Accessibility links

Наталья Соколова онсыз да бар әлеуметтік араздықты тұтатқан ба?


«Қаражанбасмұнай» компаниясы жұмысшылар кәсіподағының заңгері Наталья Соколова.
«Қаражанбасмұнай» компаниясы жұмысшылар кәсіподағының заңгері Наталья Соколова.

Ереуілге шыққан мұнайшылар белсендісі Наталья Соколованың ісі – «әлеуметтік араздықты тұтатқан» деген бап бойынша іс қозғалған Қазақстандағы алғашқы оқиға.


«Қаражанбасмұнай» компаниясы жұмысшылары кәсіподағының заңгері Наталья Соколова әлеуметтік араздық тұтатты және заңсыз ереуіл өткізді деген айыптар бойынша алты жылға сотталды. Оның жақтастары соттың әділетті болмағанын айтып сендіреді. Ал оппозициялық басылымдар «Соколованы қылмыстық қудалау тапсырыс бойынша жасалған, бұл тым белсенді кәсіподақ жетекшілерін және ереуілшілер комитеті жетекшілерін үркітуге бағытталған» деп жазады.

«Хьюман Райтс Вотч» халықаралық құқық қорғау ұйымы Наталья Соколоваға қатысты істі айыптады. Ол «кәсіподақ қызметін жаныштау үшін» Қазақстан басшыларының қылмыстық заңды асыра пайдаланбағандары дұрыс деп мәлімдеді. Тағы бір халықаралық құқық қорғау ұйымы – «Фридом Хаус» та Наталья Соколованың үстінен өткен сотты қатаң сынға алып, оны түрмеден босатуларын талап етті. Құқық қорғаушылардың ойынша, Наталья Соколова мамырдан бері ереуілдеп жатқан мұнайшыларды қолдағаны үшін қылмыстық жазаға тартылды. Олардың наразылық көрсетіп жатқандарына міне, үш айдың жүзі болды.

Азаттық радиосы дөңгелек үстелінде ереуілге шыққан мұнайшылардың белсендісі Наталья Соколоваға байланысты үкімді талқыға салады. Пікірталасқа қатысқандар: Ғалым Ағелеуов – Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның өкілі; Михаил Дорофеев – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының қоғаммен байланыс департаментінің директоры; Болат Атабаев – театр режиссері; Асланбек Айдарбаев және Рамазан Байсаров – «АрғымақТрансСервис» компаниясының Қаражанбас кен орнындағы наразылыққа қатысқандары үшін жұмыстан босатылған жұмысшылары. Асланбек Айдарбаев сонымен қатар тәуелсіз кәсіподақтар төрағасының міндеттерін атқарушы.

АНАХРОНИЗМ

Жүргізуші:


– Әлеуметтік араздық деген не? Наталья Соколованың «рухың мықты болсын, тең құқылық үшін күрес» деген үндеуі мен «еңбек адамдарының қадір-қасиеті болуы керек және олардың дұрыс еңбекақы алулары керек» деген сөздері – «әлеуметтік араздықты тұтату», ал кәсіподақтардың қызметі қылмыс болды ма?

Михаил Дорофеев:

– Наталья Соколованы кәсіподақтағы қызметі үшін соттаған жоқ. Сот барысында оның заңсыз наразылық акциясын бастағанына және оны ушықтырғанына дәйектер табылды. Оған дәлелдер келтірілді. Оны осы себеппен соттаған.

Осы жағдайда үлескері «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» болып табылатын «Қаражанбасмұнай» компаниясы жәбірленуші тарап болды. Шағымды біз бердік деп көп жазып жүр. Олай емес. Біз жай ғана бас прокуратураға, ішкі істер органдарына адамдар өз қауіпсіздігіне алаңдайтындай осындай жағдайлар болып жатыр деп арыз я өтінішхат жаздық. Кейін құқық қорғау органдары осы жағдайды тергей отырып, оның іс-әрекеттері мен
Михаил Дорофеев, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының қоғаммен байланыс департаментінің директоры

арыздарынан «әлеуметтік араздықты тұтату» деген баптың белгілерін тапты.

