бағың!
Жолбарысты жан-жарысқа жолдадың!
Сен бiлдiң бе, бiр орыстың баласы,
Бiр күндерi намысыңды қорғарын?!
Мойындаймыз бiз осындай мықты ұлды.
Ол ҚАЗАҚтың кiм екенiн ұқтырды.
ИЛЬЯНЫҢ төбе шашы секiлдi,
Бүкiл әлем, аяғынан тiк тұрды!

Жоғары да сөз еткендердің барлығы бірдей есімі елге белгісіз тұлғалар. Алайда осылардың арасында аты-жөні оқырманға таныс, өлеңдері мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген ақындар да жоқ емес. Солардың бірі – Әлібек Шегебай Ильинге арнаған өлеңін әлеуметтік желіде емес, www.abai.kz ақпараттық порталында жариялапты.
Ауыр атлет Илья Ильин Алматы әуежайында. 6 тамыз 2012 жыл
Ауыр атлет Илья Ильин Алматы әуежайында. 6 тамыз 2012 жыл

«Ақсарбас!
Аласартпа халқымды енді,
Лондоннан тағы да бір алтын келді.
Әлемнің таңқалдырып төрт бұрышын,
Жарқырап жаз күніндей жарқын келді.

Арайлап атқан шақта таңым нұрлы,
Көк туым, көп туларды табындырды.
Жаңартып бүкіл әлем рекордын
Ильям биік шыңды бағындырды!


Жарайсың, текті туған Толағайым!
Тіл-көзден сақтасын деп, тобалайын.
Көз жасын жанарының жасырмайды
Өзіңнен үміт күткен көп ағайын.

Алтынға жаратылған алтын бала,
Сен үшін қуанады халқың ғана.
Қазақтың маңдайына туған ұлсың
Алдың күн, дархан пейіл, артың дала!

Кеудемнен жарқ еткенде білтелі күн,
Құлаққа үні келді Күлтегіннің.
Қасқайып сен көтеріп тұрған сәтте
Майысып бара жатты зілтемірің.

Жимағы көп болғанмен жиғанынан,
Барлығы адамзаттың иманынан.
Сырда туған сымбатты сырбаз ұлдың
«Сырдың суы келмеді сирағынан».

Әлемді бағындырса бағыланым,
Мен қалай әуенімнен жаңыламын.
Көк туым көтеріліп көк жүзіне
Әуелеп бара жатты Әнұраным!" деп толғанады ақын.
XS
SM
MD
LG