Accessibility links

«Кезінде Өмірбек Бәйгелдінің өзі менімен санасушы еді» дейді автотұрақ күзетшісі


Тұрсын Шардарбеков, тұрақшы. Алматы, 31 тамыз 2011 жыл.
Тұрсын Шардарбеков, тұрақшы. Алматы, 31 тамыз 2011 жыл.

Жас кезінде бойындағы бар қажыр-қайратын бес жылдық жоспарларға берген қария қартайғанда автокөлік тұрақшысы ретінде далада қалғанын айтып налиды.


Алматыдағы Саудакент базарының оң жақ бүйіріндегі кіре берісте тұратын шоқша сақалды қарияны көріп жүргеніме біраз жылдың жүзі болды. Қызметі - базар алдына келіп тоқтаған көліктерді ретімен орналастыру. Яғни тұрақшы.

СОҒЫС ЖАЛМАҒАН БАЛАЛЫҚ

– 2000 жылы Жамбыл облысынан Алматыға қоныс аудардым. Содан бері осы жердемін, - дейді қария.

Ақсақалдың есімі – Тұрсын Шардарбеков. 1936 жылы Жамбыл облысына қарасты Талас ауданында дүниеге келіпті. Жасы 75-ті алқымдаған ақсақал алатын азғана зейнетақысының пәтерақыдан аспайтындығын, сондықтан осы кәсіпті күнкөріс қылып жүргенін айтады.

– Соғыс басталғанда бес жаста болатынмын. Әкем елдің алдымен әскерге аттанды.Әлі есімде, үйдегі 8 келі ұнның тең жартысын анам әскери комиссариатқа апарып өткізді, қызыл әскерлерге деп. Өзіміз күніне бір уақыт қана сүтке былғаған бір кесе быламықты талғажау етіп жүре беретінбіз, - деп соғыс жалмаған балалық шағын күрсіне есіне алады Тұрсын ақсақал.

"ЖҮГЕРІНІҢ АТАСЫ - ШАРДАРБЕКОВ"

– Алты жасымда қой бақтым. Жеті жасымда жер жыртып, жүгері ектім. Соның арқасында соғыстан кейінгі жылдары «Шардарбеков – жүгерінің атасы» деген атаққа жеттім, - дейді ол Азаттық радиосының тілшісімен әңгімесінде.

– Он жылдық білімнен кейін ешқандай кәсіптік білім алмасам да, ізденгіштігім мен талаптылығымның арқасында ел сыйлайтын азаматтардың қатарына қосылдым. Кезінде Өмірбек Байгелдінің өзі менімен санасатын еді, - деді қария өткен шаққа бір сәт ойша көз жіберіп.

Тұрсын ақсақал еңбек жолын аудандық комсомол комитетінің нұсқаушылығынан бастағанын айтады. Ол басқарған топ гектарынан 18 центнер жүгері жинап, аудан басшыларының көзіне түседі.
Тұрсын Шардарбеков, тұрақшы. Алматы, 31 тамыз 2011 жыл.

– Мені райком секратарының өзі келіп партшколға оқуға жіберді. Әуелі баста Шымкент қаласындағы партшколда оқыған едік. Кейін ол жабылып қалды да, бізді Фрунзе қаласына жіберді. Партшколды бітіріп келгеннен кейін мені облыстан Мойынқұм ауданының ауылшаруашылық бөлімі бастығының орынбасары етіп бекітіп жіберді. Кейін сол бөлімнің жетекшісі болып тоғыз жыл қызмет еттім, - деген Тұрсын ақсақал өмірінің тағы бір он жылын Талас ауданында бас агрономдыққа арнағанын сөз арасына қыстырып жіберді.

– Менің тұсымда Мойынқұм ауданы облыс бойынша жүгері егуден бірінші орында тұрса, кейін Талас ауданын да сол деңгейге жеткіздім. Ойлап отырсам, ғұмырымның отыз жылын жүгері егуге арнаппын, - деген ақсақал бұл күнде сол бейнетінің зейнетін көре алмағанына налиды.

ҚАЙТА ОРАЛМАҒАН ҚАЙРАН 3 МЫҢ

– «Быламық жейін деген асым ба еді, 95 көрейін деген жасым ба еді» демейтін бе, бұрыңғылар. Қартайғанда тұрақ күзетіп, паркингте тұрамын деп ойлады дейсің бе, ұлым, - деген Тұрсын ақсақал 24 мың теңге зейнетақы алатындығын айтты.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы өліара шақта жұмыссыз қалған қария 1998 жылы зейнетке әрең шығыпты. Қазір кіші ұл мен келіннің қолына қарап отырған ақсақал «пенсиям пәтерақыдан аспайды» дейді.

– Базардың мына мен тұрған тұсы көліктердің ең аз тоқтайтын жері. Күндік жоспарым мың жарым теңге. Қалғаны қалтамда қалуға тиіс, - деген ақсақал күндік нәпақасының үш-төрт жүз теңге болатындығын айтады.

– Бұрындары әкімшіліктен үш мың теңге қосымша жалақы төлейтін. Былтыр «олимпиада болады» деп оны да қысқартып тастады. Кейін қайта төлейміз деген. Одан бері де бір жыл өтті, - дейді ақсақал.

Өткен шағын мақтанышпен әңгімелеген қария «Менімен қатар қызмет істегендер түгел жағдайын жасап алды. Қызмет-қызмет деп жүріп үйсіз-күйсіз қалған мен ғана екенмін» күрсініп қойды.

Балалық шағында үлкендермен қатар тылда еңбек еткен ақсақал:
Тұрсын Шардарбеков, тұрақшы. Алматы, 31 тамыз 2011 жыл.

– Тым болмаса зейнетақыма тылда еңбек еткенім үшін ақша қосылса, - деп армандайды.

«Алматы паркинг» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының орынбасары Ержан Бағашар «Бізге қарасты Алматы қаласы бойынша 97 паркинг бар. Бұлар тек Алматы көшелерінің бойында орналасқан. Ал жеке тұлғалардың өз күштерімен ашылған 300-дей тұрақ тағы бар» деді.

Тұрсын ақсақалдың олимпиада алдында қысқарып кеткен қосымша жалақы туралы сөзін «Алматы паркинг» комуналдық кәсіпорнының өкілі жоққа шығарды.

– Қалайша төленбейді. Жұмыс істегеннен кейін тиесілі еңбектерін алып отыр. Сенбесеңіз бухгалтерден келіп тексеріп көріңіз. Олар жалақыларын карточка бойынша банкоматтан алды, - деп сөзін қысқа қайырды ол.
XS
SM
MD
LG