Ғалым Ағелеуов:

– Біз әлеуметтік араздық бар деп, сарайлар мен лашықтар болған жағдайда, тым әртүрлі тіршілік жағдайлары қалыптасып жатса, қалталары қалыңдаулары өздерінің іс-әрекеттерімен соншалықты бай тұрмайтын қоғам мүшелерінің намыстары мен қадір-қасиеттерін таптап жатса, айта аламыз. Бүкіл қоғам тұтасымен осыншалықты ауқатты тұруға тиіс еді. Осы ретте бұл терминді мұнда қолдануға келмейтіндей болып отыр, себебі Наталья Соколованы тура осы бап бойынша соттап жатыр. Бұл бап, жалпы айтқанда, бізге совет уақытынан мұраға қалған анахронизм.

Сот оны ұйымдастырушы деп тапқан жоқ. Сот үкімінде оның ұйымдастырушы екені айтылмаған. Мұның анық дәлелдері де болмады. Сондықтан прокуратура жеті жыл талап еткенімен, судьяның оны ұйымдастырушы емес деп шешім шығарғаны таң қалдырады. Сөйте тұра оны алты жылға кесті.

Жалпы айтқанда, мұның жай ғана ереуілге шыққандарға қатаң түрде қыр көрсетуге тиісті сот үлгісі болғаны шүбәсіз.

Рамазан Байсаров:

– Әркім өзіне тиістіні, заңды еншісін талап етсе – бұның әлеуметтік араздық болғаны ма? Соколова бізді ешқашан өндірісті тоқтата тұрып, ереуілге шығуымызға итермелеген жоқ. Біз шақырған кезде ғана келіп тұратын. Біздің қолымызда барлық құжаттар бар, цехкомдарда жатыр. Осы құжаттарды сот үстінде көрсеткіміз келсе де, – Соколованы қорғаушы тараптың куәгерлері осыны өтінген болатын, – судья мен прокурор осы құжаттарды көрсетуімізге мүмкіндік бермеді.

Болат Атабаев:

– Біздің биліктің қиялы таяз. Оның ішінде «ҚазМұнайГаздың» басшылығы бар. Бәрі де жұмыстағы дау-дамайдан басталды. Ұжым Ербосын Қосарханов мырза басқарған кәсіподақтан жалығып, ішінара жұмысқа қатысты мәселені шешу керек болды.

Наталья Соколованы өзінің қызметтік міндеттерін атқарғаны үшін соттап жіберді. Оның жұмысшыларды қорғайтын «Қаражанбасмұнайдың» кәсіподақ комитетімен арадағы келісімшарты бар ғой.

Мұның бәрі «ҚазМұнайГаздың» билігі мен басшылығының жұмыс берушінің көзқарасын жақтағандығын байқатады. Осылайша олар өздерінің қол астындағы жұмысшыларының мәселесін шешуге ынталы емес екенін көрсетті. Осы ереуіл оқиғасындағы Соколованың еңбегі тек мынада – ол жұмысшылардың көзін ашты, ал жұмысшылар арамтамақ шенеуніктердің мұнайшылар еңбегін жеп отырғандарын ұқты. Жұмысшылар заң бойынша алуға тиістіні алып отырмаған. Әрі бұл мәселені ешкім шешіп жатқан жоқ. Себебі бәрінің негізінде жемқорлық жатыр, ал Соколова мұны анықтап қойды. Менің түсінгенім, ол жұмысшылардың көзін ашты, ал сот мұны әлеуметтік араздық деп қабылдайды.

Жүргізуші:

– Танымал заңгер, Қазақстанның жоғарғы соты қылмыстық істер жөніндегі алқаның бұрынғы төрағасы Өтеген Иқсанов Азаттық радиосына Наталья Соколованың «рухың мықты болсын, тең құқылық үшін күрес» деген үндеуі мен «еңбек адамдарында қадір-қасиет деген болу керек және олардың дұрыс еңбекақы алулары керек» деген сөздері әлеуметтік араздықты тұтату емес деді.

Өтеген Иқсанов:

– Егер тек осы сөздері үшін ғана айыптап жатса, бұлары теріс. Бұл - оның заңға сай конституциялық мәлімдемесі. Оның айтқаны Конституция мен еңбек туралы заңда жазылған. Сондықтан оны осыны айтқаны үшін айыптау – абсурд. Соттың өзі заңды бұзып отыр.

ҚУҒЫН-СҮРГІН МАШИНАСЫНЫҢ БІР БӨЛІГІ

Жүргізуші:


– «Фридом Хаус» халықаралық құқық қорғау ұйымы Наталья Соколова сияқты наразылардың үнін өшіру үшін Қазақстанның сот билігін пайдаланатынына алаңдап отыр. Сіз осыған қатысты не дейсіз?

Ғалым Ағелеуов:

– Ірі кәсіпорындарда қызмет ететін адамдар (кәсіподақ қозғалысы азды-көпті дамыған саладағы, әсіресе, мұнай өндірісі сияқты) әлеуметтік әділеттің не екенін жақсы біледі. Сондықтан да әрекетке көшуге дайын тұрады. Еңбек қатынастары арқылы, еңбек дауы арқылы олар әлеуетін күшейтеді.
Ғалым Ағелеуов, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның өкілі. Алматы. 11 қараша 2009 жыл.

Бірақ олар сот жүйесімен бетпе-бет келгенде, біздің сот жүйесі азаматтық қоғамға қысым көрсетумен шектеледі. Енді бүр жарып келе жатқанда сот жүйесі ақтап үкім шығарып, азаматтық белсенділік пен сөз бостандығына бола жазаға тартпаудың орнына қуғын-сүргінге ұқсайтын іспен айналысып отыр.

Іс жүзінде еш кінәсі жоқ Наталья Соколова зардап шеккен сияқты, азаматтық қоғамның мүшелері де дәл солай азап шегуде. Мысалы, бір де бір жиналыс, бір де бір ереуіл өткізуге рұқсат берілмеді. Билік аяусыз жаншып жатыр. Осы қуғын-сүргін машинасының бір бөлігі ретінде сот жүйесінің де өзін-өзі қорғаштаған жергілікті биліктің тапсырысын орындап жатқаны заңды құбылыс.

«ЗАҢДЫ ТЕРІС ОҚИДЫ»

Михаил Дорофеев:


– Атабаев пен Ағелеуов мырзалар еңбек дауы болып жатыр дегенде қателеседі, үш айдың аралығында оны ешкім бейбіт жолмен жөнге келтіре алмаған. Шын мәнісінде барлық қажетті жөн-жосықтар қамтылды. Бітістіруші комиссия да жұмыс істеді, 1,7 мен 1,8 коэффиценттеріне сәйкес талаптардың «Қаражанбасмұнайдағы» еңбек төлемдері жүйесінде бұрыннан-ақ ескерілгені ап-анық дәлелденді. Соколованың айтып отырғаны – заңдарды бұрмалаған айлалы әрекет.

Жұмысшылардың өкілі ретінде Байсаров қазір мұны Наталья Соколованың сөзіне сүйеніп айтып отыр. Ешкім де олардың көздерін ашқан жоқ, керісінше қара көзілдірік кигізді, олар заңды теріс оқиды. Оның үстіне бұған түрлі сатыдағы соттарда да, еңбек пен халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауаптарында да, бас прокуратураның жауабында да, премьер-министрдің жауабында да дәлел айтылды.

Аталмыш бітістіруші комиссиялар аяқталған соң еңбек арбитражы құрылды. Байсаров мырза бұл тұста да жалған сөйлеп отыр. Еңбек арбитражында бір де бір жұмыс беруші болған жоқ. Осы арбитраж құрылғаннан кейін алғашқы отырысқа екі адамнан басқа барлығы келді. Соколова келіп, комиссияның құрамына өзін де қосуын талап етті. Бұл заңды тікелей бұзу деген сөз. Әрине, жұмыс беруші бұлай жасай алмады.

Олар жұмыс берушінің үстінен сотқа бере алар еді. Осы еңбек дауын жалғастыруға олардың басқа да мүмкіндігі көп болды. Оның орнына олар аштық жариялады.

Кәсіподақ төрағасының орынбасары Айдарбаев мырза бұл міндеттерді қалай атқарып жатқанын айтсыншы. Олар Қосархановты қайта сайлап алған болса, оның кәсіподақты басқаруға тиісті болғаны. Оның бітістіруге қатысты іс-шараларға ат салысуы қажет. Бәрінің себебі осында.

Заңды дұрыс-бұрыс түсінуге келер болсақ, жақсы білім алған, еңбек өтілі зор тәжірибелі заңгер басқа мемлекеттік органдардың, басқа заңгерлердің жұмысшыларға айтып жатқандарының бәрі жалған, ал өзінің айтқаны шындық деп тура айтып бақса, көкейде сұрақ туар еді: "ол неге бұлай жасайды, мұнысы жеке бас мүддесінен шығып отыр ма әлде бұл шынымен оның біліксіз заңгер екенін көрсетіп отыр ма?" Маған алғашқы нұсқам растау сияқты көрінеді. Оның үстіне Соколова ханымның өз жеке бас мүддесі болған – ол 1,7 және 1,8 коэффициенттеріне сәйкес тура осы талаптарға сүйене отырып, 86 миллион теңге мөлшеріндегі өтемақыны алмақ болған.

Жүргізуші:

– Айдарбаев мырза, Дорофеев мырзаның сұрағына жауап бере аласыз ба?

Асланбек Айдарбаев:

– 9-ы, 12-cі және 18-і күнгі жиналыстарымызды олар заңсыз деп есептейді. Ол кісінің не айтып отырғанын түсінбедім. Олар біздің кәсіподақтың жұмысына араласып отыр. «Мынаны қой, ананы қой!» дейді. Сондықтан да адамдар, жұмысшылар көшеге шықты – мәселелеріңді шешетін басқа жер жоқ. Қазіргі уақытта мені кабинетке кіргізбей жатыр, менің қолымда не мөр, не құжаттама – ештеңе жоқ. Заң бойынша, мені Қосархановтың орынбасары етіп сайлағандықтан, оны тайдырғанда, кәсіподақтың жаңа төрағасы сайланбақ уақытқа дейін мұның бәрі менің құзырыма өтуге тиісті еді. Бірақ бұлай болмады, мені кіргізбей жатыр.

Болат Атабаев:

– Сотты кім белгілейді? Президент. Яғни, сот о бастан тәуелді, біреудің қалтасында жүрген сот. Сондықтан соттар басқа шешім шығара алмайды, олар да қыспақта.

Дорофеев мырзаға сұрақ қойғым келеді: «Қаражанбасмұнайдың» басшылығы жұмысшылардың дұрыс жағдайда жұмыс жасағандарына мүдделі емес пе еді? Сізді тыңдап отырып, өздеріңіздің шатақтарыңыз арқылы жұмысшылардың арасында шу шығарып отырғаныңызды түсіндім. "70 пайызы кәсіподақтың басқа жетекшісін, ал 30 пайызы – наразыларды қолдайды-мыс" деп, санмен айла жасауға көшкен екенсіз.

Сондықтан да, Дорофеев мырза, – бұл сіздің сөзіңіз емес, сіз қарамағыңыздағы адамдардың не бастық шенеуніктеріңіздің сөзін сөйлеп отырсыз. Себебі кінәлі адам ғана ақталып сөйлейді – сіз қазір ақталып сөйлеп отырсыз. Сіз бұл мәселенің шешім табуына мүдделі емессіз. Тұйыққа тіреп отырсыз.
Болат Атабаев, театр режиссері. Алматы. 15 қараша 2010 жыл.


Қоғам енді түсіне бастады: билік пен «ҚазМұнайГаз» – бір нәрсе. Ереуілге шыққандар алаңда жай ғана үн-түнсіз тұрмайды, олар бір-бірімен сөйлесіп, әңгіме құрады. Олар "Мұнда не үшін тұрмыз, кім кінәлі, не істеуіміз керек?" деп, мәселенің төркінін іздейді. Олар ой түйе бастайды да, еңбек дауын пайдаланып, саяси бағытқа көшуіміз керек екен деген ойға тоқтайды. Міне, енді олар да саясиланып жатыр.

ЕРЕУІЛДІҢ САЯСИ СИПАТЫ

Жүргізуші:


– Маңғыстау облысындағы оқиғалар әрі қарай не болмақ, қалай өрбімек?

Болат Атабаев:

– Мен Жаңаөзен мен Ақтауда болдым. Мұнайшылармен кездестім. Жаңаөзендегілер тым батыл, білек сыбанып отыр. Олар ақырына дейін дегендерінен қайтпайды, талаптарын қанағаттандырмайынша күреседі. Маған Қаражанбастағы көпшілік ереуілді қолдайтындай көрінеді. Олар ойларынан бас тартар емес. Бірақ араларында Дорофеевтің ойын жақтайтындар да бар. Меніңше, онда бір шикілік бар.

Адамдар, аз болса да, не дегенмен шаршы топтың алдына шығып сөйлеуге талпынады: олар назарға ілініп, сөздеріне құлақ ассын дейді. Оларға сұрақ қойсаң болды, абдырап қалып, не айтарларын білмей, телефон соға бастайды. Бұл олардың шетте тұрған адамдармен ақылдасатынын білдіреді. Сол себепті менің алдын-ала болжағаным қиынға соғады, бірақ мұнайшылар қазір саясиланып жатыр деп ойлаймын. Бұл - бір сенімді, дұрыс қадам, себебі билікті осы мәселені шешуге мәжбүрлеу керек. Саясиландыру - дәл табылған амал, себебі жақын арада сайлау болады.

Мұнайшылардың осы мәселелерін шешуге биліктің өзі мүдделі болуы керек. Олар одан зорғыны талап етпей тұрғанда, билік олардың талаптарын қанағаттандыруы керек. Мен олардың мақсаттарына жеткендерін, мұнайшылардың лайықты еңбекақы алғандарын қалаймын.

СОКОЛОВАНЫҢ ҮЛГІСІНЕ КЕРЕҒАР

Михаил Дорофеев:


– Біз түсіндіріп жатырмыз. Заңда шын мәнінде не деп жазылғанын, олардың адасқан тұстарын айтып жатырмыз, өзіміздің ұстанымымызды түсіндіріп беруге тырысып жатырмыз. Ал біздің ұстанымымыз қарапайым ғана – заң талабына сай бәрін төлейміз. Жаңаөзендегі орташа еңбекақы - еш салықсыз, таза қолға санап бергенде 300 мың теңге. Әрине, барлығы да қызметкердің біліктілік дәрежесіне, категориясына байланысты.

Ал Атабаев мырза айтып отырған еңбекақылар, оны нақты әрбір адам басына қарай шамалау керек - қай айға және басқасы бар. Біз айла-амалға көп тап болып отырдық – мәселен, адамдар, жарты ай жұмыс істемеген мамырды көрсетеді.

Қаражанбастағы жағдай біршама басқаша. Ол жердегі еңбекақы аздау, «Қаражанбасмұнайдағы» орташа еңбекақы – 250 мың теңге.

Жағдай еш өзгермейді, себебі біреулердің әр қалай қоздырмақшы болғанына қарамастан, жағдайдың басылып келе жатқанына көп болды.

Біз жұмыстан шығарғандардың үлкен көпшілігі бұл ереуілге шыққандарына өкінді. Сондықтан қазір жұмысқа шығып жатқандардың саны көбейіп келеді.

Мен сіздерге Қаражанбастағы өндіріс ешуақытта тоқтап қалған емес деймін. Сол себепті «Қаражанбасмұнайдағы» адамдардың көбі ереуіл жасап жатыр деу – жалған. Ешқашан тоқтаған емес! Оның үстіне, тәуліктік өндіріс жоспардағыдай деңгейде қалуда. Ұжымның 70 пайызы жұмысқа шығып жатыр, жоспарды орындап жатқан - солар. Біз жұмыстан босатқандардың орнына, жұмыссыздықтың артуына себепші болмайық деп, адамдарды дәл сол кенттерден, дәл сол ауылдардан, дәл сол аудандардан, аты аталған Жаңаөзен қаласынан алып жатырмыз.

Оның үстіне айтайын, оппозиционерлер аз, болмашы деп отырған еңбекақыларға бола жұмысқа көптеген адамдар келіп орналаспақшы.

Ол арада ешқандай шикілік жоқ. Шын мәнісінде Қаражанбаста ішінара алауыздық бұрыннан бар: адамдардың бір бөлігі Соколованың соңынан ерді, бір бөлігі еліккен жоқ. Қаражанбаста тіпті бірден екі тосын жағдай болды: бір топ Қосарханов кетіп, мөрді өткізсін деген еді, – екіншісі оның қалғанын қолдады. Біз онда ештеңе бүлдіріп жатқан жоқпыз.

Егер онда екі кәсіподақ болса, екеуімен жұмыс жасармыз, үшеу болса – үшеуімен, он бес болса – он бесімен. Бірақ олар ресми танылып, оларға ұйымның еңбек ұжымы немесе оның бір бөлігі құзыр берген болуы тиіс. Біз келіссөз жүргізуге, мәселені біржақты қылуға жол табуға дайынбыз, бірақ та жүмысшылар қорқытып, ереуілге шығамыз деп бопсалауларын қоймайынша, ешқандай келіссөз жасай алмаймыз. Жұмысқа шығу керек. Біз талқыға салып, ақылдасуға даярмыз.

Соколова мен оның сөзін тыңдаған жұмысшылар елестететін үлгі бойынша жауыр болған 1,7 мен 1,8 коэффициенттерін қолдана отырып, еңбекақыны үш не одан да көп есе өсіру туралы заңға қайшы мәселелерді біз қарастыра алмаймыз.

«БАРЛЫҒЫ ДА ҰТЫЛЫП ОТЫР»

Ғалым Ағелеуов:


– Меніңше, барлығы ұтылып отыр. Айтылған зардаптың жиыны миллиард теңгеге жуық не одан да көп болғандықтан, жұмыс беруші ұтылып отыр. Жұмыс істемей, осы жағдайларда аман қалуға, өздерінің құқықтарын дәлелдеуге және еңбек дауын шешуге тырысып жатқандықтан, ереуілге шыққандар ұтылды. Қоғам да ұтылды.

Не дегенмен жұмыс беруші бастаманы өзі жасауы керек. Бұл арада ол келісімге келіп, қайтып оралғандардың бәрі жұмыс істеп, еңбек дауы өз деңгейінде шешімін табады деп айтуы керек. Кәсіподақ қозғалысы дербес әрі шынымен тәуелсіз болуға тиісті. Осылайша, жұмыс беруші былай деуге тиісті: «Өздеріңнің кәсіподақтарыңды қалыптастырыңдар, оларың дербес те тәуелсіз болсын, өздерінің жетекшілерін өздері таңдасын. Сонда біз, компания, олардың талаптарын құрметтейміз әрі әр кез сайын бітім жасаушы комиссиялар мен еңбек арбитражы арқылы барлық мәселені шешіп отырамыз».

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, Азаттық радиосы дөңгелек үстелге қатысқандарыңызға алғыс айтады.
XS
SM
MD
LG